Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Шымкентте Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш қойылады

Фото: Аbai.kz

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке Шымкенттен еңселі ескерткіш орнату үшін байқау жарияланған болатын. Оған белгілі мүсіншілер қатысып, бірқатар нұсқаны ұсынды. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Насыр Рүстемов аяғын айқастырып, тізесін құшақтап отырған көріністі ұсынса, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Мұстафаев саябақта орындықта отырғанын суреттеді. Ал суретші, мүсінші Әлімжан Абылаев мүсіннің тұрып тұрған бірнеше нұсқасын әзірледі, – деді Шыңғыс Мұқан Facebook-тегі парақшасында.

Әкім орынбасары қалалық әкімдікте арнайы комиссияда қарап шыққан соң, Өзағаңның ұрпағымен ақылдасқанын айтып берді. Ол кісі белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашевке тапсырыс беріп, ескерткіштің бір нұсқасын дайындатып қойыпты.

Шымкентте Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш қойылады
Фото: Шыңғыс Мұқанның Facebook-тегі парақшасынан алынды
Шымкентте Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш қойылады
Фото: Шыңғыс Мұқанның Facebook-тегі парақшасынан алынды

Ескерткіштің тұғырда тұрғанын қаламаймын. Жоғарыдан төменге қарап. Ескерткіштің биік мінберде отырғанын қаламаймын. Ол кісі халықтың арасында болған. Көрісем десе де, кездесем десе де, кез келген адамның қолы жеткен. Сондықтан, ескерткіш адамның бойындай болып жасалып, халық көп жүретін бір саябаққа қоюды ұсынамын, – деді Бауыржан Өзбекәліұлы.

Шыңғыс Мұқан қайраткердің ескерткіші қалада ерекшелініп тұратынын айтты.

Еңселі ескерткіштерді тұғырда немесе ия тақ, ия ат үстінде көріп үйреніп қалған санамыз жаңа көзқарасты ә дегеннен қабылдай қоймады. Ертең барып Өзағаңның ескерткішін жүргінші жолдағы өрнектастың үстіне қоя салсақ, біразға дейін гу-гуге арқау болуы мүмкін. Бірақ күн өткен соң, жаңалық қабылданып, ерекшеленіп тұрмақ. Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткіші сонысымен құнды болмақ деп ойлаймын, – деп жазды Шыңғыс Мұқан.