Қазақстанға 33,7 мыңнан астам оралман келді

Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 65,5% — Өзбекстаннан келген. Сондай-ақ, 24,9% — Қытайдан, 3,2% — Түрікменстаннан, 2,7% — Моңғолиядан, 3,7% — өзге елдерден оралған қандастарымыз, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Оралмандардың басым бөлігі  Оңтүстік Қазақстан облысына (33,9%), Алматы облысына (25,4%), Маңғыстау облысына (10,6%), Жамбыл облысына (5,8%), еліміздің өзге өңірлеріне (24,3%) қоныстанды.

Елге оралған қандастарымыздың 65,4% — еңбекке қабілетті жаста болса, 16 жасқа дейінгілері – 28,6%, зейнеткерлер — 6% құрайды.

10,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,3%-ында орта арнаулы білім бар, 65% — жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 3,9%-ның білімі жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:

— этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;

— этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.

— оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.