Президент «болашағын Қазақстанмен байланыстыратын» бизнесмендерге ескерту жасады

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды.

Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын, – деді президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды.

Оның пікірінше, бірінші – жеке меншікке қол сұқпау. Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуға тиіс.

Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі салаларынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылып жатыр. Осының негізінде Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі жаңа сот алқасы құрылды. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы, әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін сапалы қорғауын мейлінше қамтамасыз етеді. Жоғарғы сот кеңесін және Жоғарғы соттан судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізуді сұраймын, – деді мемлекет басшысы.

Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

Егер, сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атаған үшінші қағидат – шынайы бәсеке.

Мұнда, ең алдымен, қолдан жасалған монополияларға талдау жасау қажет. Операторлардың, әсіресе, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Естеріңізде болса, бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс. Нарықтарда қолдан жасалған көптеген делдалдық тізбектерді жою қажет. Бұл қордаланып қалған мәселені ешкімнің шешуге құлқы жоқ. Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет, – деді мемлекет басшысы.