Педагог не дейді?

БЖБ — бөлім бойынша жиынтық бағалау. Бір тоқсанда бірнеше бөлім болуы мүмкін. Оқушының әр бөлім бойынша білімі мен біліктілігін тексеру үшін осы БЖБ алынады. Тапсырманы орындауға 15-25 минут беріледі. Оған шамамен 10-18 балл қойылады.

ТЖБ — тоқсандық жиынтық бағалау, яғни әр тоқсан аяғында алынады. Оқушыларға оны орындау үшін 40 минут беріледі. Жұмысы 30 баллға дейін бағаланады.

Тарих пәнінің мұғалімі Майра Ауесбаева 2018 жылдан бері жаңа бағдарлама бойынша дәріс беріп жүр. Оның айтуынша, БЖБ мен ТЖБ қиын дүние емес.

Майра Әауесбаева
Майра Ауесбаева. Фото жеке архивінен

«Кезінде тапсырмаларды тест, диктант, бақылау жұмысы деп атайтынбыз. Ал қазір барлық пән бойынша алынатын бақылау жұмысын БЖБ және ТЖБ дейміз. Айырмашылығы осы ғана. Қазір оқушылардың қашықтан оқуына байланысты тек бір бөлім бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі», — дейді мұғалім.

БЖБ және ТЖБ тапсырмаларында критерий мен дескриптор көрсетіледі. Критерий — баланың берілген материалды қандай шарттарға негіздеп орындағанын, меңгеруі керек екенін белгілейтін көрсеткіш. Ал дескриптор — тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты қадамдарды көрсететін сипаттама.

Мысалы, тапсырма бойынша бала гүлдің суретін салуы керек. Оған мынадай критерий қойылуы мүмкін: тамырын, сабағынының суретін салу, гүл күлтелері домалақ формада болуы керек, кейін гүлді бояу қажет. Бала сол критерийге сүйене отырып, тапсырманы орындайды. Ал мұғалім әр шарттың орындалуына қарай бағалап отырады. Мысалы, гүл тамырын салғаны үшін 2 балл, күлтесін бейнелегені үшін 2 балл деген сияқты. Осы әдіс арқылы оқушы мен ата-ана қай тапсырма үшін қанша балл алғанын нақты біліп отырады. Меніңше, бұл — тиімді тәсіл. Мұғалім баланың әр тақырыпты қаншалық меңгергенін қадағалай алады. Ал оқушы тапсырманы терең зерттеп, өз бетімен іздене бастайды, логикасы дамиды. Теория тапсырмаларын түрлі жағдаймен байланыстыруды үйренеді, — дейді Майра Ауесбаева.

Педагогтың айтуынша, алғашқыда Білім және ғылым министрлігінен БЖБ және ТЖБ бойынша дайын сұрақтар берілген. Дегенмен ол тапсырмалар ашық дереккөзге жарияланып, оқушылар интернеттен жауабын көшіруді әдетке айналдырған. Сол себепті қазір әр мұғалім дәріс беретін пәні бойынша БЖБ және ТЖБ сұрақтарын өзі құрастырады.

Оқушылардың тапсырма жауабын интернеттен көшіретінін байқаған министрлік мұғалімдерге өз бетінше тапсырма дайындау туралы ұсыныс білдірді. Меніңше, бұл дұрыс шешім болды. Себебі әр баланың деңгейін оның мұғалімінен жақсы ешкім білмейді. Әр пән оқытушысы әр класс оқушыларының сыни ойлау қабілетіне, біліміне, дағдысына қарай сұрақтар дайындайды, — дейді мұғалім.

Дегенмен Майра Ауесбаева жаңа мазмұндағы бағалау жүйесінің артықышылығымен қоса бірнеше кем тұсы бар екенін де атап өтті. Оның айтуынша, кей баланың білімі әділ бағаланбайды. Ал электрон форматқа көшкен мұғалімдер жұмысы қайта қағазбастылыққа ауыса ма деп алаңдайды.

Кей оқушы сабаққа қатыспайды, тапсырманы орындамайды. Бірақ БЖБ мен ТЖБ кезінде жоғары балл алады. Ал тоқсан бойы белсенді қатысқан бала екі бақылау жұмысынан төмен баға алып қалып жатады. Мұндай кезде оқушыға әділ баға қою қиын. Сол себепті біз БЖБ мен ТЖБ-ға дейін оқушыны дұрыс бағалауға тырысамыз. Екінші мәселе — қағазбастылық. Офлайн сабақ кезінде БЖБ мен ТЖБ тапсырмасын А4 параққа шығару керек. Бір класта 20 бала бар десек, 40 парақ тапсырма дайындаймыз. Сонымен бірге мұғалім бір класқа ғана сабақ бермейтінін ескеріңіз. Осы кезде мұғалімдер қайтадан қағаз астына көміле ме деп уайымдайсың, — дейді мұғалім.

Ата-ана не дейді?

2020 жылы елде 25 мыңға жуық ата-ана бөлім үшін жиынтықты бағалауға (БЖБ) және тоқсан үшін жиынтықты бағалауға (ТЖБ) қарсы change.org порталындағы петицияға қол қойған. Олардың ішінде Алматы тұрғыны Айсәуле Жамыханова да бар. Оның айтуынша, БЖБ мен ТЖБ кесірінен 6 класста оқитын қызы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.

Түсте бастаған сабағын түнгі он-он бірде әрең бітіреді. Күніне 6-7 пән оқиды. БЖБ мен ТЖБ кезінде одан әрі қиналып кетеді. Енді ойлаңызшы, 7 сабақтан — үй тапсырмасы, 7 сабақтан — БЖБ. Балаға күніне 14 жұмыс ауыр емес пе? Таңнан кешке дейін телефон мен компьютердің алдында отырып мұрнынан қан аққан кез болды. Қызыма БЖБ мен ТЖБ үшін қатты алаңдамауын айтамын. Бірақ қорытынды бағасы соған қарай қойылатынын айтып, жанталасып жатады. Одан төмен балл алса, төмен баға қойылады екен. Сонда оған дейінгі талпынысы неге ескерілмейді?, — дейді ата-ана.

Балалар кітап
Иллюстрация: Dribbble.com/©Unini

Алайда тағы бір ата-ана Назерке Бекболатова бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, БЖБ мен ТЖБ тапсырмалары балаға өз бетімен жұмыс істеуді үйретеді.

Балаға бұрынғыдай қатып қалған есеп-қисап, сұрақ-жауап берілмейді. Оқушының сыни ойлауына, логикасына қарай тапсырмалар беріледі. Ал бала іздену арқылы орындайды. Керісінше, оқушы өз бетімен жұмыс істеп, жауапкершілікті сезіне бастайды. Сол себепті аса дүрлігудің қажеті жоқ, — дейді ата-ана.

Министрлік не дейді?

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: Karaganda-region.gov.kz

Министр Асхат Аймағамбетов PISA және TІMSS  халықаралық зерттеулерінде Қазақстанның нашар көрсеткішке ие болғанын айтады. Бұл ұйымдардағы халықаралық сарапшылар қазақстандық шәкірттердің сынақ-эксперименттер жүргізе алмайтынын анықтаған. Яғни біздің оқушылар ғылыми танымдарын жеткізе алмайды, теорияны өмірдегі жағдайлармен байланыстыруға шорқақ.

«Біз теорияға басы артық екпін түсіруден арылуға және оқушыны алған білімін практикада қолдануға үйретуге тиіспіз. Зерттеу көрсеткендей, біздің оқушылар негізінен күрделі мәтіндерді түсінбейді, одан басты ақпаратты бөліп алуды білмейді, өз көзқарасын негіздеуде және талдауда қиналады. Осы себепті білім беру мазмұнын жаңартудамыз. Яғни, оқыту әдістерін, бағдарламалар мазмұнын және құрылымын қайта қарап жатырмыз. Дәл осы жаңарған білім беруге көшуімізге байланысты БЖБ мен ТЖБ білім жүйесіне енгізілді. 5 балдық бағалау жүйесі әбден ескірді және білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстарына сәйкес келмейді. Ал жаңа бағалау жүйесі Қазақстан аумағында жұмыс істиейтін халықаралық мектептердің тәжірибесіне негізделді», — дейді министр.

Білім және ғылыми министрі БЖБ мен ТЖБ-ның бірнеше артықшылығын атап өтті. Біріншісі — оқушы бағасы мұғалімнің көңіл-күйіне немесе қалауына тәуелді болмауы. Екінішісі — оқушының әр бөлімді қалай игергенін, деңгейін бақылап отыру. Үшіншісі — бағалаудың оқушы, ата-ана, мұғалім үшін де нақты әрі мқлдір болуы.

Сондықтан БЖБ мен ТЖБ-ны жоюды орынсыз деп санаймын, – деді Асхат Аймағамбетов.