Халық не дейді?
Жаңадан бекітілген жеткілікті шекке сәйкес, 20 жастағы адам зейнетақы қорындағы ақшасының бөлігін алу үшін жинағында енді кемінде 1 миллион 700 мың теңге емес, 3 миллион 140 мың теңге болуы қажет. Ал 59-62 жас аралығындағылар 9 миллион 120 мың теңгесінен артылған қаражатын ғана ала алады.
Бұл өзгеріске Қазақстан азаматтары наразылығын білдіріп, Зейнетақы жинағының жаңа жеткілік шегіне қарсы онлайн петиция ұйымдастырып жатыр. Онда олар жинақтан ақшаны алу шарттарын жеңілдетуді, жеткілікті шек соммасын төмендетуді талап етіп отыр. Бүгінге дейін петицияға 53 708 азамат қол қойған.
«Жалғыз пәтерімнен айырыламын»
«Оян, Қазақстан» азаматтық қозғалысының мүшесі Дархан Шәріп ипотекасын төлеу үшін әр үш ай сайын зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін алып отырған. Жеткілікті шектің өсуі оны бұл мүмкіндіктен айырып отыр екен.
Мемлекет зейнетақы қорындағы өз ақшамды пайдаланғаным үшін салған салығына қарамастан бағдарлама іске қосылғалы бері бұл қызметті үш рет пайдаланып үлгердім. Ал қазір не себепті күрт өсіріп жіберді? Неліктен бізден ешкім сұрамайды?, — деп жазды белсенді Instagram-дағы парақшасында.
Белсенді әлеуметтік желідегі парақшасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке үндеу жасап, жаңа заңды қабылдамауын сұрады. Сонымен бірге Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімінің алдына пикетке шықты.
Қазір елдегі экономика жағдайы өте тұрақсыз. Кез келген уақытта табысымнан айырылып, мүгедектігі бар адам болып қалуым немесе жұмысымнан айырылуым мүмкін. Бұл жағдайда ипотеканы төлейтін ешкім болмайды және құрылысы әлі аяқталмаған жалғыз пәтерімнен айырыламын, — деді Дархан Шәріп.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
БЖЗҚ не дейді?
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басшысы Жанат Құрмановтың сөзінше, жеткілікті шектің артуына елдегі әлеуметтік және экономика параметрлерінің өзгерісіне байланысты.
Ең төменгі жалақы 41%-ке – 42 500-ден 60 000 мың теңгеге дейін өсті. Ең төменгі жеткілікті шектің өсуі жас ерекшеліктеріне қарай өзгереді, бірақ орташа өсім 64-тен 83%-ке дейін жетеді», — деді БЖЗҚ басқарма төрағасы.
Мамандар не дейді?
Әйгерім Кариева, қаржыгер:
Қарапайым адамдарды аяғынан шалғандай болды»
Қаржыгер Әйгерім Қариеваның сөзінше, зейнетақы жинағының жеткілікті шегінің артуының негізгі екі себебі болуы ықтимыл. Біріншісі — қорда ақшаның жетіспеуі, екіншісі — зейнетақы қорына түскен жүкті азайту. Сонымен қатар ол БЖЗҚ мамандары жаңа жеткілікті шекті толық дұрыс талдамаған деп есептейді.
«Мұндай өзгерістің болуы мүмкін екенін болжағанмын. Сол себепті мүмкіндік барда өзім және таныстарым қажет сомманы зейнетақы қорынан шығарып алғанбыз. Білуімше, БЖЗҚ қызметкерлері жыл соңында елдегі әлеуметтік-экономика параметрлерінің өзгеруіне байланысты жеткілікті шектің де өскенін алға тартып отыр. Бірақ бір қызығы, зейнетақы қор аналитиктері жеткілікті шекті есептеу барысында көбі біле бермейтін өз формуласын қолданыпты. Қаржыгер ретінде сол формула бойынша есептеп, не себепті осынша соммаға өскенін анықтағым келді. Дегенмен ол менің де қолымнан келмеді. Қарапайым адамдардың өмірін күрт өзгертіп жіберетіндей қандай формула қолданғанын түсіне алар емеспін. Меніңше, мамандар толық, дұрыс талдамаған», — дейді Әйгерім Кариева.
Қаржыгердің айтуынша, жыл басында заң жобасы қолға алынғанда салымшылардың 720 мыңы зейнетақы жинағынан ақшасының бөлігін алу мүмкіндігіне ие еді, оның 200 мыңнан астамы өтініш берген. Енді бұл көрсеткіш екі есе төмендейді. Мемлекеттің бұл ісін ол қарапайым адамдарды аяғынан шалуға теңеді.
Келесі жылы үй аламын деп отырған адамдар бар. Енді олардың бар жоспары бұзылып отыр. Мемлекеттің бұл ісі қарапайым адамдарды аяқтан шалу сияқты. Енді халықтың мемлекетке сенімі де азаяды деп ойлаймын. Мысалы, мен кәсіп және қаржы саласында түрлі кәсіпкермен жұмыс істеймін. Көп кәсіпкер зейнетақы қорындағы қаражатты алуға болатынын естігенде қорға сенімі артып, жұмысындағы барлық кіріс-шығысын ашық, ресми жүргізу керек екенін түсіне бастады. Олар да зейнетақы қорына ақша жинап, кейін оның бөлігін алуға үміттенді. Енді олар жаңа өзгеріске сәйкес, 30 жастағы адамның жинағында кемінде 2 миллион 500 мың емес, 4 миллион 370 мың қалуы қажет екенін көрсе, әлгі ашық әрі ресми кіріс-шығысты жүргізу райынан қайтып қалатыны анық, — дейді маман.
Расул Рысмәмбетов, экономист:
«Мемлекет өз қатесін түзеуге тырысып жатыр»
Экономист Расул Рысмамбетов мемлекеттің жеткілікті шекке қатысты жаңа шешімі зейнетақы қорында аз қаражат қалғанын білдіруі мүмкін екенін алға тартады.
«Негізі бір жыл бұрын зейнетақы жинағынан ақша беру туралы заңның қабылдануының өзі қате шешім болды. Себебі ол мемлекетке де, халыққа да аса пайдасын тигізе қоймады. Керісінше, елдегі үй құны қымбаттап кетті. Бұл қарапайым азаматтарға емес, тұрғын үй басшыларына, құрылысшыларға тиімді болды. Ал қазір зейнетақы жинағынан ақша алудың жеткілікті шегін көтеруіне БЖЗҚ-да қаражаттың азаюы, тіпті қалмауы себеп болуы мүмкін. Себебі бұрыннан мемлекет бюджет шығындары үшін қор ақшасын пайдаланатын. Бұл — бірінші қатесі. Кейін халыққа да жинақтан ақшасынцң бір бөлігін алуға рұқсат берді. Бұл — екінші қате. Зейнеткерлік қызметті бұлай басқаруға болмайды. Меніңше, үкімет былтыр қабылдаған шешімінің қандай зиян әкеліп жатқанын түсініп, қатесін түзеуге тырысып жатыр. Бұл жағынан мемлекеттің жеткілікті шекті көтеруі дұрыс-ақ», — дейді ол.
Дегенмен экономист билік заңға өзгеріс енгізбес бұрын Қазақстан азаматтарына алдын-ала ескертуі қажет еді дейді.
Зейнетақы қорындағы ақшасына үміттеніп, жоспар құрған адам көп. Мұны біле тұра мемлекеттің бір түн ішінде шешім қабылдағаны дұрыс емес. Олардың бұл іс-әрекеті тек «БЖЗҚ-да ақша таусылып қалады» деген қорқынышын көрсетті, — дейді маман.
Расул Рысмамбетов Жаңа жылдан бастап зейнетақы жинағынан ақша алудың жеткілікті шегі көтерілсе де, елде қордағы қаражатын алуға мүмкіндігі бар адамдар болатынын айтады. Экономист мұндай азаматтарға сомманы тиімді пайдалануға кеңес берді.
Ипотекасын төлеу үшін немесе емделу үшін ақша қажет болса, қордағы қаражатты пайдалануға болады. Бірақ жаңадан ипотека алу мақсатында зейнетақы жинағындағы ақшасын жұмсауды жөн санамаймын, — дейді маман Расул Рысмамбетов.
Төменде зейнетақы жинақтарының бөлігін алу үшін жеткілікті шегі беріліп отыр. Кесте БЖЗҚ сайтында жарияланған:
20 жас – 3 140 000 теңге;
21 жас – 3 250 000 теңге;
22 жас – 3 370 000 теңге;
23 жас – 3 490 000 теңге;
24 жас – 3 610 000 теңге;
25 жас – 3 730 000 теңге;
26 жас – 3 860 000 теңге;
27 жас – 3 980 000 теңге;
28 жас – 4 110 000 теңге;
29 жас – 4 240 000 теңге;
30 жас – 4 370 000 теңге;
31 жас – 4 510 000 теңге;
32 жас – 4 640 000 теңге;
33 жас – 4 780 000 теңге;
34 жас – 4 920 000 теңге;
35 жас – 5 060 000 теңге;
36 жас – 5 200 000 теңге;
37 жас – 5 350 000 теңге;
38 жас – 5 490 000 теңге;
39 жас – 5 640 000 теңге;
40 жас – 5 790 000 теңге;
41 жас – 5 950 000 теңге;
42 жас – 6 100 000 теңге;
43 жас – 6 260 000 теңге;
44 жас – 6 420 000 теңге;
45 жас – 6 580 000 теңге;
46 жас – 6 750 000 теңге;
47 жас – 6 920 000 теңге;
48 жас – 7 090 000 теңге;
49 жас – 7 260 000 теңге;
50 жас – 7 430 000 теңге;
51 жас – 7 610 000 теңге;
52 жас – 7 790 000 теңге;
53 жас – 7 970 000 теңге;
54 жас – 8 150 000 теңге;
55 жас – 8 340 000 теңге;
56 жас – 8 530 000 теңге;
57 жас – 8 720 000 теңге;
58 жас – 8 920 000 теңге;
59–62 жас – 9 120 000 теңге.
Президент не дейді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағынан ақшасынан шешіп үлгірмеген азаматтарды қолдау мақсатында Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдаланудағы жеткілікті шекті көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам,- деп жазды Берік Уәли.