Веб-сериал — интернет арқылы көрсетілетін видео-контент. Ол бірнеше эпизодтан тұруы мүмкін. Ұзақтығы бір минуттан басталып, шамамен 30 минутқа дейін жалғасып жатады. Веб-cериалдарға да әуелі сценарий жазылады, кейін әр образға сай актерлар таңдалады. Мұндай жанрда кино түсірушілердің басты табыс көзі — Youtube және жарнама. Мысалы, Youtube бір миллион қаралым жинаған видеоға 300 АҚШ долларын төлейді.

1980 жылы QuantiumLink атты алғашқы мәтін форматындағы веб-сериал жарыққа шықты. Жоба авторы Трейси Рид сюжет желісін интернетке жариялап, оқырмандарына бөлісті.

1995 жылы режиссер Скотт Закарин The Spot интерактив веб-сериалын түсіреді. Бұл жолы оған фото және видео-контент енгізіледі. Кинокартинада режиссер Калифорния жағалауынан жалға үй алған достарының шынайы өмірін көрсетті. Кейіпкердің әрқайсы онлайн-күнделік жүргізіп, фото, видео арқылы көрермендерге бастан кешкен оқиғасын түсіріп отырды. Сериалды көргендер кейіпкерлерге жеке хат немесе арнайы форумдарға хабарлама жіберіп, сюжет желісіне ықпал ете алды.

Мәдениеттанушы Антон Деникиннің айтуынша, веб-сериалдың пайда болуына интернеттің қарқынды дамуы әсер етті. Себебі ол көрерменмен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

сериал фильм кино
Иллюстрация: Exchange4media

Веб-сериал жанрының ерекшелігі

Хронометражы

Қазіргі аудитория ақпараттың қысқа әрі түсінікті болуын талап ететіні жиі айтылады. Веб-сериал түсірушілері де осы тенденцияны ескеретінін байқауға болады. Себебі интернет сериалдардың ең ұзағы — 15-30 минут. Веб-сериалдарда да көркем стилистика сақталған, дегенмен оқиғалар желісі жылдам өрбиді.

Қаралымды бақылау және кері байланыс

Веб-сериалдардың көрерменнің көңілінен қаншалықты шығып жатқанын жоба авторлары да, қарапайым адамдар да бақылап отыра алады. Себебі интернеттен сериал қаралымы, лайк пен дизлайк статистикасы көрініп тұрады. Сонымен бірге адамдар видео астына пікір жазып, кері байланысқа шыға алады.

Шығынның аз болуы

Бұл жанрдың тағы бір ерекшелігі — түсірілім үшін арнайы павильондар салынбайды және қымбат локациялар жалға алынбайды. Веб-сериал көбіне далада, табиғат аясында, қоғамдық орындарда түсіріледі.

Жаргон, диалект, hate speech

Қазақстандық продюсер Перизат Мырзахметтің айтуынша, веб-сериалдар аудиториясының басым бөлігі — жастар. Сол себепті кейіпкерлер қарапайым ауыз екі стильде сөйлейді, тіпті жаргон, диалект, hate speech сөздерін қосып жатады. Мәселен, қазақстандық «Қайрат» веб-сериалы алғаш экранға шыққанда кейіпкерлер боғауыз сөз қолданғаны үшін қатты сынға ілінді. Дегенмен жоба ұйымдастырушылары мен актерлеры қоғамда hate speech бар екенін алға тартып, экранда да көрсетілуі қалыпты жағдай екенін айтты.

Телевизия көп нәрсені шектейді. Ал веб-сериал арқылы шындықты көрсетуге болады. Біз өмірде адамдар бір-бірімен қалай сөйлесетінін, қарым-қатынасын ашық көрсете аламыз, — деді актер Еділ Анарбай.

Қазақстан веб-сериалдары

Кейінгі 3-4 жылда Қазақстанда веб-сериалдар қарқынды дами бастады. Көп режиссер осы жанр бойынша кинокартина түсірді.

«Трезвоз»

2019 жылы режиссер Елдар Шибанов «Трезвоз» деп аталатын шағын веб-сериал түсірді. Оның әр эпизоды 5-10 минутқа ғана созылады. Сюжет желісі ішімдікке тәуелді, үнемі жолы болмайтын сценаристің өмірін баяндайды. Бас кейіпкер телевизиядан өзінің шоу-бағдарламаларын, телехикаясын көрсетуді армандайды, бірақ қазір ол көлік жүргізуші болып жұмыс істейді.

Режиссер бұл сериал арқылы ақша табуды емес, жаңа жанрда жұмыс істеп, эксперимент жасауды көздепті.

«Құдіретті — Всемогущий»

«Құдіретті (Всемогущий)» — продюсерлар мен жарнама берушілерді қызықтырған алғашқы веб-сериал. Авторы — актер әрі блогер Ерден Телемісов. Ол екі жыл бұрын School Five Ехрегіеnсе командасымен бірлесіп 8 бөлімнен тұратын сериалды жарыққа шығарады. Онда блогер-жын танымал болу үшін оқырмандарының тілегін орындаумен әлек болады.

Бұл сериал халықаралық Realist Web Festival-іне қатысып, «Үздік инновация идеясы немесе техникасы» номинациясын жеңді. Осыдан кейін ресейлік START және CHILL VISION платформалары жоба авторларынан сериалды көрсету құқығын сатып алған.

«Қайрат»

сериал фильм
Фото: Aitube.kz

Қазақстанда веб-сериалдар Salem Social Media (SSM) түсіре бастағаннан кейін трендке айнала бастады. Бүгінде SSM өзін Қазақстанда қаралымы көп веб-сериалдардың жалғыз өндірушісі ретінде атайды. Қазір олар түсінген 40-тан астам сериал бар. Соның бірі — «Қайрат» сериалы.

«Қайрат» сериалы шынайы оқиғаға негізделген. Бас кейіпкер Қайрат — ауылда туып-өскен қарапайым жігіт. Оның өзіне тән ойлауы, арманы мен қалауы, құлшынысы бар. Ал оның ерсі қылықтары мен орынсыз әдеттерін кез келген адамнан кезіктіруге болады, бірақ өзгеру — әрбір адамға тиесілі құбылыс. «Қайрат та өзгереді, адам болады».

Сериалдың үш маусымы бар. Бірінші маусымның бірінші бөлімі 9 миллион рет қаралған.

Sheker/ Жігіттер оқиғасы

сериал фильм
Фото: Brod.kz

Sheker — оқудағы мәселелерді қылмыстық жолмен шешуге тырысқан студен жігіт туралы драма оқиғасы. Алдияр есірткі тасымалдау арқылы оңай ақша таппақ болады.

Жуырда Sheker веб-сериалы жыл сайынғы Canneseries-2021 фестивалінің байқау бағдарламасының шорт-тізіміне енді. Осылайша, отандық режиссердың дебют сериалы Канн фестивалінің номинанты атанды. Sheker — бұл фестивальде Қазақстан атынан көрсетілетін алғашқы веб-жоба.

Режиссеры — Айтөре Жолдасқали. Сериал авторлары туындыны түсірмес бұрын Қазақстанның есірткімен күрес басқармасына хабарласып, тақырыпты зерттеп көрген. Кинокартинаның екі маусымы түсірілді.

Есірткі тасымалдаумен көбіне 15-25 жастағылар айналысады. Басты мақсаты — оңай жолмен ақша табу. Біз бұл тақырыпқа толық үңілдік және өте қорқынышты жайт екенін түсіндік. Есірткімен күрес басқармасы да бұл проблема халық геноцидіне тең екенін айтып, тақырыпты көтеру қажет екенін айтты, — деді продюсер. 

«Мыстан»

«Мыстан» веб-сериалы қарапайым үш қыздың оқиғасы туралы. Томирис, Перизат және Сымбат — біздің заман адамдарын сомдаған кейіпкерлер. Олардың әрқайсы жарқын және бақытты өмірді армандайды. Дегенмен өміріндегі қатігез адамдар мен ауыр жағдайлар қыздарды кейбір әрекетке итермелейді.

Туындыны режиссер Ерлан Нұрғалиев түсірген. Сериалда жыныстық зорлық-зомбылық, харассмент сияқты мәселелер ашық көрсетіледі. Сериал қоғамдағы өзекті мәселені ашық жеткізе алғаны үшін Realist Web Fest веб-контентінің халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болады.

«Мыстан» өзінің мықты әлеуметтік мәселеге қатысты тақырыбы үшін таңдалды. Веб-сериал көбіне ойын-сауық мақсатын көздейтінін түсінеміз. Дегенмен олар кейде маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударуға, қоғамды өзгертуге ықпал ете алады. Дәл осы жоба әйелдердің құқығы мен мүмкіндігі тақырыбын көтере білді, Қазақстандағы әйелдер туралы айтты», — деп түсіндірді Испания сценарисі, продюсері әрі қазылар алқасы мүшесі Роуз оф Доллс.

«Эскорт»

Қазақстандық веб-сериал авторлары қоғамдағы өзекті мәселелерді жобасының негізгі тақырыбы етуді жалғастырып жатыр. Жуырда ғана көрсетіле бастаған «Эскорт» сериалында Шымкенттен Алматыға көшіп келіп, отбасынан жасырын түрде эскорт қызметімен айналысып жүрген қыздың өмірі суреттеледі. Сериалда қыздың шешімі өміріне, оның жақындарына қалай әсер ететіні көрсетіледі. Сонымен бірге сценаристер мұнда ата-ана психологиясына да мән берген.

Қазір бұл веб-сериалдың тек 4 бөлімі жарыққа шықты.