Қазақстанда 5G тестіленіп жатыр. Тіпті сынақ кезіндегі байланыс жылдамдығы туралы министр Бағдат Мусин де хабарлаған болатын.

Бұл бағытты дамытуға қажет құрылғы-қондырғылармен қамтамасыз ететін әлемдік көшбасшылардың бірі — Huawei. Бұл компания Қазақстанның да сұранысын қанағаттандырып отыр: инфрақұрылымдық шешімдер, керек өнімдер мен сервис ұсынып, елдің ақпараттық-коммуникациялық технологияларын кеңейтуге үлес қосып келеді.

Біз Huawei сарапшысы, Huawei Technologies senior инженері Павел Полеводамен елдегі 5G-дің дамуы жайлы аз-кем тілдескен едік.

Павел Полевода. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
— Қарапайым қолданушы үшін 5G-ді қалай түсіндіріп берер едіңіз?

— Кезінде бізде 1G, яғни кәдімгі аналог байланыс болды, оны адамзат ұзақ уақыт қолданды. Кейінірек оны цифрлы технология 2G ығыстырып шығарды. Ұялы байланыстың дамып, жайлуымен 3G, 4G пайдалана бастадық. Бұл жерде әр ұрпақ сайын хабар алмасудың, мобильді жүйенің дамуымен байланыс технологиясының түрленіп, күрделеніп келе жатқанын байқауға болады. 5G – осы жолдағы кезекті саты, мобильді байланыстың бесінші ұрпақ моделі.

Қазір электронды құрылғылардың (оған тек смартфон емес, түрлі құрылғы, датчиктерді қосамыз) саны көбейді, трафиктің де көлемі өсіп келеді, тұтынылатын қуат көлемі артуда. Мұндай жағдайда 5G экожүйе құруға көмектеседі, көптеген проблеманы шешеді және түрлі салаға алуан түрлі мүмкіндік сыйлайды. Ең бастысы, адамдардың өмірін жеңілдетіп, жақсарта алады.

Анықтамалық ақпарат. Осыған дейінгі мобильді байланыс технологиялары (2G, 3G, 4G) адамдар арасындағы коммуникацияны жақсартуды басты мақсат етсе, 5G машинааралық байланысты және ақпарат алмасудың сенімді жүруін да қамтиды. Себебі ол мәлімет жіберіп-қабылдау жылдамдығын арттыра алады.

— 5G алдыңғы ұрпақтарға қарағанда несімен ерекшеленеді? Оның қандай артықшылықтары бар?

— Басты ерекшелігі – үлкен жылдамдық. Қолданушы ауыр файлдарды, мәселен, видеоны бір сәтте жүктеп ала алады. Одан бөлек виртуал әлем, қосарланған әлем, голограммаларды, ойындарды атап өтуге болады. Осы процестердің бәрінде 5G көмегімен жылдамдық тұрақты болады, яғни қандай да бір процесс іске қосылған кезде іркілмей, «қатып қалмай» оңай жүреді.

Тағы бір айырмашылық – түрлі байланыстың көп болуы. Яғни бір шаршы шақырым кеңістікте бір миллионға дейін түрлі құрылғы бір-бірімен байланысып, сан алуан операцияны орындай алады. Ол, мысалы, тұрғын үйлерде орналасқан есептегіштер, жүк тасымалына арналған трекерлер, жануарларды, көліктерді бақылап, қадағалап отыруға көмектесетін гаджеттер, бақылау камераларын немесе бағдаршамдарды басқару болуы мүмкін. 5G технологиясы жүздеген емес, миллиондаған технианы бір сәтте қатар қосып, басқарып отыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл технологияның энергияны алдыңғылармен салыстырғанда азырақ тұтынатынын да атай аламын, себебі жоғарыда аталған түрлі құрылғылардың бәрі бір батареямен ұзақ уақыт бойы қызмет етуі керек.

Сонымен қатар 5G – аса сенімді жүйе. Іркілістер төмен. Бұл телемедицинаны дамытуға, пилотсыз автокөлікті басқаруға, өнеркәсіп өндірісін автоматтандыруға жол ашады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
— Алматыдағы алғашқы 5G аймақтарының іске қосылғаны туралы айтып бересіз бе?

— Қазір Алматыда үш демо-аймақ жұмыс істеп тұр. Оның бәрі Huawei қондырғыларымен іске қосылды. Алғашқысын Tele2 мен Altel Панфилов көшесінде, соңғы екеуін Beeline Достық даңғылы мен Жолдасбеков көшесінің қиылысында және Көктөбеде іске қосты.

Тестілеу кезінде жүктеу жылдамдығы секундына 1,65 гигабитке дейін барды. Қолында белгілі бір смартфон моделі бар кез келген қолданушы осы аймақтарға келіп, 5G қызметін пайдалана алады.

Бұл ретте айта кету керек дүние бар: 5G қосылған аймақта әлдебір антеннасы бар база станциясы жәй ғана орнатыла салды деген сөз емес. Себебі ол станцияны серверге қосу қажет. Сәйкесінше, жоғарыда айтылғандай жоғары жылдамдықты қамтамасыз етіп, 5G қызметін ұсыну үшін операторлар тұтас желіні, серверлерді жаңартты.

— Қазақстанның басқа аймақтарын қамту қашанға жоспарланып отыр?

— Бәрі мемлекеттік басқару органдарының 5G қолдану үшін жиілік бөлуге қашан рұқсат беретініне байланысты. Әзірге барлық операторға 3.7 гигагерц аймағында бір жолақ беріліп отыр. Қалған жолақтарды қолдануға рұқсат берілген соң операторлар 5G қамту аймақтарын кеңейте алады.

— 5G түрлі компанияға немесе бүтіндей бір салаларға не бере алады?

— 5G-дің корпоратив секторға бере алатын мүмкіндігі өте көп. Мәселен, медицинада 5G арқылы роботтардың көмегімен қашықтан ота жасауға болады. Сондай-ақ қуаты аз құрылғыда ауыр ойындарды ойнауға жол ашатын клауд-гейминг те дами алады. Бүтіндей бір қалаларды басқару да еркіңізде, көлік ағынын басқару, үй есептегіштеріндегі ақпаратты жинау да осы қатарда. Кәсіпорындарды, ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс жұмысын автоматтандыру, арнайы техниканы қашықтан басқару – мұның бәрінде 5G адам мен адамның да, машина мен машинаның да ақпарат алмасуын айтарлықтай жылдамдата алады.

Ең бастысы, корпоратив секторға бұл байланыс технологиясының компания жұмысын жақсарта алатынын, тіпті жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынын түсіндіру үлкен маңызға ие.

Жалпы, әлем бойынша 5G-ге қатысты демо-тестілер көп жүрді. Мәселен, мен Ресейде осы Huawei өткізген телемедицина тестілеуін көрдім, онда хирург роботқа қашықтан қосылып, оның қысқаштарын басқарып, ота жасаған болатын. Сондай-ақ кен орнында, яғни карьерде де сынақ жүрген болатын: алып БелАЗ-дарды адам қашықтан басқарып, жүрісін бақылап отырды.

Ауыл шаруашылығында да 5G көмектеседі, оның көмегімен малдың жай-күйін қадағалап отыра аласыз. Қай жерде жүр, жоғалып кетпей ме, ауруға ұшырамады ма, қызуы көтерілмеді ме? Бұл сауалдың бәрінің жауабын табуға 5G жәрдемдеседі.  Мұндай мүмкіндік, әрине, кәсіпорындарға көп көмек бола алады, мысалы, сиырдың сүтті қашан көп, қашан аз беретінін тіркеп, одан қорытынды шығаруға болады. Сәйкесінше, жоспар құрып, кіріс-шығысты бейімдей аласыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
5G денсаулыққа зиян деп санайтын адамдардың іс-әрекеті туралы не айта аласыз?

— Бірқатар жерде ұялы байланыс қондырғыларын алып тастағысы келетін адамдардың жиналып, қарсылық танытқандары туралы жаңалықтардан көрдім. Айта кетерлігі, елді «шошытып» жүрген бұл қондырғының бәрі 5G емес, кәдімгі 2G, 3G, 4G тарататын қарапайым антенна болатын.

Мен 5G-ден қорықпау керек деп айтамын, себебі оның денсаулыққа кері әсері дәлелденбеген. Жалпы, прогреске тыйым салуға болмайды. Мәселен, 2G пайда болғанда, «жоқ, болмайды» деп бас тартсақ не болар еді? Спутниктер жұмысын көрмес едік, теледидар қарап, жылдам хабар алмасудан айрылар едік. Қысқаша айтқанда, қазір қолымызда бар көп дүние жеткізбес еді.

— 5G жиіліктерін тарату қалай жүріп жатыр?

— 5G-дің үлкен жылдамдығы үшін жиіліктің кең жолақтары керек, сондықтан ол үшін екі сценарий қарастырылып отыр. Біріншісінде 6 гигагерцке дейін, екіншісінде 24-90 гигагерц аралығында (мұны «милиметрлік диапазон» деп те атайды) беріледі. Алайда жоғары жиілікті қолдану тиімсіз, себебі ол жоғары болған сайын, 5G де кедергіге ұшыраған сайын әлсірей береді, сәйкесінше, операторларға халықты, мысалы, 4G деңгейінде қамтамасыз ету үшін базалық станцияларды көптеп салуға, олардың арасын қысқартуға тура келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!