Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне қатысады

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында хабарлады.  

Жиын барысында Достастық аясында атқарылған бірлескен жұмыстардың қорытындылары, көпжақты ықпалдастықты дамытудың перспективалары және Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланбақ. Сонымен қатар халықаралық және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылады деп жоспарланып отыр, — деп жазды Берік Уәли.

Ол ТМД басшыларының Жаңа жыл қарсаңында өткізетін осындай форматтағы кездесуі дәстүрге айналғанын атап өтті.

Айта кетейік, мұның алдында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының бейресми саммиті 28 желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетіні хабарланған еді.

Бұған дейін ТМД атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев 2022 жылдың 14 қазанында Нұр-Сұлтанда ТМД мемлекет басшылары кеңесінің жаңа отырысы өтетінін журналистерге хабарлады. Сонымен бірге ол Нұр-Сұлтандағы саммитке дейін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының бейресми кездесуі өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.