Басты бетҚоғамСоциалистік Еңбек...

Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы атап өтілді

Бұл туралы Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Онлайн конференцияға, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шиелі ауданының құрметті азаматы П.Архабаев, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және Zoom платформасы арқылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Су ресурстары және мелиорация кафедрасының профессоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Р.Алексей, Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда университетінің Су шаруашылығы және жерге орналастыру кафедрасының доценті С.Өмірзақов, Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда университетінің аға оқытушысы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы И.Таутенов қатысты.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің институтының ғалымдары қатысты.

Конференцияда аудан әкімі Н.Мақұлбеков биыл қазақ елі үшін ерекше тарихи жыл екенін, Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығымен бірге Ыбырай Жақаевтың мерейтойы қатар келіп отырғанын айтты.

Әлемге Сыр күрішін әйгілеген Ыбырай Жақаев бабамыз – өз бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан, ақ күріштің атасы, Дала академигі. Диқаншылық еңбекті Сыр суын кәдеге жаратып, дарияны ырыс арнасына айналдыру мақсатында жүргізілген канал қазу жұмыстарына қатысудан бастады. Жерге деген сүйіспеншілігін қиындыққа қаймықпай, табандылық пен мұқалмас жігерлікпен,еңбек етумен танытты. Тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек. Бұл – Ыбырай атамыздың ұстанған философиясы еді. Соғыс майданында қаза болған тұңғыш ұлының кегін алудың көзі- астықтан мол өнім алумен қайтаруды алдына міндет етіп қойды. Фашистерді жеңген Ұлы Жеңіс -диқанның еңбекте де зор табысқа ие болған жылы еді. Әр гектардан 156 центнерден өнім алып, елімізде ешкім, еш уақытта алып көрмеген ғажап жетістікке жетті. Ал 1949 жылы қарауындағы 5 гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден дән жинап, дүниежүзілік рекорд жасады, – деді аудан әкімі.

Конференция соңында, аудан басшысы Н.Мақұлбеков Сыр елінен түлеп ұшқан тұлғаларымыздың есімі ел есінде мәңгі сақталатынын айтты.