Resin art деген не?
Resin art — эпоксид шайырын (смола) қолданып, түрлі бұйым жасау өнері. Шайыр екі компоненттен тұрады: шайырдың өзі және қатайтқыш. Екеуі химия реакциясына түскеннен кейін шайыр сұйықтан қатты күйге айналады. Осы процесс кезіндегі эпоксид шайырынан түрлі формада әртүрлі картина, ыдыс-аяқ, сағат, үстел және тағы басқа бұйым жасауға болады. Шебер қиялына ерік беріп, әртүрлі зат ойлап таба алады. Дегенмен бір ескеретін жайт: шайыр қатып қалған соң оны өзгерту, онымен қайта жұмыс істеу мүмкін емес.
Өңделмеген шайырды қолдануға болмайды.
Батыс елдерінде resin art-тың қалыптасқанына 20 жылдай болды. Ал Ресей халқы 5-6 жылдан бері бұл смола түрін өнерде пайдаланып жүр. Қазақстанға resin art шамамен 2 жыл бұрын келді.
Негізгі мамандығым — дизайнер. Қазір декреттік демалыстамын. Үйде бос отырғым келмеді, оның үстіне, шығармашыл адам болған соң жаңа дүниелерді іздейтінмін. Сөйтіп жүргенде әлеуметтік желілерден resin art туралы біліп, түрлі шетел курсына қатысып үйрендім. Қазір сүйіп айналысатын ісіме айналды.
Resin art қарапайым заттан өнер туындысын жасауға, одан ләззат алуға, қиялға ерік беруге мүмкіндік береді. Себебі адамға шайыр мен қатайтқышты қолдану әдісін білсе, жеткілікті. Басқа ешқандай шектеу жоқ. Бұйым түрі, оның түсі, формасы, 3D жасау, каллиграфия пайдалану, яғни техникасын ойлап табу — өз еркінде. Мысалы, бүгінде мұхит, теңізді бейнелеу техникасымен көбі шұғылданады, бірақ әр шебердің жұмысы әртүрлі. Бірінің толқыны ерекше, енді біріндегі су тіршілік иелері көздің жауын алады.
Кез келген өнер түрі терапия сияқты. Мысалы, психологтар fluid art, акрил бояуларымен картина салу техникасы арқылы бала психологиясын зерттей алады екен. Баланың таңдаған түсі, оның мінезін сипаттауға көмектеседі. Resin art та адам жанына тыныштық сыйлай алады. Мұнымен айналысып жатқан кезде адам еркін болады, ішіндегі бар сезімін шығармашылығында бейнелеуге мүмкіндік береді.
Шайырмен жұмыс істеу қауіпті емес пе?
Эпоксид шайыры қатты күйінде зиян емес, бірақ сұйық кезінде қауіпті болуы ықтимал. Өйткені қатайтқыш пен шайыр химия реакциясына түскенде одан зиян заттар бөлінеді. Олар көзге көрінбейді, бірақ ағзаңызға кесірін тигізуі әбден мүмкін. Сол себепті жұмысқа кіріспес бұрын міндетті түрде сырлаушы (маляр) маскасын тағу қажет. Кәдімгі медицина маскасы жарамайды. Кейін алжапқыш, қолыңызға медицина қолғабын киюіңізге болады.
Кез келген адам resin art-пен шұғылдана ала ма?
Жүкті әйелдердің, 16-18 жасқа толмаған балалардың бұл шығармашылық түрімен айналысуына болмайды. Жоғарыда оның зиян тұстарын атап өттік. Қалған ынтасы бар кез келген адам resin art-ты үйрене алады. Ол үшін диплом, арнайы білімнің қажеті жоқ.
Дегенмен білімнің ешқашан артық етпейтіні рас екен. Дизайн саласында 11 жыл тәжірибем бар. Соның арқасында түс таңдау, оны үйлестіру, әр детальға мән беру жағынан аса қиналмаймын. Тапсырыс берушімен де жұмыс істеу оңай.
Resin art-пен айналысатын адамға өте ұқыпты әрі тиянақты болу қажет. Шашы жинақы, айналасы, үсті-басы таза болуы керек. Себебі бір қылдың өзі жұмысыңызды бүлдіруі мүмкін. Сонымен қатар шайырмен жұмыс істеп жатқан кезде тамақтанбаған дұрыс. Тамаққа зиян зат, бұйымға тамақ қалдықтары түсіп кетеді.
Resin Art курсына қатысқандарға заттарды мөлшерлеп құюды, араластыруды үйретеді. Бұл — өте маңызды жұмыс процесі. Бір дұрыс емес әрекеттен шайыр қатып, іске жарамсыз болуы мүмкін немесе бұйымыңыз ойыңыздағыдай шықпай қалады. Байқағаныңыздай, үлкен жауапкершік пен төзімді талап етеді, тіпті, кей затты жасауға 1-2 күн жұмсайсыз. Дегенмен нәтижесінде ерекше, әдемі әрі сәнді бұйым жасап шығасыз.
Үйде Resin Art-пен айналысуға болатын жеке бөлмем бар. Мұндай бөлменің температурасы 20-30 градус аралығында болғаны жөн.
Эпоксид шайырынан жасалған бұйымды сатып алмас бұрын нені ескерген жөн?
Эпоксид шайырының түрлері бар: кәдімгі, сырылудан қорғайтын және 40-50 градус ыстыққа төзімдісі. Эпоксид шайырынан жасалған ыдыстың, заттың бәрі бірдей деп ойлау — қате. Сатушыдан бұйым сатып алмас бұрын нақтылап сұрап алған жөн. Ыстық тамақ немесе су құйылатын ыдыс-аяқ алмас бұрын ыстыққа төзімді шайырдан жасалып-жасалмағанын сұраған абзал.
Эпоксид шайырынан бұйым жасап, оны кәсіпке айналдырғандар да жауапкершілікті сезінуге тиіс. Тапсырыс берушіге материал ньюанстарын, оны қандай жағдайда қолданған жөн екенін түсіндіргені дұрыс. Тіпті, әр бұйымының жанында брошюрасы болғаны жөн деп есептеймін.