Сот материалдарына сәйкес, арызданушылар вакцина алмаған жұмыскерлер үшін міндетті ПТР-тест енгізу, профилактикалық екпе жасау, сонымен бірге вакцина салдырмағандарды жұмысқа кіргізбеу сияқты тармақтарды заңсыз деп санайды.
Қаулы конституциялық нормаларды бұзады, өмірге қауіп төндіреді және денсаулыққа зиян келтіреді, адамдардың еңбек ету құқығын бұзады. COVID-19 вакцинасы тексерілмеген, − дейді тұрғындар.
Әкімшілік сот бас мемлекеттік санитар дәрігер шығарған қаулылардың бір бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы шағымды қанағаттандырудан бас тартты.
Сот қаулыларды шығару кезінде заңнама нормаларының бұзылуын анықтаған жоқ. Азаматтардың еңбек құқықтары бұзылмаған, өйткені COVID-19-ға қарсы вакциналанбаған жұмыскер кепілдендірілген еңбек құқықтарын сақтайды, еңбек функцияларын қашықтан жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр, − делінген сот үкімінде.
Судьяның айтуынша, қаулылардың даулы тармақтары вакциналауды ұйымдастыру мәселесін регламенттейді. Оны вакциналауды міндеттеу деп қабылдауға болмайды. Ал Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығына қандай да бір вакцинаны кіргізу препараттың қойылатын талаптарға сәйкестігін білдіреді.
Анықталған мән-жайлардың бәрін, жалпы әлемдік инфекциямен күресуге бағытталған шараларды қабылдаудың қажеттілігін ескере келіп, сот бас санитар дәрігердің қаулыларын заңсыз деуге негіз жоқ деп тапты, − деді судья.
Еске сала кетейік, Ақтөбенің үш тұрғыны бас санитардың коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы қаулысының күшін жоюды талап етті. Арызданушылардың ойынша, ондай талаптар заңға қайшы.