Жалпы, бұл сериядағы құрылғылар ерекше, көзге бірден түсетін және көңілге жағатын қасиеттерімен белгілі. Жаңадан шыққан әр ZenBook ең талғампаз деген адамның өзін таң қалдыра алады. Біз байқап көрген Zenbook 13 OLED UX325 осы дәстүрді бұзбаған сыңайлы.

Baribar.kz порталының редакторы Мейірман Лес біршама уақыт бұл ноутбукты қолданып көрген болатын. Әріптесіміздің ой-пікірін де оқырманға жеткізіп отырмыз.

Мейірман Лес. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Ноутбук сипаттамасы
Процессор 11-ұрпақтағы Intel Core процессорлары (Core i7-ге дейін – ноутбук конфигурациясына байланысты)
Операциялық жүйе Microsoft Windows 10 (Windows 11-ге тегін өту мүмкіндігімен)
Видеокарта Intel Iris Plus Graphics
Дисплей 1920×1080 Full-HD
OLED-дисплей
NanoEdge (жиегі өте жұқа дисплей)
Қанықтығы 400кд/м2
100% DCI-P3
PANTONE Validated сертификаты
TÜV Rheinland эрганомика сертификаты
Оператив жады 8 Гб / 16 Гб / 32 Гб (ноутбук конфигурациясына байланысты түрлі нұсқасы бар)
Жады 1 Тб дейін SSD (ноутбук конфигурациясына байланысты)
Порттар мен ағытпалар 1 х HDMI
2 х USB-C (Thunderbolt 4, DisplayPort, қуаттау режимдерінде жұмыс істеуге болады)
1 х USB 3.2 Gen 1
1 х microSD
Басқару NumberPad 2.0 тачпады (цифрлы клавиатурамен біріктірілген)
Камера Инфрақызыл камера
Аудио Harman Kardon сертификаттаған
Желі Wi-Fi 6
Bluetooth 5.0
Аккумулятор, қуаттау 67 Вт·с, 60%-ін 50 минутта қуаттауға болады
Автономды жұмыс уақыты 13 сағатқа дейін
Салмағы 1,14 кг
Ұзындығы, ені, қалыңдығы 30,4×20,3×1,39cм
Қауіпсіздік MIL-STD 810G АҚШ әскери-өндіріс стандарты талаптары бойынша сынақтан өткен

Сырт көрінісі

Ең әуелі бұл сериядағы ноутбуктердің шағын салмақ, ықшам габаритімен және тоққа қоспай ұзақ уақыт пайдалануға болатынымен ерекшеленетінін айта кетейік. Басқаша айтқанда, үйде әлде кеңседе отырсаңыз да, жолда кетіп бара жатсаңыз да, шаруаңызды бітіруге көмектеседі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ASUS-тың әдепкі сапалы қорабынан шыққан Zenbook 13 OLED UX325 жоғарыда айтылған қасиеттерді еселей түскендей. Экран диагоналі 13 дюйм ғана болатын құрылғыны қолға ұстасаңыз да, құшақтап алып жүрсеңіз де ыңғайлы, себебі салмағы бар болғаны 1 келіден сәл асады, ал қалыңдығы (жұқалығы десек те болғандай екен) 1 сантиметрге жетер-жетпес. Ноут салатын рюкзагыңыздың кез келген үлкен қалтасына салып қоюға болады, тіпті анау-мынау сөмкешеге де сыйып кететіндей. Көлемі А4 парақтың ар жақ-бер жағы ғана. Қысқасы, саяхатқа да, мейрамханаға да, кеңсеге де, үйге де қоюға мүмкіндік бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұзақ уақыттан бері басқа брендтің ноутбугын қолданып келемін. Оған дейін жүйке-жүйемді құртқан түрлі құрылғы пайдаландым. Сондықтан қазіргі өз ноутыма ештеңе жетпейді, одан басқасы ыңғайлы бола алмайды деп ойлаушы едім. Бірақ ASUS ZenBook 13 пікірімді өзгертті. Өте қатты ұнады. Ә деп қораптан шығарғанда жатырқадым, алайда пайдаланып көре келе дизайны, көрінісі көңілімнен шыға бастады. Сұр түсі ұнамды екен. Бұдан бөлек салмағын жеке-дара атап өткім келеді, өте жеңіл әрі ыңғайлы, — дейді әріптесіміз Мейірман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбуктың металл қақпағында шеңберлерден тұратын өрнек бар, ортасында логотип орналасқан. Құрылғының өзі жеңіл, мықты алюминий құймасынан жасалған. Қақпағы жұқа, бірақ майыспайды, берік. Айтпақшы, бұл Zenbook 4,6 км биіктегі қысым жағдайында жұмыс істеу, минус 25-33°С аралығындағы 24 сағаттық 7 циклге шыдас беру деген секілді АҚШ әскери-өндіріс стандарты талаптары бойынша сынақтан өткен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ASUS-тың өзге ноуттарынан таныс ErgoLift шарнирі бұл жерде де бар. Қақпағын көтеріп, ноутбукты ашқанда, корпустың артқы бөлігі автоматты түрде сәл көтеріліп тұрады. Осының арқасында клавиатура адам қолына ыңғайлана түседі – жазу жазғанға, батырма тергенге оңай. Оның үстіне бұл шешім құрылғының салқындап тұруына және дыбысының анық шығуына көмектеседі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сырт көрінісі туралы сөз қозғағанда, перифериясын, яғни қандай дүниелерді қосуға болатынын да айта кету керек. Zenbook 13 OLED HDMI, USB-C (Thunderbolt 4, DisplayPort, қуаттау режимдерінде жұмыс істеуге болады), USB 3.2, microSD-мен жабдықталған. Қысқасы, өзіңізге керек кез келген заманауи форматта жұмыс істей аласыз. Иә, құлаққап қосуға арналған порт жоқ, бірақ қораптың ішінде арнайы өтпелі сым бар екен, соны қолдануға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мейірманға HDMI бар екені ұнапты: «Сыртқы экранға жалғауға өте керек. Жақында ғана досымның тойында love-story көрсету үшін HDMI-ы бар ноут іздеп әуреге түстік, себебі менікінде мұндай мүмкіндік болмады. Сол кезде осы Zenbook бұл проблеманы шешер еді. Одан бөлек USB порттары да заманауи, файл жіберіп, алу өте жылдам жүреді».

Экраны, дыбысы

Full-HD 1920×1080 көлемдегі экран NanoEdge, яғни жиегі жұқа (3 мм-ге жетпейді) OLED-дисплеймен жабдықталған. Кинематографтық түс беру (100% DCI-P3) сипаты бар, PANTONE Validated сертификаты түрлі түсті қанық көрсететінін растайды. Контентте (мысалы, ойында немесе фильмде) қандай да бір динамикалық кадр болса, оны қатырмай, шатастырмай, жылдам ойнатады. Сонымен қатар TÜV Rheinland сертификаты бар, бұл дисплейдің көзге зиянсыз екенін білдіреді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Экранның жоғарғы бөлігінде инфрақызыл камера бар. Ол адамның бет-әлпетіне қарап, тіркелген қолданушыны жүйеге кіргізуге көмектеседі.

Жалпы, дисплей суретті дәл, шынайы жеткізеді (бұл OLED-тің «арқасы»). Контрасты жоғары, қара түсті тұнықтырып көрсетеді. Күнге шағылыспайды, яғни далада отырып жұмыс істеуге де мүмкіндік бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дыбысын ASUS әйгілі harman/kardon брендінің инженерлерімен бірлесіп әзірлепті. Динамиктер корпустың төменгі бөлігіне бағытталған, оған қоса корпустың ішінде қосымша күшейтіледі.

Экраны, түстерді беруі көңілімнен шықты. OLED дисплей әр пиксельді, ақты ақ, қараны қара, сарыны сары қылып, бәрін өте анық көрсетеді. Сосын қатты ұнағаны – дыбысы. Құлаққап тақпасаң да болады, жақсы естіледі. Арнайы жүйесі бар, айналаға байланысты дыбысы өзгеріп отырады, яғни бөлмеде отырсаң немесе көшеде жүрсең, ноутбук соны өзі анықтап, бейімдеп береді, — дейді Мейірман Лес.

Өнімділігі, батареясы

Он бірінші ұрпақтағы Intel Core процессоры кез келген қолданушының қажетіне жарай алады деп сеніммен айтуға болады. Оған процессорден бөлек үйдегі немесе кеңседегі кез келген жұмысты орындауға қуаты жететін 16 әлде 32 гигабайттық оператив жады мен Intel Iris графикасы көмектеседі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Процессор машинаның моторы сияқты ең басты дүние ғой. Мұнда Intel-дің соңғы нұсқасы тұр, өте мықты. Оператив жадысы ойын ноутбуктарындағыдай. Еш қиналмай, браузерді де ашып, офис бағдарламаларын да қолданып отыра бересің», — дейді әріптесіміз.

Батарея қуатының ұзаққа жететіні – бұл Zenbook 13-тің мақтанышы. Ультрабукпен 13 сағатқа дейін таза аккумулятордың күшімен жұмыс істей аласыз. Батареяның 60%-ін 50 минутта қуаттауға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тоққа қоспай, қанша уақыт пайдалануға болады деп тексеріп көріп едім, 50 минуттан тұратын сериалдың 16 бөлімін көріп шықтым. Бір аптаның ішінде бірнеше рет қана қуаттандырдым. Кәдімгідей үзбей қолдануға, жұмыс істеуге, артынан фильм қарауға әбден жетеді, тіпті батарея қуаты артылып қалады, — дейді Мейірман.

Клавиатура, тачпад

ASUS ZenBook 13 клавиатурасы бүкіл корпустың бойына жайылып берілген. Яғни батырмалары үлкен, жайлы. Дыбысы ақырын шығады. Home, Page Up, Page Down, End батырмаларының оң жақта, бөлек бағанда орналасуы күтпеген жерден ыңғайлы болып шықты. Әсіресе мәтін теріп отырғанда қадіріне жетесіз – құжаттың кез келген тұсына бір батырмаға басып, жетіп алуға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Корпустың ортасында үлкен сенсор панель бар. Оны кәдімгі тачпад ретінде қолдануға болады, сондай-ақ NumberPad экраны кіріктірілген, яғни сандармен жұмыс істесеңіз, тачпадты кәдімгі цифр блогы немесе калькулятор ретінде пайдалана бере аласыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Клавиатурасы өте әдемі басылады. Мәтін терген кезде де, басқа да операция кезінде ыңғайлы. Арнайы жарығы бар, түнде немесе қараңғы орында жұмыс істеуге көмектеседі. Тачпад кәдімгідей сезімтал екені байқалады. Бірден қозғалады, оңай басылады, бірден жауап қайтарады. Бір ғана батырмамен тачпадты өшіріп-қосатын мүмкіндік бар. Мұндайды бірінші рет көрген соң таң қалдым, ерекше көрінді, — дейді Мейірман.

Қорытынды

Шолуымызды қорыта келе, Zenbook 13 OLED UX325 ноутбугының мына артықшылықтарын атап өткіміз келеді:

  • минималистік дизайны өте әдемі
  • салмағы 1 келіден сәл асады, жұқа, ықшам, ыңғайлы
  • осыған қарамастан әскери сынақтардан өткен, яғни өте мықты, сапалы
  • батареясы өте ұзаққа жетеді
  • дыбысы анық
  • клавиатурасы мен тачпады жайлы, түрлі функциялары бар
  • смартфонның қуаттағышымен «зарядтай» беруге болады
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қысқасы, шағын, ары-бері тасып жүруге шыдас беретін, сонымен қатар көп шаруаға шамасы жететін ноутбук іздеп жүрген жан үшін таптырмас дүние. Корпусы берік, дисплейі анық. Мәтін теремін десеңіз де, мультимедиа файлдарын ойнатсаңыз да, серфинг жасасаңыз да, графикаға отырсаңыз да талабыңызға жауап бере алады. Осыған орай Zenbook 13 OLED UX325 өз класындағы ең ұтымды шешімдердің бірі деп айтар едік.

НОУТБУККЕ ШОЛУ ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ЖАСАЛҒАН

Asus logo