Бүгін сағат 11.15-те мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев видеобайланыс арқылы парламент мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа премьер-министрінің кандидатурасын ұсынады, – деді Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Сонымен бірге президент саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасайды. Жиынды «Хабар 24» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ның кезектен тыс сессиясында 11 қаңтарда парламентке үкіметтің жаңа құрамы жөнінде ұсыныс енгізетінін және әлеуметтік-экономикалық саладағы проблемаларды шешу жөнінде нақты міндеттер жүктейтінін айтып еді.
Сонымен бірге кадрлық өзгерістер туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де айтты.
Президент Үкіметті отставкаға жіберді. Қазір барлық министр міндетін атқарушы… Президент кімді қалып, кім қызметінен кететінін өзі шешеді. Үкімет қайтадан құрылады. Әрине, кадрлық өзгерістер болатыны сөзсіз, — деді ол «Хабар 24» телеарнасының эфирінде.
5 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министрдің міндетін атқару уақытша Әлихан Смайыловқа жүктелді.