Қазақстанда үш университет сот шешімімен жабылды

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, кейінгі жылдары аталған жоғары оқу орындары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрінген. Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмады.

Мысалы, Орталық Азия университеті рейтингіге 2019 жылы 36, 2020 жылы 37, 2021 жылы 11 білім беру бағдарламасы бойынша қатысты. Бағдарламаның көпшілігі бойынша түлектердің аздығына байланысты нәтиже көрсете алмады. Жабылған жоғары оқу орындары сапаны жақсарту бағытында жұмыс істемеген, білім беру бағдарламаларына инвестиция салмады, практик-мамандарды қызметке тартпады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, білім беру бағдарламалары бойынша рейтингі төмен жоғары оқу орындары қауіпті аймаққа түсетін университеттермен өзара байланысты болады. Нәтижесінде аутсайдер жоғары оқу орындары лицензиясынан айырылып, білім беру қызметін тоқтатты, – деді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Дәл осындай жағдай «Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде де болған. Бұл жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 70-75%-і сапасы бойынша талаптарға және жұмыс берушілердің сұранысына сай болмады.

Сонымен қатар қазір басқа жоғары оқу орындарын тексеру нәтижелері бойынша сот процестері жүріп жатыр. Академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінде педагогикалық және техникалық бағыт бойынша кадр даярлау жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Кадр даярлау сапасын жақсарту — маңызды мәселе. Егер бүгін университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең біз білімі мен білігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлаймыз. Біз жоғары оқу орындарына олқылықтардың орнын толтыруға уақыт береміз, алайда олар түзетуге асықпайды. Осыған байланысты біз қатаң шара қолданамыз. Жоғары оқу орындары оқыту жағдайын, білім беру бағдарламаларын, сонымен қатар студенттердің түрлі мамандықты меңгеру дағдыларын жақсартуға жағдай жасауға тиіс. Олай болмаса, жоғары оқу орындары дипломдарды сапалы білім бермей-ақ үлестіреді, – деді Гүлзат Көбенова.

Білім және ғылым министрлігі талапкерлерге, студенттерге және олардың ата-аналарына университет таңдаған кезде сапаға назар аудару қажет екенін еске салады. ЖОО рейтингінің нәтижелерін министрліктің және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ресми сайттарынан білуге болады.