Бала тәрбиесіндегі эксперт Елжас Ертайұлының айтуынша, ата-аналар баласының қабілеті мен қалауын ескермей, өз қөзқарасы бойынша үйірмеге береді, мамандық таңдауына ықпал етеді. Ал бұдан бала өзін жоғалтып алуы мүмкін.

Әр бала — өзіне тән қабілеті бар жеке тұлға. Ал ол қабілетті ашуда ата-ананың ролі зор. Өкінішке қарай, ата-аналар баласы үйірмеге барғанда, мамандық таңдағанда өзінің санасында қалыптасқан көзқарастың, ойдың жетегінде балаға бағыт-бағдар береді. Ал бұл таңдау баланың өзін жоғалтып алуына себеп болады. Бала бойындағы негізгі қабілетті ашу әрі дамыту — ата-анаға міндет. Біздің орталықтың негізгі мақсаты мен қызметі де — осы. Диагностика жүргізу арқылы баланың қабілетін, нақты қай бағытқа бейімі бар екенін анықтап, ата-анаға  кеңес береміз. Әртүрлі терапия мен тренинг арқылы өзін тануына көмектесеміз, — дейді ол.

бала қабілет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Елжас Ертайұлы ата-аналар Empathy academy орталығына көбіне екі жағдайда жүгінетінін айтты. Бірі баласының қабілетін дамытуға немесе қиын мінез-құлқын түзеуге, енді бірі қандай да бір диагноз қойылған перзентін қоғамға бейімдеуге тырысады.

Бала бойындағы қабілетті дамытуда ата-ананың сана деңгейінің жоғары болуы өте маңызды. Себебі ата ананың шешімі бала болашағына тікелей әсер етеді. Олар баланың болашағын ашып, оған жағдай жасайды немесе мүмкіндіктерін жауып, шектеп тастайды. Жаратушы ешбір адамды қабілетсіз жаратпаған. Барлық баланың бойында табиғаты бейім, өзі сүйіп істейтін, қалап тұратын ісі болады. Соны табуға, өзін іздеуге мүмкіндік, еркіндік беру керек. Мамандықты жақсы-жаман деп бөлу дұрыс емес. Үлкендердің өз шаблонында ғана ойлауы талай ДИМАШ пен Қажымұқанның шығуына кедергі келтіріп жатыр, — дейді Empathy academy орталығының қызметкері.

Маман кей ата-ананың бала тәрбесіндегі құндылығы дұрыс қалыптаспаған деген пікір айтты. Өйткені олар баласының ынтасына, көңіл-күйіне, таңдауына мән бермей жатады.

Ересектер бала интеллектуал жағынан мықты болуы қажет, сабақты тек үздік оқуы керек деп ойлайды. Математикадан есеп шығара алмаса, трагедия көретіндер де бар. Олар баланың биге, өнерге, спортқа, техникаға бейімін байқамай жатады. Мысалы, көбі баласының май-май болып көлік жөндегенінен ұнатпайды, басшы болғанын қалайды , — дейді маман.

Елжас Ертайұлы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Empathy academy қызметкерінен орталыққа келетін ерекше балалардың (психологиялық дамуындағы тежелу, тілінің кеш шығуы), аутизм диагнозы қойылған балалар) қабілеті туралы айтып беруін сұрадық. Мұндай баласы бар ата-анадағы негізгі мәселе – оның ерекше екенін мойындағысы келмейді.

Орталыққа келген ата-ана «Баламда бәрі жақсы деп айтыңызшы» деген сөзді біздің аузымыздан естігісі келіп тұрады. Маманнан маманға жүгіріп, уақыт жоғалтып алады. Ата-аналарға айтарымыз, неғұрлым балаңыздың ерекше екенін мойындасаңыз, соғұрлым оның бойындағы қабілетті ашып, ортаға бейімдейсіз. Әрине, ата-анаға да оңай емес, себебі мұндай баламен жұмыс қалыпты балаларға қарағанда екі есе жауапты болуды, екі есе көңіл бөлуді қажет етеді. Біздің қоғам да оларды қабылдауға дайын емес, ата-анаға баланы өзімен бірге алып жүрудің өзі қиындық тудырады. Мұндай баладан көп нәрсені талап етудің қажеті жоқ. Қарапайым жазу, сызу, алғашқы сөзін айтудың өзі —  үлкен жетістік. Мұндай балалардың арасында суретті керемет салатындары болады. Аутизмі бар балаларға қарапайым нұсқаулықты орындай алу — жетістік. Біреуіне жетістік болған нәрсе екіншісіне болмауы мүмкін, — дейді ол.

бала қабілет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Елжас Ертайұлы бала бойындағы қабілетті дамытуға себеп болатын 3 факторды атады. Оның алғашқысы — әке-шешенің ортақ көзқараста болмауы, бала тәрбиесінде ауызбіршіліктің жоқтығы кедергі келтіреді. Анасы баланы қолдап, әкесі баланы қабылдамайтын, түсінгісі келмейтін жағдайлар көп кездеседі.

Екіншіден, қаржылық мәселені реттеуде құндылықтардың ауысып кетуі тікелей әсер етеді. Қаржыны реттеудегі құндылық материалдық бағытқа көбірек бұрып кетсе, онда бала арманына, қалауына қол сілтей салу оңай болады. Балаға салған ақшаның қайтып келуі немесе келмеуі маңызды емес. Маңыздысы — баланың өзін табуы. Өзінің сүйікті ісін табуы. Ал материалдық тұрғыдан қараса, екі есе қайтып келу ықтималдылығы жоғары.

Үшіншісі — баланы танымау. Жоғарыда айтқанымдай, баламен сөйлеспей, оны тыңдамай, ата-ана өзі қалаған үйірмеге, мамандыққа береді.

Қабілет – баланың бейімі, қолынан келетін ісі. Осы қабілетті дамыту үшін қоғам болып түсінікті дұрыс қалыптастыру керек. Сөз соңында айтарым, біз жетістік пен бақыт түсінігінің ара-жігін ажырата алмаймыз. Жетістікке жеткен баланың бәрі бақытты деп ойлайды. Жетістік ми арқылы, бақыт жүрек арқылы болады. Бақытты болған адамның жетістікке жету ықималдылығы жоғары, ал жетістікке жеткен адамның бәрі бақытты деп айту қиын. Балаларымыз бақытты бола отырып, жетістікке жетсін! , — дейді маман.

Елжас Ертайұлы кейінгі уақытта балалардың бірін бірі соғып, қатыгездік танытуының себебі туралы да айтты.

Біздің қоғамның ең басты проблемасының бірі — осы. Педагогикада мынадай принцип бар. Жазалау жазалауды үйретеді. Жазаланған бала өзі де біреуді жазалауды үйренеді. Бала үйде, мектепте қысым көрсе, оның іші агрессияға толады да, өзінің күші жететін балаға агрессия жасайды. Кез келген қоғамда болып жатқан балалар қатыгездігінің түбі — отбасынан көрген жазаның әсері. Баламен дұрыс қарым-қатынас, тыңдай алу арқылы ғана бұл жағдайды шеше аламыз, — дейді ол.

Нарқыз Ерес