Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 миллиард доллар (14,6 триллион теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20%-і екенін атап өтті.
Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50%-ке дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада 31%, Ресейде 35,4%, Қырғызстанда 31%. Кейінгі 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9%-тен, 7,3%-ке дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалған, — деді мемлекет басшысы.
Осы жағдай аса маңызды шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.
Бізге жаңа салық саясаты қажет. Ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек, – деді мемлекет басшысы.