Президент: Қауіпсіздікке жауапты барлық құрылым жұмысын өзгертуі керек

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазіргі уақытта елдегі ахуал толығымен тұрақталды және құқықтық тәртіп қайта қалпына келді. Тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің қорғалу деңгейін арттыру үшін барлық шара қабылданып жатыр.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент барлық мемлекеттік орган өткен оқиғадан сабақ алуға тиіс екенін айтты. Жаңғыртылған ұлттық қауіпсіздік жүйесі сын-қатердің кез келген қиындығына төтеп беруге дайын болуы қажет.

Бұдан былай қылмыстық топтар мен террористер қалаларымызды басып алып, азаматтар мен олардың отбасының бейбіт өміріне қол сұғып, мемлекеттілігімізге қауіп төндірмеуі үшін шаралар қабылдауға міндеттіміз. Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру ісінің мақсаты да осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қауіпсіздік кеңесінің басшысы қауіпсіздікке жауап беретін барлық құрылым өз жұмысын өзгертуі керек екенін айтты. Бұл ретте олардың өзара іс-қимылдары барынша теңгерімді болуға тиіс.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздіктің барлық бағытын нығайту жөніндегі нақты шараларды кешіктірмей жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Қауіпсіздік кеңесі отырысының барысында ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалауға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.