Ауыр атлетика федерациясының бас бапкері сайланды

Талдықорғанда Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы жаттықтырушылар кеңесінің отырысы өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, отырыста жаттықтырушылар кеңесінің басым дауысымен Дәурен Бекмұханбетов ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып сайланды.

Танымал спортшы АЛЬБЕРТ ЛИНДЕРДІҢ қайтыс болуы және одан кейінгі спортшылардың, жаттықтырушылардың, сонымен бірге Альберт Линдердің туыстарының көп үндеуі мен өзге оқиғалар түбегейлі шаралар қабылдаудың шешуші себебі болғаны анық. Министрдің араласуынан кейін жаттықтырушылар штабы тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді, — делінген хабарламада.

Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет және спорт Ақтоты Райымқұлова жиынға федерация басшылығы өкілі ретінде қатысқан Алдияр Нұралиновке допинг жанжалдарынан кейін атқарған орасан зор жұмысы және осы спорт түрін дамыту бойынша қолға алынған күш-жігері үшін алғысын білдірді.

Ведомство басшысы отырыс барысында спорттағы әділетсіздік туралы өтініштердің көбеюіне және оларды растайтын фактілерді анықтауға байланысты еркін стильдегі танымал қазақстандық палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының (2000) күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты спорт бойынша омбудсмен етіп тағайындау туралы шешім қабылдағандығын хабарлады.