Бұл туралы білім және ғылым минстрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында жазды.
2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлекті тесттілеуден өткіздік. Тестілеу пилотты түрде өтті. Бірақ енді жаңа ережелерді қабылдағаннан кейін, биылдан бастап түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық жоғары білімі туралы дипломының болуы жеткіліксіз. Енді қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» білігін алуға міндетті. Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады, — деді министр.
Оның сөзінше, жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды.
Болашақ педагогтарды алғаш рет тестілеу көп жоғары оқу орны үшін үлкен сынақ болды. Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан түлектердің 46%-і ғана қажетті балл жинай алғанын айта кеткен жөн. Бұл — тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы ғана. Ақпарат ретінде айта кетейін, жыл сайын білім беру ұйымдарына 12-14 мыңға жуық педагог жұмысқа орналасады. Яғни, бұл шара мұғалім тапшылығына айтарлықтай әсер етпейді,-деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұрын ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 55-60 болып, тиісті балл жинай алмау мәселесі өзекті болған еді. Ал қазір оқуға түсушілердің орташа балы айтарлықтай өсіп, 96-ға жетті.
Үздік түлектер мен «Алтын белгі» иегерлерінің саны да шамамен екі есе өсті. Педагогикалық бағыттағы мамандықтарға түсу үшін ҰБТ-ның ең жоғары шекті балын қойғанымызға қарамастан, осындай көрсеткішке жетіп отырмыз, -дейді білім және ғылым министрі.