Қоғамдық бірлестік 2008 жылы Бейсенғазы Сәдуұлы мен бір топ желтоқсаншының бастамасымен құрылған. 2008-2021 жылдар аралығында ұйым мүшелері өз қаражаты есебінен 192 іс-шара өткізіп, 10 миллионнан аса теңге жұмсапты. Қазір ұйымда республика бойынша 800-ден астам, Алматыда 250 адам тіркелген.
«Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің бірінші төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы ұйым қызметі туралы әңгімелеп берді.
2008 жылдан бері 200-ге жуық іс-шара өткізіппіз. «Желтоқсан ақиқаты» атқарған жұмыстың арқасында ұйымда тіркелген 60-қа жуық адам ақтау қағазын алды. Екі адам баспаналы болды. Желтоқсан көтерілісіне қатысып қаза болған төрт қаһарманымызға ескерткіш қойылды. М.Мақатаевтың 80 жылдығын, Д.А.Қонаевтың 100 жылдығын атап өтуге көмектестік. Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына қатысып, Астана-Көкшетау аралығында 280 шақырымдық супер марафон өткіздік. Жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап «Алаш батырларына тағзым» атты ұранмен Алматы-Жалаңаш бағытында марафон өткізіп отырамыз. Солардың бірі – Алашорда ескерткіші. Оны орнатуға 2020 жылы үлес қостық, — деді ұйым басшысы.
Бірлестік басшысының айтуынша, ұйымның басты мақсаты – 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын шешу.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың көпшілігі үйсіз, күйсіз, жұмыссыз жүр. Екінші дүниежүзілік соғысында, Ауған соғысында болған азаматтардың мәртебесі бар, ал Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың мәртебесі жоқ. Тіпті, бұл көтеріліске әлі күнге тарихи-саяси баға берілмеген. Ол туралы арнайы заң жоқ. Міне, біз осы мәселелердің бәрін жазып, үкіметке 300-дей хат жолдадық. Үкімет үйінің алдында желтоқсаншылар жиналып акциялар өткіздік, − деді Бейсенғазы Сәдуұлы.
Сонымен бірге қоғамдық ұйымның бастамасымен Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай «Желтоқсан ақиқаты» кітабы мен «Желтоқсан ақиқаты» газеті басылып шығарылған екен. Ұйымның мұндағы мақсаты – көтеріліске қатысқан қазақ жастарының мінезі мен көтерілістің қасіретін ақпарат құралдары арқылы зерделеп беру.
Сондай-ақ бірлестік мүшелері өз қаражаты есебінен Желтоқсан құрбандарына ескерткіш қойған.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қыздарымыздың бірі – Сәбира Мұхамеджанова. Өскемендегі ол оқыған педагогикалық колледжге және Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылындағы жерленген жеріне ескерткіш қойдық. Бұдан бөлек, Сұлухан Назарованың жерленген жері – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылына да ескерткіш қойылды. Оның жолдасы Серік Балабеков те Желтоқсан көтерілісіне қатысып қайтыс болған екен. Соңында қалған жалғыз ұлы анасының сіңлісінің қолында тұрады. Баланы Алматы қаласындағы мектеп-интернатқа орналастыруға көмектестік, – дейді ол.
Сонымен қатар бірлестік 2013 жылдың 1 қыркүйегінде Ләззат Асанова оқыған Алматы облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық мектебіне де ескерткіш қойған.
Жасалып жатқан жұмыстың бәрі қоғамдық бірлестіктегі азаматтардың арқасы. Әр азамат қалтасынан бес жүз теңге шығарса да, ұйымның алдына қойған мақсатын жүзеге асырып жатыр, — деді ұйым басшысы Бейсенғазы Садуұлы.
2016 жылы Желтоқстан көтерілісінің 30 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөзде «Тәуелсіздік тағылымы» атты ескерткіш ашылыпты.
2017 жылы «Желтоқсан ақиқаты» бастамасымен және ұйым мүшелерінің қолдауымен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ұзынбұлақ ауылында Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Сұлухан Назароваға ескерткіш тақтайша орнатылды. Ал биыл ел Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай ұйым мүшелері 16 желтоқсанда Алматы облысы, Талғар қаласында «Желтоқсан 86» ескерткішін қойды.
Болашақта Желтоқсан көтерілісі тарихқа алтын әріптермен жазылатынына сеніміміз зор. Ол үшін ең әуелі бұл оқиғаға демократиялық және халықаралық стандарттар бойынша саяси әрі құқықтық тұрғыдан жаңаша объектив баға беру қажет деп білеміз. Сонда ғана желтоқсандықтардың мәртебесі нақтыланып, қуғын-сүргін құрбандары ретінде лайықты жеңілдіктерге ие бола алады. Желтоқсандықтардың құқығын қорғау – қазақ халқының құқығын қорғау. Жас ұрпақты ұлттық, отаншыл рухта тәрбиелеуде ерекше рөлі бар Желтоқсан көтерілісіне арнайы заң шығарып, тарихи-саяси бағасын алатын күннің келгені даусыз, – дейді Бейсенғазы Сәдуұлы.