Басты бетЖаңалықтарМұхтар Тілеуберді:...

Мұхтар Тілеуберді: Қазақстан Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесін көтермейді

Өздеріңіз білесіздер, Ресей президенті Донецк пен Луганск халық республикаларын мойындау туралы шешім қабылдады. Сондықтан, қазіргі жағдай күрделі, шиеленісіп бара жатыр. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр, — деді министр.

Осы ретте ол Ресей президентінің Донецк пен Луганскіні мойындау туралы жарлығына қатысты Қазақстанның ресми ұстанымы әзірленіп жатқанын айтты.

Таяу сағаттың ішінде Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Қазақстанның ресми ұстанымын қабылдаймыз. Бірақ Қазақстанның Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесі көтеріліп отырмағандығына сендіргім келеді. Біз халықаралық құқық негіздерін және БҰҰ жарғысының негізгі ұстанымдарын ұстанамыз. Қазір ахуал нашарлап, шиеленіс күшейіп бара жатқаны түсінікті. Сондықтан Қазақстан барлық халықаралық қоғамдастықты шиеліністі шешуде дипломатиялық күш-жігерді қолдануға шақырады, — деді Мұхтар Тілеуберді.

Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтарына үндеу жасап, Луганск пен Донецк халық республикаларының егемендігін тану туралы шешім қабылдады. Үндеуден кейін Владимир Путин Кремльде ЛХР мен ДХР-ды тану туралы жарлықтарға қол қойған болатын.