Олар 19 желтоқсанда Франция астанасы Парижде өтетін байқауда «Ертегі әлемі» (World of Fairytales) аталатын әнді орындайды.
Қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша екі өнерпаз — Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин тең болды. Екеуі де 30.5% ұпай жинады.
Осыдан кейін қазылар алқасы екі қатысушыны да, бірақ бір әнмен қатыстыру туралы шешім қабылдады.
Шынымен де ерекше жағдай. Ешкім күтпеді. Өзім қобалжып тұрмын, бірдеңе айтудың өзі қиын. Қазылар алқасының шешімімен екі қатысушы барады. Ең жоғары ұпайды екі қатысушы жинағанын бәріңіз көрдіңіздер. Бекнұр және Әлинұр. Екі бала баратыны әділетті шешім деп есептейміз, бірақ бір әнді ғана таңдаймыз деп шештік. Бұл — Әлинұр Хамзиннің әні, — деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.
Қазақстан Junior Eurovision байқауына төртінші рет қатысқалы отыр. 2020 жылы Варшада өткен байқауда Қарақат Башанова 2-орынды иеленген еді. 2019 жылы Қазақстан атынан қатысқан Ержан Максим 2-орын, 2018 жылы Данэлия Төлешова 6-орын алды.
Айта кетейік, 2021 жылы балалардың халықаралық ән байқауы 19 желтоқсанда Парижде өтеді. Биыл жарысқа 19 ел қатысады. 19-рет өтеді.
Қатысушы елдер қатарында Албания, Армения, Әзірбайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Испания, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Украина бар. Қазіргі уақытта байқауға 16 елден қатысатын әншінің аты-жөні белгілі.