«Өз геройымды таптым!»

«Мұқағали» қойылымы — ақын Серік Тұрғынбекұлының драматургиядағы алғашқы еңбегі. Өзі театрға жиі келетін. Мені түрлі қойылымнан көріп жүріп «Өз геройымды таптым!» деген екен. Пьесасын театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке көрсетіп, ол кісі мақұлдапты. «Кел енді актерларды  таңдайық» деп фотоальбомды ашып жатқанда Серік аға «Жоқ ешкімді іздемей-ақ, бұл ролді Жанқалдыбекке тапсырайық. Өзінің түр-тұлғасы, бітім-болмысы жақсы келеді» депті. 2003 жылғы көктемде «Мұқағали» қойылымының премьерасы өтті. Қазір, міне, сахнада қойылып келе жатқанына 18 жыл болды. Мұқағали Мақатаевтің көзін көрген, поэзиясымен жақсы таныс бір топ зиялы қауым өкілі мен көрермендер көңілінен шықтық деп ойлаймын. Әлі де тынымсыз ізденістеміз.

Ең қызығы, Серік аға әуеліде бұл қойылымды Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры ұсынбақ болыпты. Ол Қалибек Қуанышбаев театрынан өз «Мұқағалиін» тапса керек, қойылым біздің ұжымға бұйырды. Ақын ағамыздан «Сіз неге Мұқағали туралы жаздыңыз?» деп сұрадым. «Мұқаңның жанында жүрдім, дәмдес болдым. Енді сол кісі жайлы жазу, келешек ұрпаққа ақынның шығармашылығын баяндау міндетім сияқты болып көрінді» деп жауап берді.

«Мұқағали» қойылымы. Фото: Қалибек Қуанышбаев театрының баспасөз қызметі

«Жан, кейін осы «Мұқағали» спектаклі сенің бақытың болады»

Бұл пьеса көп жылдан бері режиссердың, әріптестеріміздің көп еңбегінің арқасында репертуарымыздан түспей келе жатыр. Еліміздің қай өңіріне гастроль сапарымен барсақ та, көрермендер жақсы қабылдап, ерекше көңіл-күйде болады, өнер ұжымына алғысын айтады. Мұқағали сияқты мұндай ерекше роль, шынымен, актердың бақыты ғой. Әрі екінің біріне беріле бермейтін бақыт дер едім. Актерға бір образы, ролі дараланып тұрады. Мені ерекшелеп тұратын, бағымды ашқан Мұқағали бейнесі деп ойлаймын. Алайда Мұқағали болып, поэзияға жақын боламын деп бұрын еш ойлаған жоқ едім. Үш ұйықтасам да, түсіме де кірмеген. Алғашқы кезде ақын образына кіруге жүрексініп, қиналдым. Серік ағамыз дайындық кезінде «Әй, Жан, кейін осы «Мұқағали» спектаклі бақытың болады» деп айтатын. Актерларға әр образға дайындалуға бір немесе бір жарым ай уақыт беріледі. Мен де Мұқағали роліне бір ай бойы дайындалдым. Ақын өлеңдерінің көбін жаттап, поэзияға үңілуге тырыстым. Алайда Мұқағалидың кейпіне ену өте қиынға соқты. Поэзияны түсіну деген өте қиын ғой. Мұқағали Мақатаевтың:

«Жапырақ, жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын,
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын!» деген өлеңін түсінбей көп қиналдым.

Бір жағынан қоюшы режиссерда рольге сіңісе алмай жатқанымды айтып, мені одан әрі қайрай түсті. Сол уақытта астанадағы Абылайхан көшесінің бойында тұратынмын. Аллеямен келе жатып, үй жақтағы өсіп тұрған қайыңдардың маңайына бардым. Жапырағын қарасам, расымен, жүрек сияқты. Ортасынан бір күре тамырмен бөлініп, ұсақ-ұсақ тамырлармен тарамыс-тарамыс болып кеткен екен. Шынымды айтсам, ауылымда қайыңдар өспегеннен кейін бе, оған дейін бұл жайында ойланып көрмеппін. Қайыңның суық пен ыстыққа, боран мен жаңбырға көндіккенін көріп, адам да сондай жаратылыс екенін ұғындым. Ақ қайыңда да бір жүрек болса, адамда да сол бір жүрек. Осылайша, көп ізденудің арқасында табиғатпен үндестік тапқан ақынның жүрегіне бойладым. Жарып шыққан өлеңдері арқылы әр қойылымды зерделі оймен терең түйсіне бастадым.

«Мені Мұқағалимен екінші рет қауыштырдың»

Мұқағали — оң жамбасыма келген қойылымдардың бірі. Спектакльді ойнаған сайын жеткізуім, көңіл-күйім құбылып тұрады. Оған театрға жиі келетін көрерменнің сөзі дәлел бола алады. Ол «Сіз бүгін Мұқағалиды басқаша ойнадыңыз», «Әр жолы өлеңдерін, сөздерін әртүрлі оқисыз» деді. Мен ақынның өлеңдерін әдейі бұлай оқымайтынымды айттым. Сахнада кейбір нәрселер өз-өзінен туа бітеді, құбыла түседі.

Пьесаны алғаш қойғаннан кейін Қостанайға гастроль сапарымен бардық. Театрда «Мұқағали» қойылымын 10 күн қатарынан қойдық. Күнде кешке көрермендерге осы спектакльді ойнап беретінбіз. Кешкі қойылымда халық лық толып отыратын. Әйтпесе, ол кезде Қостанай «орыстанып» кеткен еді. Содан бір күні қойылым кезінде жүрегім өздігінен тарсылдап, көңілім босап кетті. Ол уақытта қойылымның екінші сахнасы еді.

Сөйтіп, «Жол қайда ақиқатқа апаратын?
Ел қайда ақиқат деп аталатын?
Айлакер, арамзалар, алаяқтар,
Аяғы көктен келіп, маталатын?» деген өлеңді ашу-ызамен, толғаныспен оқыдым.

Көзімнен жас ағыл-тегіл ағып, жылап шықтым. Өзімді сонда да тежеуге тырыстым. Болмады. Бір сәтте өлеңді де оқып болдым, көрермендер де тым-тырыс. Бір кезде көрермендер толассыз қошемет жасады. Спектакль біткеннен кейін сол театрдың режиссеры бет әрлейтін бөлмеге келіп «Жанқалдыбек, бауырым, сенімен танысайын деп едім. Айналайын, бауырым, өнеріңе рақмет! Сенен бірдеңе сұрайыншы, жаңа өлең оқығанда сахнаға жылап шықтың ғой. Сен оны қайдан алдың? Біреу солай айтты ма?» деді. Мен ол кісіге «Жоқ… Кешіріңізші. Мен оны ешқайдан алған жоқпын. Бүгін сахнаға шыққан кезде осылай көңіл-күйім құбылып шыға келді. Бұған дейін менде мұндай толғаныс болмаған» деп жауап бердім. Сөйтіп режиссер «Балам, көп рақмет! Өркенің өссін! Сен мені жастық шақ, студенттік күніме апардың. Мені Мұқағалимен екінші рет қауыштырдың» деп алғысын айты.

Мен де қоймаймын. «Қалайша?!» деп сұрақ қойдым. Режиссер ағамыз «Мен ол кезде консерватория студенті едім. Панфилов көшесімен Мұқағали ағамыз театрға қарай бара жатыр екен. Бұтында «трико», үстінде футболкасы бар. Көзі жасқа толып кеткен. «Не болып қалды, аға?» дедім. Мұқағали «Бауырым, жүрші, ішімдегі алай-дүлейді бір өзіңе айтайын» деп ағынан жарылды» деді. Қорыта келе, Мұқағали жай ақын емес, арқасы бар ақын екенін түсіндім.

Жанқалдыбек Төленбаев. Фото: Қалибек Қуанышбаев театрының баспасөз қызметі

«Мұқағали» фильміне басқа актерды бекітті»

«Мұқағали» фильмін асыға күттім. Себебі бұл фильмге бір жыл дайындалдым, бірақ түспедім. Болат Қалымбетовтің мені бірталай уақыт дайындап, кейін басқа актерды бекіткені көңілімді көншітпеді. Тағдыр атты кемеде әр адамның сүрлеуі, соқтықпалы-соқпақты жолы болатынын түсіндім. Дегенмен көптің көкейінде «Мұқағалиға» неге Жанқалдыбек Төленбаев түспеді?» деген сұрақ жүр. Біріне жауап берсем, екіншісіне жауап қайтармаймын. Режиссердың ішкі жан дүниесіне кіріп шықпадым, сол себепті оның не ойлағынан білмеймін. Әлдекім өз адамын ұсынған шығар, бәлкім?! Мұқағали Мақатаев күнделігіне былай жазған: «Мен үшін дүниенің қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім». Менің де бойымнан көңілшектік, сенгіштік, ашушаңдық табылады.

"Мұқағали" қойылымы. Жанқалдыбек Төленбаев
«Мұқағали» қойылымы. Басты рольде Жанқалдыбек Төленбаев. Фото: Қалибек Қуанышбаев театрының баспасөз қызметі

«Мұқағалидің жаны таза, әділ адам»

Қойылымға оралсақ, Мұқағали бейнесі арқылы сол заман, қоғам мұңын көрсетуді мақсатымыз болды. Бір-бірін көре алмайтын, әлі күнге дейін бойынан қызғаныш сезімі арылмаған замандастарымызға ой салуға, шын дарынды бағалауға, өнердің киесін түсіндіруге еңбек етіп, күш жұмсадық деп ойлаймын. Оны ақынның шынайы сезіммен өрілетін өлеңдерімен жеткізуге тырыстық. Ақиық ақынның әр өлеңі басқасынан өзгерек. Соның ішінде әр кезде, әр жерде оқып жүретін «Сәби өсіп келеді» деген өлеңі бар.

«Түнге қарай түйсік салып түрткілейді үрейім,
Таң атқанша не болады, оны қайдан білейін?
Бүкіл адам баласына тек жақсылық тілейін,
Ортасында солардың  ойнап-күліп жүрейін,
…Үрейменен өтеді ылғи тұнжыраған түндерім.
Сол сәбиді әлдилеген адамзатпен біргемін.
Қарғыс атсын!
Атсын қарғыс!
Түнге айналып күндері,
Сол сәбиді ұйқысынан шошытса егер,
Кімде-кім!» деп жан толғанысынн өлең жолдары арқылы жеткізеді. Ақынның өлеңдері өзі сияқты шындықты айтады. Сондықтан Мұқағалидың жаны таза, әділ адам дер едім.