Басты бетҚоғамҚайрат Сатыбалдыұлының...

Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы ұсталды

Гүлмира Сатыбалдының үстінен «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу» күдігі бойынша тергеу басталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 16 наурызда Гүлмира Сатыбалды ұсталып, Нұр-Сұлтан уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген Антикор таратқан хабарламада.

Еске салайық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлын 13 наурызда ұстады. 15 наурызда тергеу соты Қайрат Сатыбалдыұлын екі айға қамаған. Ол «Қазақтелеком» компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.

Қайрат Сатыбалдыұлы — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған. Азаттықтың жазуынша, ол «Kaspi.kz» АҚ негізгі акционерлерінің бірі болған (30%), Alatau Capital Invest арқылы «Қазақтелекомда» үлесі бар.