Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру үшін не істеу қажеттігін айтты

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысының пікірінше, үкімет ең алдымен тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті, — деп жазды Берік Уәли.

Президент мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет деген пікірде.

Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Мемлекет басшысы үкіметтен және жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді,- делінген хабарламада.