Қазақстанда адам саудасы бойынша 68 қылмыс анықталды

Бұл туралы ішкі істер министрлігі криминальдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.

Осы жылдың 22 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында «STOP трафик» атты кезекті республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Іс-шара барысында полиция органдары адам саудасына қатысты 68 қылмысты анықтады. Оның ішінде жұмысқа салу мақсатында бостандығына заңсыз шектеудің 3 фактісі, адам саудасына қатысты 2 факті, кәмелетке толмағандарды саудалаудың 2 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 8 фактісі бар, — деді Қанат Нұрмағамбетов Ішкі істер министрлігінің баспасөз  алаңында өткен брифингіде.

Оның дерегінше, жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысуды ұйымдастырудың немесе притон ұстаудың 53 фактісі әшкере болған.

Жезөкшелікпен және жеңгейтайлықпен айналысуға үй-жай беру фактісі бойынша 21 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Жеңіл жүрістілердің қоғамдық орында адамдарға жабысқаны үшін 600-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды, — деді Қанат Нұрмағамбетов.