Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Пенжім ауылында болған төбелес туралы айтты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мектепте оқушылар арасында төбелес шыққан. Бұған жол беруге болмайды. Оқушының мектеп қабырғасында жарақат алуы — төтенше жағдай! Азаматтардың наразылығы әбден орынды. Кейін жастар бұзақылық жасаған. Бірақ мұндай наразылықты болжап, алдын алу керек еді, алайда бұл орындалмады, — деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ақпараттық кеңістікте бұл оқиға айқын ұлтаралық реңкке ие болған.
Ешқандай ұлтаралық қақтығыс болған жоқ! Бірақ елдегі арандатушылар мен арам пиғылдылар тобы бұл оқиғаны осы қырынан көрсетті. Құқық қорғау органдары, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мұндай арандатушыларға қарсы ешқандай шара қолданбай отыр, бұл таңғалдырады. Арандатушылар мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне аса ауыр зиян келтіреді. Сондықтан, біз бұл оқиғадан дұрыс қорытынды шығаруымыз керек, — деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы қоғамдағы түрлі этнос пен конфессия өкілдері арасындағы достық пен тату көрші дәстүрлерін нығайту, мұндай оқиғаларға әрекет ету алгоритмдерін әзірлеу қажет екенін айтты.
Оның айтуынша, халық бірлігіне сызат түсіруге, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі кез келген көріністер мен әрекеттер құқық қорғау органдары тарапынан қатаң түрде қадағаланады.
Айта кетейік, 27 қазанда Алматы облысындағы Пенжім ауылының мектеп территориясында жаппай төбелес болып, 16 жастағы бала ауруханаға түскені хабарланған болатын.
Кейін Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы Пенжім ауылында жаппай төбелес кезінде зардап шеккен оқушының жағдайы туралы мәлімдеді.