— Райымбек, Жанболат, мамандандырылған арнаулы мектептерге сұраныстың артуы нені білдіреді? Бұл жалпы білім беретін мектептерде білім сапасы төмен деген сөз бе?
Райымбек Қабылбек: Қазақстандағы орта мектептердегі білім сапасы төмен деп кесіп айта алмаймын. Қазір көп ата-ана баласының жақсы ортада, сапалы білім алып шыққанын қалайтынын білемін. Екеуіміз де ауылда өстік. Ауыл мектебінде оқыдық, кейін физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мектепті бітіріп шықтық. Осының арқасында өзім Мәскеуде білім алдым, ал Жанболат Америкада тәжірибе жинап, тіл үйреніп келді. Қалай десек те, мектеп баланың болашағына әсер етеді. Мұны қазіргі ата-ана да, бала да түсінеді. Сол себепті арнаулы мектептерге түсуге талпынады.
Біз мектепте оқыған кезде де Назарбаев зияткерлік мектебі болды, бірақ атағы шыға қоймаған еді. Көпшілігі байдың балалары ғана оқиды, бәріне бірдей түсу мүмкін емес деп ойлады. Ал қазір жағдай өзгерді. Баласын осындай мектептерде оқытқысы келетіндер көбейді. Сол себепті бәсеке де жоғары. Ал бұған дайындық керек.
Focus academy білім беру орталығын ашуымызға да осы нәрсе себеп болды. Таныстарымыздан, достарымыздан сұраныс көбейе бастады. Кейбірінен «Мамандандырылған мектепте оқыдың ғой», «Жүйені білесің, баламның дайындалуына көмектесші» дегендей ұсыныс та түсті. Бұған қоса, коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде білім сапасы төмендеді. Өйткені Қазақстан онлайн білім беруге толық дайын болмады. Сәйкесінше, баласының білім алуына, оның болашағына алаңдайтын ата-ана тарапынан қосымша білім беру орталығына сұраныс көбейе бастады.
Жанболат Түзел: Меніңше, мамандандырылған мектептерге түсушілердің көбеюі жалпы білім беретін мекемелерде білім сапасы төмен дегенді білдірмейді. Алайда мектеп саны жетіспейтіні, кейбірінің әлі күнге дейін үш ауысыммен оқитыны, бір класта 30-35 балаға дейін білім алатыны сияқты проблемалар бар.
Кез келген ата-ана баласының тек жақсы ортада білім алып, жан-жақты болып өскенін қалайды. Сол себепті арнаулы мектептерде оқытқысы келеді. Орта мектептердің өзінде білімді, тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді, бірақ педагог оқушы саны көп болғаны себепті 45-50 минутта барлық баламен жұмыс істеп, оларға көңіл бөліп үлгермейді.
Ал Білім-инновация лицейі, Республикалық мамандандырылған физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі замануи форматта білім береді. Мұндағы бір кластағы оқушы саны 25-тен аспайды және бұл тәртіп қатаң сақталады. Сабақ беретін мұғалімдер де қатаң іріктеуден өтеді. Оқушылар да сынақ тапсырады. Мұғалімді де, оқушыны да іріктеп алғаннан кейінгі жұмыс та нәтижелі болады. Бұл мектептер балаға сапалы білім беріп қана қоймайды, өмірін өзгертуге ықпал етеді.
— Орталықта жұмыс істейтін репетиторлар 1,5 жылға жуық қашықтан оқыған балалардың білімі туралы не ойлайды?
Райымбек Қабылбек: Баланың қашықтан оқығанға дейінгі және одан кейінгі білімінде бәрібір айырмашылық бар екені байқалады. Кейбірі қарапайым дүниелерді ұмытып қалған. Бұл баланың да, мұғалімнің де кінәсі емес. Жағдай солай болды. Ең әуелі орталыққа келген бала тест тапсырады. Тест тапсырмалары бала білуі керек әр тақырыптан жасалған. Мұның өзінен хабары болмай, орындауға қиналып жатса, әуелі осыларды оқытамыз, содан кейін ғана бағдарламаға көшеміз. Өйткені іргетасы мықты болуы керек. Жіберіп алған тақырыптарды меңгермей, арнаулы мектептерге түсуге дайындық нәтиже бермейді.
— Арнаулы мектептер қоғамда әлеуметтік теңсіздік тудырып отыр деген пікір айтылады. Мұнымен келісесіздер ме?
Жанболат Түзел: Әлеуметтік теңсіздік тудырып отыр дегенмен келіспеймін. Өйткені мұндай мектептерге түсуге барлық бала үміткер бола алады.
Райымбек Қабылбек: Арнаулы мектептерге тек ақылы түрде оқуға болады десек, онда әлеуметтік теңсіздік тудырады деп айтуымызға болар еді. Мұнда бай немесе кедей деп ешкімді бөлмейді. Тамағы, тұратын жері, киімі, білімі, бәрі-бәрі тегін болады және бұған ауыл да, қала да, әлеуметтік жағдайы жоғары да, төмен де отбасынан шыққан баланың мүмкіндігі бар.
— Ауылда тұратын, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар мамандандырылған мектептерге түсуге қалай дайындала алады?
Жанболат Түзел: Қазір біз ауыл балаларын арнаулы мектептерге дайындау үшін онлайн курсты қолға алып жатырмыз және арзан етіп ұсынып отырмыз. Мүмкіндік бәрінде бар. Бұл курс бойынша бір ғана пән емес, бес пәнді бірдей оқытамыз. Меніңше, балаға сапалы, жүйелі білім беру ауыл, қала деп бөлінбейді, бірақ қала және аудан орталықтарында тұратын ата-ана балаға көбірек көңіл бөлетініні өтірік емес. Ал ауылда тұратындар балаға инвестиция құйғысы келмейді. Баланың білім алуын тек қаржылай қолдап қойып, көңіл бөлмейтіндер де бар. Бұл да дұрыс емес.
— Мамандандырылған мектептердің қабылдау емтиханына дайындайтын орталықтар жыл сайын оқушылардың орта балын көбейтіп, грант алу бәсекесін күшейтіп отыр деген де пікір бар…
Жанболат Түзел: Қазіргі уақытта Назарбаев зияткерлік мектебінің географиялық ауқымы кеңейіп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мектеп тек ірі қалаларда болатын. Сол себепті арнаулы мектептерге дайындайтын курстар саны көбеюінен қорқудың қажеті жоқ, өйткені мұндай білім беру ұйымдарының филиалы да көбейіп жатыр.
Қосымша білім беру орталықтары үнемі мінсіз болып қалмайды, алғашқы бір немесе екі жыл сапалы білім беруі мүмкін, бірақ кейін бағдарламасы жаңармай қалады, мұғалімдері ескі формат бойынша оқытады. Бір сөзбен айтқанда, даму жоқ. Ал жаңадан ашылған орталықтар солардың олқылығын түзеп отырады.
— Орталық балалардың арнаулы мектептерге түсуіне кепілдік бере ме?
Райымбек Қабылбек: Орталықтың білім беру бойынша мектептен айырмашылығы бар. Әр балаға әртүрлі тәсілмен түсіндіреміз. Мектептерде «Бары осы, түсінсең де, түсінбесең де — осы», «Формуланы жаттап алыңдар» деуі мүмкін. Ал біз балаға ештеңені жаттатқызып, әурелемейміз, тек оның мәнін ұғындыруға тырысамыз. Өзіміз физика-математиканы тереңдететін мектепте оқығанда ештеңені жаттамадық. Соның арқасында әлі күнге дейін бәрі есімізде. Орталыққа келетін балаға да осыны түсіндіруге тырысамыз. Ынтасы мен ниеті, оқуға энергиясы бар кез келген бала арнаулы мектепке түсе алады. Өйткені мұнда түсу емтиханында кездесетін материалдардың барлығын қамтимыз, оқытамыз, үйретеміз.
Авторлық бағдарламамыз бар. Бұл бағдарлама мамандандырылған мектептердің өкілдерімен бірге құрастырылған. 5 кластағы математика курсында 30-ға жуық тақырып бар десек, соның 15-20-ы түсу емтиханында келуі мүмкін. Баланы онсыз да бес пән бойынша дайындалады, сол себепті қалған тақырыптарды түсіндіріп, басын қатырмаймыз.
Жанболат Түзел: Ешқандай оқу орталығы 100% кепілдік бермейді. Өйткені бұл жерде бәрі тек оқу орталығына байланысты емес. Бала берілген тапсырманы орындаса, ата-ана оның білім алуына жағдай жасаса, міндетті түрде нәтиже болады. Мұның бәрі келісімшартта көрсетіледі. Әр ата-анаға түсіндіреміз, құжатқа қол қоямыз. Екі тараптың да міндеттері анық көрсетіледі, жазылады. Екі апта сайын сынақ жұмыстарын аламыз, талдау жасаймыз, ата-анамен байланыста боламыз, үнемі ескертіп отырамыз. Ата-ана тек бізден емес, өзіміз де олардан талап ететін кездер болады.
Орталықты биыл маусым айында аштық. Көп уақыт өтпеді. Баласын оқытқысы келіп хабарласқан ата-ана бізден ең әуелі нәтижені, яғни қай мектепке қанша бала түскені жөнінде ақпарат сұрайды. Бізде әзірше мұндай ақпарат жоқ, бірақ осы аз уақыт ішінде баланың мектептегі бағасы жақсарғанын айта аламыз. БЖБ және ТЖБ бойынша 50-60 балл алып жүрген балалар қазіргі күні 90-100 балл аралығында нәтиже көрсетіп жатыр.
— Орталықта сабақ беретін репетиторларды қалай іріктейсіздер?
Жанболат Түзел: Репетиторлармен кем дегенде бір жылға келісімшартқа отырамыз. Мамандандырылған мектептерде жұмыс істеген, оларды бітірген түлектерге басымдық береміз. Өйткені жүйені біледі, балаға бірдеңе үйрете алады. Алайда тек бұған мән беру қате болар еді. Репетиторларды бес кезең бойынша іріктедік. Әңгімелесуден өтеді, психологиялық және білім деңгейін анықтайтын тест тапсырады. Сынақ ретінде сабақ өткізеді. Мұғалім тек баланы оқытып қоймай, оның көңілін таба білуі керек. Дос болуы қажет. Осыны қарап көреміз. Қанша жерден білімді болып тұрғанның өзінде баламен жұмыс істей алмаса, қоштасамыз.
Қазіргі репетиторларымыз баланың бойындағы сенімді оятады, онымен бірге үздік мектепке түскеннен кейін өмірі қалай өзгеретінін ойша елестетеді, осылай мотивация береді.