— Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлыққа қол қойды. Енді 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толық көшу жоспарланып отыр. Сіздіңше, 4 жыл ішінде осыған байланысты қандай өзгеріс болды?

— Иә, латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу 2025 жылға дейін жоспарланған. Алайда бұл мемлекет президентінің жарлығы негізінде жүзеге асырылады, ал қазір әліпбидің соңғы нұсқасын бекіту күтіліп отыр. Ал осыны жүзеге асыру бағытындағы 2017 жылдан басталған процеске келсек, көз алдымызда біраз жұмыс атқарылды, әлі де жүріп жатыр. Жасалған жұмыстың әрқайсы уақытында көпшілікке таныстырылып жатыр. Дүркін-дүркін өткен отырыстар, басқосулар, ашық, арнайы талқылаулар, республикалық, халықаралық семинарлар мен конференцияларды айтпағанда, мамандар мен білім алушылар арасында экспериментал зерттеулері үшін сынама-сауалнамалар өтіп, тәжірибе сабақтары жүрді, түрлі тест алынды, сарапталды, мамандар талқысына ұсынылып отырды. Әліпбидің 40-тан астам нұсқасы жасалды. Қазіргі кезеңде латыннегізді әліпбидің жетілдірілген нұсқасы әзірленген. Ондағы кейбір таңбаға ғалымдардың көзқарасы әлі бір жерге тоғыспайды. Дегенмен осы нұсқа көпшілік қолдауына ие болып отыр.

— Латын әліпбиіне көшу кезінде қандай мәселелер пайда болды немесе шешімін тапты?

— Әрине, әліпби өзгерісі жаңа емле ережелерінің өзгерісін талап етеді. Демек, тіл реформасы да жасалады деген сөз. Қазіргі кезеңде ғалымдар назары осы тіл реформаларында. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары жаңа емле ережелерін әзірлеп, ұсынды. Бірнеше мәрте талқыланып, екшелу үстіне екшелуде. Ереженің бүтіндей шешім табуы үшін әуелі оның әліпбиі нақты бекітілуі керек. Сондықтан жасалған істі жасалды, әлі де іске асырылуы күтіліп отырғанын «процесте» деп айтқан жөн.

Жаппай жаһандану, мультимәдени кірігулер мен қоғам санасының өз еркімен әрі еріксіз ассимиляциялануында тілдің ұлттық мазмұнын сақтау қиын сұрақ және ол көптеген тілдің алдынан шығып отыр.

Осындай ахуалда ұлттық идеяға құрылған ұлттық тілге реформа жасау мәселесі «көпұлтты» деп есептелетін мемлекеттер үшін, әлбетте ғылыми дискуссияның ұлғаюына әкеледі. Тіліміздің ұлттық бояуы, тұлғасы мен әуезі өзгеріске ұшырағаны, грамматика отарлауын басымыздан кешкеніміз мәлім. Қисық қабырғаны бірден тікейтсең, сынып кететіні секілді, бұл іс те бірте-бірте аса сауатты жүргізілуі қажет. Сондықтан тіл реформасына келгенде, әр ғалымның өз ұстанымы бар. Тек осы идеялардың түпкі мақсаты бір, туған тіл үшін пайдалы болуы маңызды.

— Азаматтар көше, дүкен, мекеме атауын латын қарпімен жазып, жаңа әліпбиді қолданып жүр. Дегенмен оның көбі қате жазылған. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

— Меніңше, осының екі жағы бар. Жаңа әліпби әлі бекітілмегені себепті күту орынды. Арбаның алдынан дөңгелегін оздыруды өз басым қолдамаймын. Екінші жағынан, жұртшылықтың көзі үйренуіне, визуал қабылдауын орнықтыруға қажет те шығар.

Ал қате жазуға келсек, қазақ тілінде латын тұрмақ, кирилл қарпінде де қате жазу көп. Оған ұйым, компания, өнім және тағы басқа қожайындарының мемлекеттік тілге деген немқұрайлы қарым-қатынасы, осыны жазумен айналысқан мамандардың сауатсыздығы, түрлі білместік, Тіл туралы заңдағы солқылдақтық себеп болады. Жарнама және тағы да басқа қателермен күрес жүргізу үшін арнайы заң негізіндегі талап болуы, оны қадағалайтын мемлекет басшысына ғана қарасты құзырлы органның болуы, айыппұл қарастыру, салынатын айып мөлшерін қайталанған жағдайларда өсіріп отыру, тіпті сауатты жарнама үшін ынталандыру, ең негізгісі осыларды заңдастыратын құжат болуы көмектеседі деп ойлаймын.

«Тіл-Қазына» ҰҒПО «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Осында қаншама компания сайттарындағы қателер мен мемлекеттік тілдің қолданыс таппауы бойынша ырғасқан, талап еткен полемикаларға, жазбаша талаптар мен жауаптарға куә болып отырмыз. Бұл да жеткіліксіз. Бұл тек хат арқылы жүзеге асырылады, айыппұл қарастырылмайды. Шындығында, республика көлемінде әр облыс, қала, аудан, ауыл әкімшіліктері орталықтандырылған қадағалау мен шынайы есептік талдаулар болуы қажет. Оның бәрі тікелей электрон басқару жүйесіне көшірілсе, тіпті оңтайлы.

— Биыл 1-класс оқушылары жаңа әліппемен қауышты, бірақ оқулық бұрынғыдай кирилл қарпімен жазылған. Неге жаңа оқулықты бірден жаңа қаріппен бастамасқа?

Әліппемен қауышқан бүлдіршіндер үшін қуаныштымыз. Әліппені латын әліпбиінде бастау мүмкін емес, әліпби бекітілмеген, бекітілген күнде де оны қолданысқа енгізу қажет. Емле ережелері мақұлдануы керек. Бұл істе асығуға болмайды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Орталық Азия елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, латын графикасына асықпай көшу керек екенін айтты. Сіздіңше, бұл «асықпай» процесі қалай жылжуы қажет? Қазір тек мекеме, көше атауының өзгергенін ғана көріп отырмыз. Ендігі кезекте қандай жұмыс жасалғаны жөн деп ойлайсыз?

— «Асықпай» дегеннің астарында көп нәрсе жатуы мүмкін. Қанша дегенмен өз мемлекетіміздің ішіндегі тілге қатысты пікірдің алуан болуы, көп қазақтың қазақша білмеуі, тілдік ортаның ассимиляциясы, сыртқы саяси факторлар мемлекет басшысының назарында деп білеміз.

Ал маман ретінде айтарым, тіл – қарапайым қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл қоғам өмірінің қай саласында да шешуші роль атқаратын жұмсақ әрі суық қару. Саясаткер ұстаса — саяси, лингвист ұстаса — ғылыми, жазушы ұстаса — көркем-эстетика, рухани-идеялық мазмұн алады. Оны сол үшін де қалай болса, солай пайдалануға болмайды. Сондықтан тілге қатысты кез келген мәселенің басында мықты мамандар, тілдің табиғаты мен жұмсалым тәсілін білетін, оңтайлы басқара алатын көреген кісі тұруы керек. Осыны жөнді ұға да бермейтіндіктен «менбілемдікке» басатын жағдайлар жиі. Бұл саладағы ғылыми айтыстар да орынды. Тек жоғарыда айтқанымыздай, түп мақсат ұлттық тіл үшін бір және залалсыз болуы керек. Асықпай шешім қабылдаудың сыры да осында.

Әліпби мен жаңа жазу реформасы атауларды өзгертумен біте қалмайды ғой. Оны жақсы маман, білікті жұрт ұғып та отыр. Тілдік ортаның мейлінше бұзылмай тұрған уақытында латын графикасына басқа түркі елдеріндегідей көшіп алмадық, өзге жұрттық қабағына қарадық. Енді содан кешіккен соң бұл созылуы заңды да. Түбі нәтижелі болса дейміз. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, біз әлі ұлы істердің алдындағы процестерді талқылап жүрміз. Нағыз жұмыс әліпби қабылданып, емле бекігенде басталады. Бұл жерде мен үгіт-насихат шараларын айтып отырғаным жоқ, сана өзгерістеріне бастайтын ұлы қарекеттерді меңзеп отырмын.

— Ұзақ мерзімді жоба халық сауатсыздығына алып келмей ме?

— «Халық сауатсыздығы» дегенді қабылдай алмаймын. Ешқашан біздің халық сауатсыз болған емес, болмайды да. Ал грамматикадағы, тілдесімдегі келеңсіздіктер туралы болса, ол қазір де бар, бола береді, оны бүткіл дүние халқы бастан кешіріп отыр. Дәл қазір кирилдегі орысша-қазақша аудармашылық санамыз осыны тудырды.

Графика өзгерісі, иә, жазуға ғана емес, әр тұтынушысының санасына әсер етпей қоймайды, психологиялық та жайсыздық тудырары бар. Дегенмен ол – өтпелі процесс. Талай нарықтық-экономикалық төңкерістерді кейінгі уақыттарда бастан кешіп отырған жұртпыз. Соның бірі секілді өтеді, олардан өзгешелігі, руханилығының басымдығы. Әркім графикаға қатынасының деңгейінде, жеңіл не ауыр қабылдауына байланысты бейімделеді. Сондықтан графика ауысқан жағдайда қалыпты қабылдаған ұтады.

— Жалпы 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толық көшіп үлгереміз деп ойлайсыз ба? Сіздің пайымдауыңызша, қандай деңгейге, жетістікке жетеміз?

— Межелі уақытта бір нәрсеге жетеміз деу үшін оның қандай ауқымды егжей-тегжейлі қамтитынын бағамдау керек және жоспарлы істердің уақытымен орындалуы жағдайында ғана мүмкін. Біз шегерілдік. Ал жетістікке жету дұрыс стратегияға, жауапкершілікті орындауға қатысты уақыт құзырында.

Айтарым, графика ауыстыру тілдік реформаны жүзеге асырып, рухани отарлықтан ұлттық сананы құтқарудың, мәдени кеңістікті ұлғайтудың  төте жолы ретінде аталып жүр. Дұрыс-ақ! Ойлап қарағанда, оның басқа да жолдары бар. Тәуелсіз жұрт қолында тұтынып отырған барын да ұқсатып, жөндеп ала алады. Ал латын графикасы қабылдануы кешігумен бірге санамыздың жат жетекте жүруі жалғаса бермек пе?! Әлде, мүлдем олай емес пе?! Бұл жағын да ойлау керек.

— Әңгімеңізге рақмет!