Басты бетҚоғамҚазақстанда пайдалы...

Қазақстанда пайдалы қазбалар өндірісіне салық 3 есе көбейеді

Бүгін, 3 наурызда реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында үш мәселе қаралды. Олар: мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту, инвестициялық саясатты жетілдіру, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау.

Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту жөніндегі бірінші мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетке түсетін қосымша кірістерді қамтамасыз ету мақсатымен қатты пайдалы қазбалардың үш түріне салынатын пайдалы қазбалар өндірісі салығының мөлшерлемесін орташа есеппен 3 есе өсіру ұсынылады. Бұл бюджетке түсетін кірісті 300 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

Министр капиталды сыртқа шығаруға жол бермеу, шетелдік компаниялардың табысына және цифрлық майнингке салық салу шараларын енгізуді ұсынды. Бұған қоса, мемлекеттік бюджетке түсетін  қосымша кірістер трансферттік баға белгілеуді қадағалау шараларын, кеден мен салық бақылауын күшейтуді қамтамасыз етуге бағытталған.