Мұғалімдерді санаққа тартқандарға қатаң шара қолданылады

Қазір әлеуметтік желілерде санақ жүргізу бойынша мектеп мұғалімдерінің шағымдары жиі айтылып жатыр. Олардың айтуларынша, мектеп әкімшілігі санақтан өткен оқушылары мен олардың ата-аналары туралы күн сайын есеп талап етіп отыр. Тіпті онлайн санақтан өз бетінше өте алмаған оқушысы мен оның отбасы мүшесін сынып жетекшілері, мұғалімдері тіркеуі қажет. Енді мұғалімдерге санақ жүргізу бойынша тапсырманы кім беріп жатыр? Оларды артық жұмысқа тартқандарды қандай шара күтіп тұр? – деп Baq.kz журналисі министрден сұрады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов санақ жүргізу және басқа мәселелер мұғалімге тән емес жұмыс болғаннан кейін ондай тапсырма беруге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты.

Сондықтан бұл мәселе бойынша расталатын фактілер бойынша заң жүзінде тиісті жазасы бар. «Мұғалім мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мысалы, 20-120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазіргі күні мұғалімдерді өзіне тиеселі емес жұмыстарға тартқаны үшін директорлар жұмысынан босатылып, кейбіріне тиісті шара қолданылған.

Егер осындай фактілер шын мәнінде болса және ол расталып, министрлікке тиісті ақпарат келсе, онда, әрине, қатаң шара қолданылады, — деп жауап берді министр.