Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан командасының қоржыны күміс жүлдемен толықты. 20 жастағы Махмұд Сабырхан әлемдік сынды екінші орынмен аяқтады.
54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда жапондық Тамоя Цубойдан 0:5 есебімен ұтылды.
Аталған жекпе-жек Махмұд Сабырхан үшін үлкен тәжірибе болғаны анық. Әлем чемпионаты барысында мамандар мен жанкүйерлерден жоғары баға алған Сабырхан финалда жастығынан және тәжірибенің аздығынан тізе бүкті. Бірінші раундта Махмұд аздаған басымдықпен жеңіске жеткенімен, қалған екі раунда жапондық боксшының соққылары дәл әрі мықтырақ болды, — деп хабарлады Olympic.kz.
Бұл — Махмұд Сабырхан қатысып отырған алғашқы әлем чемпионаты.
Ол финалдағы жеңілісіне қатысты өз ойын айтты.
Финалда не жетпей қалғанын білмеймін. Үшінші раундта көп ұрған сияқты едім. Қуып жүріп ұрдым. Маған бермеді… Мақсатым жеңіске жету еді. Жеңімпаз болмағаным үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Алда әлі талай әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындары бар. Сол сындарда алтын аламын. Осы әлемдік сынға Бақтияр Артаев ағамыз иеленген Вэлл Баркер кубогін аламын деп келіп едім. Орындалмай қалды», — деп көзіне жас алды Махмұд.
Айта кетейік, бұған дейін Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы атанғанын хабарлаған едік.