2017 жылы Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілді?

Хабарлама

Салық төлеушілер енді салықтарының төленгені немесе төленбегені туралы ақпаратты электронды пошта немесе СМС-хабарлама арқылы ала алады. Одан бөлек жер, көлік, өзге де мүліктік салықтарды қайда төлеу керек екені көрсетіліп, банк реквизиттері жазылатын тағы бір хабарламаның түрі шықты. Бұл хабарламаларды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы салық төлеушінің электронды үкімет веб-порталындағы жеке кабинетіне де жібереді. Жіберу уақыты 10 жұмыс күні.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу

Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелу міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп хабарландыру жібереді. Бұл кәсіпті қайта тіркеуге де байланысты. Ол үшін  азаматтарға 10 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мен Мемлекеттік кірістер басқармасына хабарландыру жіберу керек. Оны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсібіңізді қайта тіркеуден өткізеді.

Салық тексерісі

Бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар еді. 2017  жылдан бастап ол міндетті болды. Енді тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам қатыстырылады.

Хронометражды зерттеу жүргізілмейді

Салықты патент бойынша төлейтін адамдар патентті алған күннен бастап түскен табыстары сол патенттің құнынан аз болса, соның есебін беріп, салық мөлшерін азайтуына, сондай-ақ бұрын төлеп келген артық ақшасын қайтару туралы өтініш жазуына болады. Бұрын осындай артық ақшаны қайтару үшін хронометражды зерттеу жүргізілетін еді. Қазір оны салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін алып тастады.

Жер және мүлік салығы

Салық төлеушілерге жер және мүлік салығын бір жыл кейінге қалдырып төлеуіне рұқсат берілді. Сондай-ақ салық органдары жеке тұлғалардың салығын есептеуді есептік жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейін өткізеді. Ал, азаматтар салығын есептік жылдан кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуі тиіс.

*Есептік жыл дегеніміз — қаржы операциялары жүргізілетін бір жыл, яғни 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығы.

Осылайша, азаматтарға салықтарын есептеп, төлеуге бір жыл уақыт беріледі.

Әскери қызметтегі, оқу кезеңіндегі әскери қызметкерлер мүліктік салықтан босатылмайтын болды.

Үшінші топтағы мүгедектер биылғы жылдан бастап меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан АЕК 1500 еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды.

Ал, егер мүгедек жандар жылжымайтын мүліктерін жалға берсе, басқа адамдар секілді салық төлеуге міндеттеледі.

Ортақ мүлікті тіркеу кезінде салық төлеуге жауапты адамды көрсету керек.

Салық органдары 2018 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлкін бағалау жұмыстарын бастайды.

Толық салынып бітпеген құрылыстар салық төленуі тиіс объектілердің қатарынан шығарылды. Енді әлі аяқталмаған құрылыс үшін салық төлемейсіз.

2017 жылдан бастап аудиторлық ұйымдар үшін жылдық жиынтық табыстың ең төменгі мөлшері 60 мың АЕК-тен 120 АЕК-ке (272 280 тг) өсті.

* Айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) – 2 269 теңге

Осы жылдың шілде айынан бастап, салық тексерісінің  актісін алдын ала жасау тәжірибесі енгізіледі. Енді салық басқармасының қызметкері салық төлеушіге тексеріс аяқталғанға дейін алдын ала жасалған актті беру керек. Актіде салық төлеуші келіспейтін мәселе жазылса, жазбаша түрде қарсылық білдіруге құқылы.

Шілде айынан бастап Қаржы министрлігінде салық төлеушілер үшін апелляциялық комиссия жұмысын бастайды. Онда салық органдарының тексерісінен кейнгі арыздар қаралады.

Жеке табыс салығы

Енді сақтандыруға байланысты алынған өтемақылар азаматтардың кірісі болып саналмайды.

Шетелдік валютамен түскен мүліктік кіріс теңгемен есептеледі.

Қоғамның әлеуметтік әлсіз топтары бір жыл ішінде жеке табыс салығынан 75 жалақының ең төменгі мөлшерінде босатылады. Бұл 2016 жылы 55 ЖТМ болған еді.

* Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ) – 24 459 теңге

Басқа да өзгерістерді жаңа салық кодексінен оқи аласыз.

ДереккөзZakon.kz