Гүлнар Бақытжанова: «Болашақ» сияқты бағдарлама дүниежүзінде көп емес

— Гүлнар, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға қалай түстіңіз, іріктеуден қалай өттіңіз, сол жайлы айтып берсеңіз.

— «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау кезеңі мамыр-қазан айлары аралығында өтеді. Қосымша магистр дәрежесін алу үшін бағдарламаға құжаттарды 2019 жылы тапсырдым. Ол жылы іріктеу ережесінің талаптары басқаша еді. Бағдарлама сайтында әр кезеңнің шарттары жазылған.

Байқауға «жалпы конкурс» категориясы бойынша қатыстым. Бір кезеңде интеллектуал деңгейді анықтайтын тест пен психологиялық тест, тарих пен Конституция бойынша сұрақтар қойылады. Кешенді тестілеудің сұрақтары қиын емес, үміткерлердің басым бөлігі тестілеуден құламай келесі турға өтеді.

Байқаудың келесі кезеңі – тәуелсіз комиссия мүшелерімен сұхбат. Бұл кезеңде студенттер қатты қобалжиды. Өйткені комиссиядағы адамдар саған қандай сұрақ қоятынын еш уақытта білмейсің. Бірақ өзіме сенімді болуға тырыстым. Шетелде оқу маған не үшін керек, оған неге лайықпын, елге қандай пайда әкелетінімді айтып бердім. Кейінірек байқау нәтижелері шыққанда, тізімнен өзімді көрдім.

Қазіргі кезде бағдарламаның іріктеу ережесіне өзгерістер енгізілген.  Іріктеу үш кезеңнен тұрады, құжаттары дұрыс, талапқа сай келетін үміткерлер бірден кешенді тестілеуге жіберіледі, екінші кезеңде тәуелсіз комиссия мүшелерімен сұхбаттасады, үшінші кезеңде шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссия үміткерлер тізімін анықтайды.

Фото Гүлнардың жеке архивінен
— Білім алу үшін неге Англияны таңдадыңыз? Университет рейтингіне қарадыңыз ба, әлде оқытылатын пәндерге ме?

— 2012-2016 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алдым. Ал 2016-2018 жылдар аралығында  Назарбаев университетінде магистратура бойынша көптілді білім беру мамандығында оқыдым. Білім ешқашан артықтық етпейді ғой, онымен тоқтап қалғым келмеді. О бастан Англияға оқуға түсуді жоспарлап жүрдім.

Жалпы Англияда бизнес саласы бойынша үздік университеттер саны жетерлік. Маған 5 университеттен шақырту келді. Англияға бармас бұрын «Болашақ» бағдарламасымен оқыған студенттерден кеңес алдым. Нәтижесінде қосымша магистратура бағдарламасы бойынша Лидс университетінде HR-менеджмент мамандығын оқуды таңдадым. Ол Англиядағы ең беделді университеттер қатарына кіреді. Сонымен қатар, онда магистратурадан бөлек, CIPD (Chartered Institute of Personnel Development) курсын оқуға мүмкіндік болды. Бұл — адам ресурстарын басқару, оқыту және дамыту саласындағы мамандарды біріктіретін әлемге әйгілі және ең ірі кәсіби ұйым. CIPD мақсаты — HR мамандарының стратегиялық ойлауын қалыптастыруға және олардың озық тәжірибені енгізуіне ықпал ету. Лидс университетінің осы тұсы менің көңілімнен шықты.

Фото Гүлнардың жеке архивінен
— Коронавирус пандемиясы Лидс университетінің білім беру жүйесіне қалай әсер етті?  Онлайн оқу қиынға соқпады ма?

— Пандемия білім сапасына аса қатты әсер етті деп айта алмаймын. Англияға келген кезде 14 күн карантинде болдым. Алғашқы оқу айларында сабақ тек онлайн режимде өтті. Ел үкіметі пандемияның өршуіне байланысты білім беру жүйесін үнемі бақылауда ұстады. Кейін жағдай қалыптаса бастағанда сабақ жартылай онлайн режимде болды. Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Күнделікті дәріс тыңдап сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындап отырдық.

– «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі неде?

— «Болашақ» бағдарламасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл оқыған, жұмыс істеген адамның көкжиегін кеңейтеді. Жаңадан таныстар, достар табады. Білім алумен қатар, сол елдің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады, тіл үйренеді. Бұл бағдарлама кез келген оқуға тускен жас үшін жаңа баспалдақ деп есептеймін.

Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасы студенттің барлық шығындарын өтейді. Оқуыңыз, тұратын жеріңіз, кітап алу, ұшу билетіңіз барлығы қол жетімді болады. Әлем бойынша мұндай бағдарлама саны көп емес. Менің достарым және туған ағам «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген. Сол себепті мен бұл бағдарламамен жақсы таныспын деп айта аламын. Бізге жақсы мүмкіндік туып тұрғанда тиімді пайдаланып, білім алғанымыз дұрыс.

Фото Гүлнардың жеке архивінен
— Англияда қазақстандық студенттермен жолығып тұрдыңыз ба?

— Бізде «Болашақпен» оқитын студенттердің қауымдастығы болды. Барлығымыз жақсы араласып басқа қалаларға саяхаттап жүрдік. Сабақ немесе тұрмыстық жағдайға байланысты қиындықтар туса, бір-бірімізге көмек көрсетеміз. Түрлі мерекелерді бірге атап өттік. Шетелде жүргенде қазақстандықтармен бас қосып, көрісіп тұрған абзал.

— Қазір немен айналысып жүрсіз?

— Оқуымды аяқтап, елге оралғаныма шамамен 2 айдан асты.  Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде кадр бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл университетте «Болашақ» бағдарламасының және Назарбаев университетінің түлектерін жұмысқа шақыруға арналған бағдарлама бар. Жоба Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқу ісі барысындағы кәсіби деңгейін одан әрі көтеруге негізделген. Осы себепті де университет стратегиясы көңілімнен шықты. Жалпы жұмысым өзіме ұнайды.

Фото Гүлнардың жеке архивінен

— «Болашақ» бойынша оқуға түсемін деушілерге қандай кеңес бересіз?

Өзіңізге ұнайтын, алдағы уақытта сол салада жұмыс істей алатын мамандықты таңдаңыз. Мақсатыңыз айқын болуға тиіс. Яғни бұл оқуға не үшін түсесіз, елге қайтып оралған соң алған білімді қалай қолданасыз, осыны нақты түсініп алыңыз. Сондықтан өзіңізге қызық және Қазақстанға пайда тигізетін, үлес қосатын мамандық таңдаған жөн. Оқуға түскен жағдайда тек сабақпен шектелмей, мәдени іс-шараларға қатысыңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Үнемі ізденісте болып, уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз.

— Әңгімеңізге рақмет!