АҚШ Путин мен Лавровқа, Шойгу мен Герасимовке санкция салды

Санкция тізіміне Ресей басшысы Владимир Путин енді. Бұған қоса, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, қорғаныс министрі Сергей Шойгу, бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовке де санкция салынды. Шектеу шаралары олардың активтерін бұғаттап, АҚШ-қа кіруіне тыйым салады.

Еуроодақ та Путин мен Лавровты санкция тізіміне енгізген, бірақ онда мәселе тек активтерді бұғаттауда ғана болып отыр. Одақ аумағына кіруге немесе шығуға тыйым салынбаған. ЕО сонымен бірге Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, елдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев, премьер-министр Михаил Мишустин, ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, президенттің экология мәселелері жөніндегі арнайы уәкілі Сергей Ивановке де санкция салған.

Бұған қоса, Ресейдің қаржы секторына қосымша шектеу қойылды, Ресейге мұнай өңдеу, ұшақ және әуе техникасына арналған жабдықтарды экспорттауға тыйым салынды, санкцияға ірі ресейлік кешендер ілінді. Бұған қоса, бірқатар категорияға кіретін Ресей азаматтарына жеңілдетілген жағдайда виза берілмейтін болды, бірақ Ресей азаматтарына виза беруге тыйым салынған жоқ.

Путинге Ұлыбритания мен Канада да жеке санкция салды.