Paxlovid деген не?
Paxlovid — бұл протеаза ингибиторы мен ритонавирден тұратын SARS-CoV-2 вирусына қарсы жасалған препарат. Ол короновирус ақуыздарының синтезделуіне кедергі жасайды, соның нәтижесінде вирустың адам организіміне толық дамуына жол бермейді. Препарат таблетка түрінде шығарылып, ішке қабылдауға арналған.
Pfizer компаниясының өкілі Кит Лонглидің айтуынша, қазір бұл дәріні тек вакцина алмаған адамдар іше алады, бірақ зерттеу нәтижесіне байланысты кейін басқаларға да рұқсат берілуі мүмкін.
Дәрі вакцина алмаған адамдарды коронавирус жұқтырған жағдайда өлім қаупінен және ауруханаға ауыр хәлде түсуден сақтайды.
Кім жасады?
Американың Pfizer компаниясы шығарған. Бұл препарат жайлы қараша айының басында айтыла бастады. Қазіргі уақытта екі клиникалық зерттеуден сәтті өткен. Енді компания Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдауы мен АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан өндіруге рұқсат беруін күтіп отыр.
Бұл дәрінің тиімділігі қандай?
Paxlovid сынағы COVID-19 жұқтырған, бірақ әлі ауруханаға жатқызылмаған және вакцина алмаған адамдар арасында өтті. Қыркүйек айының соңында дейін бұл сынаққа дүниежүзі бойынша 1 219 адам қатысқан. Олар ауру жұқтырғаннан кейін 3 күн өткен соң препаратты қабылдаған. Нәтижесінде сынаққа қатысушылар арасында бірде-бір өлім тіркелмеген. Сынақ барысында таблетканың тиімділігі жоғары екені көз жеткізіліп, аурухана түсу және өлім деңгейін 89% төмендеткен.
Қазақстан сынаққа қатысты ма?
Жоқ. Қазіргі уақытта Paxlovid сынағы әлі де жүріп жатыр. Оған әртүрлі елден 7 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Оның ішінде Ресей азаматтары да бар.
Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бұл препараттың клиникалық сынақтарына қатыспайтынымызды айтты.
Paxlovid бағасы қанша?
Reuters жазуынша, Paxlovid дәрісінен ертерек шыққан Molnupiravir препаратының бағасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 10 доллар деп бекіткен. Pfizer компаниясы өкілінің айтуынша, Paxlovid препаратының да бағасы соның шамасында болады.
Дәріні қандай елдер мақұлдады?
Pfizer компаниясы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан SARS-CoV-2 вирусына қарсы дәріні өндіруге рұқсат сұраған. Алайда әзірге мақұлданды деген жауап жоқ. Егер Paxlovid атауымен сатылатын дәрінің өндірісіне рұқсат берілсе, бірнеше апта ішінде АҚШ дәріханаларында пайда болады.
Компанияның хабарлауынша, дәріні үйге алдыруға да мүмкіндік қарастырылады. Дегенмен Pfizer таблеткаларына қазірдің өзінде бірқатар ірі мемлекеттер тапсырыс берген. Атап айтсақ, Австралия 500 мың, Ұлыбритания 250 мың, Оңтүстік Корея 70 мың доза.
Компания өкілдерінің айтуынша, препаратты дамушы елдерге сатқанда жеңілдікті шарттар ұсынылу да қарастырылған.
Prizer дәрі шығарса, енді екпе шығаруын тоқтата ма?
Жоқ. Қазіргі таңда Pfizer — COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина шығаратын дүниежүзіндегі ең ірі компанияның бірі. Pfizer екпесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Елімізде екпенің бұл түрімен вакциналау қараша айында басталған еді. Сарапшылардың сөзінше, вакцина саудасы компанияның кірісін 36 миллиард доллар көбейткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 90 миллиард доллар өседі деп болжам жасалып отыр.
Paxlovid дәрісін ішсе, вакцина алмай-ақ қоюға бола ма?
BBC RUSSIA жазуынша, бәрібір вакцина алған дұрыс. Себебі вакцинаның тиіміділігі — 95%.
Paxlovid Қазақстанға келе ме?
Бұл туралы Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінен сұрадық. Дегенмен ведомство бұл сұраққа әлі жауап бермеді.
Бұдан басқа дәрілер бар ма?
Иә, Ridgeback Biotherapeutics пен Merck компаниясы бірлесе отырып, Molnupiravir препаратын жасаған. Қарашаның басында Ұлыбритания үкіметі бұл препаратты мақұлдаған. Ол коронавирус ақуыздарын ыдырату нәтижесінде вирустың адам ағзасына таралуына жол бермейді. Молнупиравир препаратының тиімділігіне тоқталсақ, Paxlovid-пен салыстырғанда ауруханаға түсу қаупін және өлім қатерін 50% азайтқан.
Айта кетейік, екі препаратты да тиімділігі жоғары болуы үшін ауруды асқындырмай бастапқы кезеңдерінен бастап қабылдау керек.