Алматы облысының әкімі «Жетісу» футбол клубының халі мүшкіл екенін айтты

Амандық Баталов спорт саласына жетекшілік ететін орынбасары Арслан Дәндібаевтан, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев пен «Жетісу» футбол клубының директоры Серік Мұқановтан «Жетісу» командасының турнир кестесіндегі қазіргі ахуалына, алға қойған мақсаттардың неліктен орындалмағанына жауап берулерін талап етті.

Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, «Жетісу» командасы бүгінге дейін өткізген ойындарының қорытындысында турнир кестесінде соңғы орында тұр. Алда тағы 4 ойын өткізеді. Дегенмен, бұл ойындардың нәтижесі көп нәрсе өзгерте алмайтын сыңайлы. Команда футболшылары 4 ойынның әрқайсысына бар күш-жігерін жұмсайтын болады.

Облыс әкімі футбол клубының осындай жағдайға жеткеніне спорт саласының жетекшілері, клуб басшылығы кінәлі екенін қадап айтты.

Кәсіби клубтардың бюджетін азайту, легионерлер санын кемітіп, жергілікті футболшыларды тарту сияқты өзгерістерді Қазақстандағы барлық клубтар бірдей басынан өткерді. Сондықтан – ол себеп емес. Мәселе – футболшыларымыздың жеңілісінде де емес, олар барын салып ойнады. Мәселе – клуб басшылығының жауапсыздығында, тактикалық, стратегиялық жоспарларының жоқтығында. Әрбір ойыннан кейін басшылық ретінде жиын өткізіп, жоспар-есептерді қайта қарап, талқылау жасап, турнир кестесіндегі жағдайға байланысты түбегейлі шара қабылдауларың керек еді. Қазақстан чемпионаты аяқталсын, Жетісу футболындағы жағдай үшін барлығың да жауап бересіңдер, – деді өңір басшысы.

Атап өтсек, «Жетісу» футбол клубының жаңарған құрамында 15 ойыншысы – облыстың жас түлектері, 5-еуі – қазақстандық футболшы, 7 спортшы – легионер. Әзірге «Жетісу» футбол командасы турнир кестесінің соңында тұр.