Ерлан Нұрмұхамбетов пен жапон режиссеры Лиза Такеба бірлесіп, «Уақыт жолдары» фильмін пандемияға дейін түсірген. Фильмнің премьерасы 2019 жылы Бусан халықаралық фестивалінде болды. Сол жылы бұл фильм Жапониядағы Токио халықаралық фестивалінде де көрерменге ұсынылды.

Картина Скандинавиядағы ең ірі Göteborg халықаралық кинофестивалінде көрсетілген. Сонымен бірге картина Гонконг, Прага, Барселона, Нью-Дели, Хельсинки, Торонто, Котбус, Женевадағы кинофестивальдерге шақырылды.

2021 жылы 29 шілдеде «Конокрады. Уақыт жолдары» көркем фильмі Францияда да қойылды және 20-дан астам қалада көрсетілді.

"Уақыт жолдары" фильмі
Филмнің Жапониядағы постері. Постер: Kino-teatr.ru

Ал Қазақстанда фильм 23 қыркүйектен бастап көрерменге ұсынылды.

«Конокрады» дегеніміз — жылқы ұрылары, яғни барымташылар. Фильмде қазақ ауылы, жылқы ұстап, сатып күнелтетін қарапайым шаруалар көрсетіледі. Сюжет бойынша жылқыны сатып алуға барымташылар келіп, мал иелерін өлтіріп кетеді. Туындыда үш баламен қалған әйел және кішкентай Олжастың бастан кешкені баяндалады.

Басты рольдерде Канн фестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, қазақстандық актер Дулыға Ақмолда, жапон актеры Мирай Морияма ойнайды. Әкесінен айырылған бала — Олжастың ролінде Мәди Минайдаров.

Ерлан Нұрмұхамбетов жапон режиссерымен Канн фестивалінде танысқан. Сонда қазақстандық режиссер идеясын бөлісіп, фильм түсіргісі келетінін айтады. Режиссердың сөзінше, жапон мамандары оны бірден қолдаған.

Сол жерде отырып, фильмге идеям бар екенін айттым. Ойым Лиза Такебаға бірден ұнады. Фестивальден соң өз еліндегі командамен ақылдасып, бізге барынша көмектесті. Нәтижесінде осындай бірлесіп түсірген картина пайда болды, — дейді режиссер.

Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов
Фото: Kazakhfilmstudios.kz

Жабық көрсетілімде кей көрермен фильмде қазақтың салт-дәстүрі, адамды соңғы сапарға шығарып салу жоралғысы дұрыс көрсетілмегенін айтты. Кей көрермен қаралы үйдегі қайғылы атмосфераны көре алмадық деді. Ал режиссердың айтуынша, басты мақсат образдар мен оқиғаларды біріктіріп, көрерменге жеткізу болған.

Біз таза реализмді көрсетуді мақсат етпедік. Фильмдегі ең маңызды элемент – образ бен дыбыс. Бәрін дәл өмірдегідей түсірсек, ол деректі фильм болар еді, — дейді Ерлан Нұрмұхамбетов.

Дегенмен режиссер фильм болған оқиға желісімен түсірілгенін жасырмады.

Үш адам бірден қайтыс болып, 5 баланың жетім қалғаны туралы трагедияны бәрі естіген болар. Мұндай оқиға жиі болып жатыр. Десе де, осы трагедияны негізге алып, фильмге айналдырғым келді, — дейді ол.

Ал басты рольдердің бірінде ойнаған жапон актеры Мирай Морияма фильмге түсу үшін Жапонияда жүріп, қазақ қызынан тіл үйренген. Атқа мінуді қазақстандық Nomad каскадерларымен онлайн кеңесе отырып шыңдапты. Түсіру кезінде де жапон актеры қазақша сөйлепті, бірақ авторлар дубляжға жүгінуді дұрыс көріпті.

Самал Еслямова
Фото: Kazakhfilmstudios.kz

Ешқандай қиындық болған жоқ. Жапон актеры өте жақсы дайындалып келген соң бірден үндесе кеттік. Ол бүкіл материалды игеріп, бәрін түсініп тұрды. Өнерде шекара жоқ. Ұлтқа да, мемлекеттерге де өнер ортақ, — деді Самал Еслямова.

Көрермен Самал Еслямованың фильмдегі көңіл-күйін «Айка» картинасындағы образына ұқсатты. Ал актриса өзін басқа да рольдерді ойнауға дайын екенін жеткізді.

"Уақыт жолдары" фильмі
Постер: Kazakhfilmstudios.kz

Фильмді «Қазақфильм» киностудиясы мен Tokyo New Cinema компаниясы бірігіп түсірді. Картина Алматы облысында түсірілді. Фильмде таулар мен кең дала әдемі көрсетілген.

Көптен күткен премьера құтты болсын! Картинаға атсалысқан авторларға алғысымызды білдіреміз. Бәрін экран көрсетеді. Негізгі бағаны беретін — құрметті көрермен. Қазақ киносына жақсы картина қосылғанына қуаныштымын, — деді актер Дулыға Ақмолда.

Telegram-дағы «Киностан» каналының авторы Ернар Бекенов «Конокрады. Уақыт жолдары» фильмін бұқаралық емес, авторлық кино деп бағалады.

Авторлар басты назарды сөзге емес, іс-қимылға бөлуге шақырады. Сондықтан да құрылымы қиын реплика, сюжетке әсер ететін диалог аз, — деп жазды ол.

Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген фильм 7 қазаннан бастап TV+ телеарнасынан көрсетіледі.

«Қазақфильм» киностудиясының мамандары пандемия мен карантин шараларына байланысты фильм түсіру сиреп кеткенін айтты. Дегенмен қазан айының аяғында киностудия ақын Мұқағали Мақатаев туралы фильмді көрерменге ұсынады.