Қызметкер денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаса, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге тиіс. Бұл кезде жұмыс беруші қызметкеріне белгілі бір сомада жәрдемақы төлеуге міндетті болады. Бұл қалай есептеледі? Еңбекке жарамсыздық парағы үшін ақша төленбейтін жағдайлар бола ма? Осы жөнінде заңгерден, бухгалтерден және дәрігерден сұрадық.

Еңбек кодексінің 133-бабы бойынша қызметкерге еңбекке жарамсыздық парағы бойынша әлеуметтік жәрдемақы жұмыс беруші өз қаражатынан төлейді. Әлеуметтік жәрдемақыны төлеу сомасының жоғарғы шегі айына 15 айлық есептік көрсеткіштен аспайды (45 945 теңге). Бұл шектеу 2016 жылы 1 қаңтардан бастап белгіленген және бүгінге дейін өзгермеді.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әр қызметкер мен жұмыс берушінің заңды мүддесі тең қорғалатынын айтты. Оның сөзінше, Еңбек кодексінің 54-бабы бойынша жұмыс беруші қызметкер еңбекке уақытша қабілетсіз болса немесе еңбек демалысына шыққан кезде өз бетінше еңбек шартын бұза алмайды.

Азаматтар салық төлеуден бас тартып, қолма-қол ақша алғысы келеді. Еңбек шартын жасамаған қызметкерге еңбекке жарамсыздық демалысы төленбейді. Азаматтардың көбі осы екі нәрсені ажырата алмайды, соңында проблема болады. Еңбек шарты жасалса, қызметкер 2 айға дейін денсаулығына байланысты демалысқа шыға алады. Қызметкердің орташа айлық көрсеткішіне байланысты 15 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жәрдемақы төленеді. Ешқандай проблема болмауы үшін азаматтар әрқашан құқық жағынан сауатты болуы керек, − дейді Нұрсұлтан Орынбеков.

Нұрсұлтан Орынбеков. Фото жеке архивінен

Заңгер жұмысшының құқығы бұзылса, онда еOtinish.kz сайтына жүгіне алатынын ескертті.

Еңбек шарты болса да, қызметкерге ешқандай жәрдемақы төленбесе, жұмыс беруші заң бұзып отырған болып есептеледі. Сол кезде қызметкер еңбек инспекциясына, сонымен бірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арыз-шағым түсіре алады, − дейді ол.

Жұмысшы қолданбада өзіне керек мекемені, яғни еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін таңдап, арыз-шағымын жазады. Ең бастысы, шағымданушы нақты фактілерді көрсетуі қажет. Азаматтың өтініші қарастырылған кейін министрлік тиісті мекемеге хат жолдап, сол жерден түсініктеме алады.

Жұмыс беруші қызметкерінің 20 күннен астам еңбекке жарамсыз болғанын ескеріп, заң бойынша еңбек шартын бұза алады. Алайда қызметкерге 6 ай көлемінде өтемақы төленуі керек. Бұл еңбекке жарамсыздық парағы болмаса да, берілуі қажет. Кей жағдайда қызметкерге бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Алайда мұндай көмекті кей компанияның беруге құлқы жоқ, − дейді Нұрсұлтан Орынбеков.

Еңбекке жарамсыздық парағына төленетін ақша қалай есептеледі?

Айгүл есімді (тегін көрсетпеуді өтінді) бухгалтер жәрдемақы мөлшері қызметкердің бір күндік орташа ақысын еңбекке жарамсыз болған күндеріне көбейту арқылы есептелетінін айтты.

Қызметкердің жалақысы 150 мың теңге делік, сол кезде оның оның бір жылдық табысы 1 800 000 теңге болады. Бір жылдағы жұмыс күнінің жалпы саны (аптасына бес күн болған кезде) – 246. Қызметкер бір жыл бойы ешқандай демалыс алмаса, оның бір күндік орташа ақысы – 7 317,07 теңге (1 800 000 теңге/246= 7 317,07). Жұмысшы 5 күнге еңбекке жарамсыздық парағын алды делік. Мысалы, 21-25 ақпан аралығы бойынша 7 317*5 күн = 36 585 теңге. Ал алты күндік жұмыс болса 1 800 000 теңгені 298 күнге бөлеміз, сонда бір күндік орташа ақы 6 040 теңге болады. Енді еңбекке жарамсыз болған 6 күн үшін төленетін ақшаны есептеу үшін мына формуланы қолданамыз: 6 040 теңге*6 күн = 36 240 теңге. Тағы бір ескеретін жайт, кейбір ұйымда бұл сомадан зейнетақы жарнасы мен жеке табыс салығы шегеріледі, – дейді бухгалтер.

ақша
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бухгалтердің сөзінше, «Еңбекке қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес еңбекке жарамсыздық парағына төленетін жәрдемақы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауға тиіс. 2022 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша айлық есептік көрсеткіш – 3 063 теңге). Осылайша, қызметкер 10 күн немесе одан да көп уақыт бойы еңбекке жарамсыз болса да, оған 45 945 теңгеден көп ақша берілмейді.

Мәселен, еңбекке жарамсыздық парағын сенбі күні рәсімдесеңіз, демалыс күніне ақы төленбейді, мұндайда жәрдемақы тек дүйсенбі күні үшін ғана есептеледі (Әдет құжат үш күнге ашылады). Құжат Жаңа жыл немесе басқа да мейрам күндеріне тура келсе, жұмыс беруші бұл күндер үшін де жәрдемақы төлемейді. Осы себепті  бірнеше мейрам-демалыс күндері бар желтоқсан, наурыз және мамыр айларында еңбек демалысын алу тиімсіз, − дейді бухгалтер.

Қандай жағдайда ақша төленбейді?

Заңгер мұның бәрі Еңбек кодексінің 133-бабының 4-бөлігінде көрсетілгенін айтты.

Ол жағдайлар мыналар: бірінші — қызметкер өзі қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде өндірістік жарақат алса, екінші — жұмысшы сот шешімімен мәжбүрлеп емделуге жіберілсе, үшіншіден, қызметкер қамауда болса немесе сот-медициналық сараптамалар өткізуге жіберілсе, ол еңбекке жарамсыздық парағын алса да, оған ешқандай ақша төленбейді. Төртінші — қызметкер алкоголь, есірткі пайдалануы салдарынан науқастанып қалса және бесінші жағдайда жыл сайынғы демалыс ақысы төленетін кезде еңбекке жарамсыздық парағын алса, ол күндер үшін ешқандай жәрдемақы қарастырылмайды, − дейді заңгер.

Еңбекке жарамсыздық парағы
Фото: Еgov.kz

Құжат мерзімін қалай создыруға болады?

Терапевт Ғалия Хасанова еңбекке жарамсыздық парағы көп дегенде 20 күнге берілетінін ескертті. Одан көп уақытқа тек дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы бойынша ұзартуға болады.

Құжатты ең бірінші қаралған медицина ұйымынан ғана создыруға болады. Науқас шетелде емделуге жіберілсе, ол жақтан келгеннен кейін еңбекке жарамсыздығы туралы парақ пен анықтаманы дәрігерлік-консультациялық комиссиясы рәсімдейді. Ол үшін басқа елдің дәрігерлері берген құжаттарды қоса тапсыруы керек. Қазақстанның басқа қалаларына, бұған қоса, шетелге емделуге баратын жолға кететін күндерге де еңбекке жарамсыздық парағы есептеледі. Құжатты комиссия қорытындысы бойынша емделуге жіберіп отырған  мекеме рәсімдейді. Жолға берілетін уақыттың ең ұзақ мерзімі – бес күнтізбелік күн, – дейді терапевт.

Ғалия Хасанова еңбекке жарамсыздық парағы тек қаржылық құжат ретінде қарастырылмауын және денсаулық сақтау жүйесінде ескерілуі керек екенін жеткізді.

Еңбекке жарамсыздық парағы тіркеу журналына енгізіледі. Онда оның нөмірін, науқастың медициналық құжаттамасында белгіленген күнді көрсетеміз. Сонымен бірге медицина құжаттары бойынша төлқұжат деректері толтырылады: аты-жөні, туған жылы, мекенжайы, жұмыс орны, шығарылған күні және еңбекке жарамсыздық парағын ұзарту күні, құжатты берген дәрігердің аты-жөні, − дейді терапевт.

Терапевт Ғалия Хасанова науқастарға әрқашан өз бетінше емделмеу керек екенін айтады. Алайда оны ескермейтіндер бар.

Ауру белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігерге жүгініңіз. Науқастар көбіне дәріханалардағы емделу бөлмелеріне барады немесе өз бетінше үйде емделеді. Глюкоза қабылдап жатады. Бұдан өкпеге су жиналып, ахуалы одан сайын қиындайды. Ал қант диабеті бар науқастарға глюкоза алуға тыйым салынған, – дейді терапевт Ғалия Хасанова.