Ақтөбе тұрғындары бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовты сотқа берді

Өңірлік «Диапазон» сайты хабарлауынша, қаланың үш тұрғыны бас санитардың коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы қаулысының күшін жоюды талап етті. Арызданушылардың ойынша, ондай талаптар заңға қайшы.

Ақтөбе соты Ерлан Қиясовтың Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтінін анықтады. Тұрғындар қарсылық білдірген қаулы да сол қалада шығарылған болатын. Демек, іс ол жерде қаралуы қажет. Осыған байланысты арыз-шағымды Нұр-Сұлтанның мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберуге шешім қабылдады, — делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізу туралы қаулы шығарған еді. Осылайша, 6 қыркүйектен бастап вакцина салдырмаған қызметкерлерге жұмысқа шығуға тыйым салынды.

Бұл талап тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, кейінгі үш айда коронавируспен ауырған жұмысшыларға қатысты емес. Қаулыда ұйымдардың нақты тізімі де көрсетілген.

Олардың ішінде банктер, сұлулық салондары, шаштараздар, химиялық тазалау орындары, фитнес, спорт кешендері, типографиялық қызметтер, тігін ательесі, фотосалондар және тағы басқа халыққа қызмет көрсету нысандары бар.