— Ербол, үш жыл бұрын «Ерзи» қауымдастығының негізін қаладыңыз. Өміріңіздегі оқиға осындай орталық ашуға себеп болды ма?
— Жол апатына ұшыраған соң арбаға таңылдым. Оңалуым үшін әкемнің мені апармаған жері, баспаған тауы жоқ. Израиль, Еуропа орталықтарының есігін қағып шықты. Бірақ емнің толық әсері болуы үшін онда кем дегенде жарты немесе бір жыл емделу қажет. Алайда оған менің де, елдегі көптеген азаматтың да қаражаты жетпейді.
Қазақстанда, оның ішінде Алматыда церебрал сал ауруы барларға, психикасы бұзылған адамдарға, Даун диагнозы қойылғандарға арналған оңалту орталықтары бар. Ал біз сияқты түрлі жағдайға байланысты мүгедектікке ұшыраған, жүріп-тұруға қиналатын егде жастағыларға, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға көмектесетін оңалту орталықтары жоқ. Содан әкем осы мәселені қолға алып, әкімдікке ұсыныс жазып, орталық құруды мақсат етті. Бірақ алғашында бұл іс бірден шешіле қоймады. Ақыры әкем уайымға салынып, инсульт алып, қайтыс болды.
Әкемнің жетісі өткен күні Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мені қабылдауына шақырып, көңіл айтып, әкемнің арманының орындалуына мүмкіндік берді. Алматының ортасынан 5 қабатты ғимаратты тегін қолдануға рұқсат берді.
Әрине, алғашқыда ғимараттың іші бос әрі қорқынышты болды. Тек бірінші қабатын қолдансақ та, барлық қабаттың тұрмыстық қызметін, жылуын төлеп жүрдік. Тіпті басында жоғары қабатқа қатынайтын лифті де болмады. Арбада жүретін, таяққа сүйенетін адамдар үшін 5 қабатты ғимаратта баспалдақпен шығу екі есе қиын. Десе де талай еңбек пен демеушілердің арқасында қазір жағдай жақсарды. Нұрлан Смағұлов арбадағы 2-3 адам сыйып кететіндей кең лифт орнатып берді, басқа да кісілер жаттығу құралдарын алуға көмектесті. Қазір өз ақшамызға жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмыз.
— Сонда орталық мүгедектігі бар адамдарға қандай көмек береді?
— Осы секілді ұйымдар мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды. Себебі орталыққа келіп жүргеннің көбі — жылдар бойы үйде отырып, қоғамнан оқшауланып қалған жандар. Олар ойын ашық айтуға ұялады, қорқады, күннен-күнге мінезі тұйықтала берген. Ал «Ерзи» секілді жерде олар тек тән көмегін емес, психологиялық қолдау, моральды жәрдем алады.
Ұйымда ем-дене тәрбиесі (ЛФК), массаж, физиотерапия, электромиостимуляция, магнит-терапия, арбадағы би сияқты ем түрлері бар. Сонымен бірге психолог әрқайсымен жеке-жеке және жалпы топпен жұмыс істейді. Маман олардың ішкі эмоциясын түсінуге, ойын, қалауын ашық айтуға, алдағы өміріне үлкен мақсаттар қоюға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар түрлі танымдық тақырыптарда әңгімелеседі. Мәселен, бүгін психолог айдың тұтылуы туралы ақпарат беріп отыр.
— Мұның бәрі тегін бе?
— Иә, тегін. Қазір тек 25 адам қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Олар бір жыл бойы 8.00-ден 16.00-ге дейін осында тегін ем қабылдайды. Қуанышқа орай, үш жыл ішінде көп жетістікке жеттік, біраз адамның өмірін өзгерттік. Мүлдем сезімталдығы болмаған адам арнайы арбамен (ходунок) арқылы жүре бастады.
Гүлжан есімді қыз бар. Жол апаты салдарынан ата-анасы қайтыс болып, өзі арбамен жүретін болды. Қарындасы екеуі қалған еді. Осы оқиғадан кейін өмірі күрт өзгереді. 10 жыл бойы үйден шықпай қойған. Жылына тек бір-екі рет далаға шығып тұрған екен. Әрең көндіріп, орталыққа ертіп келдім. Қазір Гүлжан ашық-жарқын қалпына қайта оралды. Өзін-өзі дамытып, жаңа таныстар тауып, өзін басқалармен тең дәрежеде сезіне бастады. Бүгінде дені сау азаматқа тұрмысқа шығып, отбасы құрды. Орталық оның екінші үйіне айналғаны соншалық, мүлдем кеткісі келмейді.
— Қандай да бір қиын мәселелер бар ма?
— Орталық орналасқан ғимаратқа әлі де жөндеу жұмысы қажет. Қирап жатқан зат, су ағып жатқан құбырларды ауыстыру керек. Сонымен бірге экзоскелет құрылғысын армандаймыз. Экзоскелет мүгедектігі бар адамдардың оңалуына көп септігін беретін еді. Қолдау көрсетеміз дейтіндер болса, қуанамыз.
Мүгедектігі бар адамның оңалып кетуі 80% өзіне байланысты. Мамандар бағыт-бағдар ғана береді. Орталықты «Ерзи» деп атауымыздың себебі де осы. Сөзбе-сөз аударғанда ол «жігерлі, күшті, мықты» деген мағынаны білдіреді. Яғни адам өзіне сенсе, барлық жаттығуды белсенді түрде жасаса, жетістікке жетеді.