Том Леффлер WBO тұжырымдамасы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен биыл жазда Астанада жекпе-жек өткізуге қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр деген мәліметті жоққа шығарды.
«Бұл жалған мәлімет. Головкин 18 наурызда өтетін жекпе-жекке бар күшін салып жатыр. Жеңіске жетсе, әрине, біз Сауль «Канело» Альвареспен кездескіміз келеді. Менің негізгі жұмысым – Геннадийге алдын ала мықты әрі қарсылас бола алады деген боксшыларды табу. Бірақ қазір біз үшін ең маңыздысы – Джейкобспен өтетін кездесу. Себебі ол Геннадийдің мансап жолындағы ең мықты қарсылас», – деді промоутер.
Сондай-ақ Головкиннің промоутері «Канеломен» 6 мамырда үлкен жекпе-жек өтуі мүмкін екенін айтты.
«Әрине, «Канеломен» жекпе-жек өткізсек, бұл ең үлкен кездесу болатыны сөзсіз. Головкиннің наурыздағы жекпе-жегі мен «Канелоның» мамырдағы жекпе-жегі қалай аяқталатынын көреміз. Наурыздағы кездесу сәтті өтіп, Головкин соңғы бес жылда армандаған мақсаттарына жетеді деп ойлаймын», – деді Том Леффлер.
Еске сала кетейік, осыған дейін БАҚ-тарда Головкин мен Сондерс жазда Қазақстанда жұдырықтасатыны жайлы хабарланған болатын. «Билли Джо Сондерс Геннадий Головкинге қарсы, жекпе-жек Қазақстанда өтеді», – делінген еді Boxing Legends TV арнасының парақшасында.
Айта кетейік, GGG қазірде Сондерстің иелігіндегі WBO белбеуін алса, орта салмақтағы барлық титулдың басын біріктіреді.