— Гүзел, трансформация ойыны деген не?

— Трансформация ойыны — адам денесін зерттейтін кинезология ғылымының бір бөлшегі. Ойын белгілі бір жағдайларда дененің адамға жіберген сигналдарын түсіндіруге көмектеседі.

Кейінгі 3-4 жылда адамның өзін-өзі тануы, ішкі дүниесін зерттеуі трендке айналды. Қазір адамдар қандай да бір мақсатқа жетпесе, санасында оған не кедергі екенін табуға тырысады. Тежеп тұрған нәрселерді анықтауға, өзін-өзі тануға көмектесетін құралдың бірі — трансформация ойыны. Бір сөзбен айтқанда, трансформация адамның ішкі ойымен тікелей байланысты.

Адамның ішкі жағдайы оның өмір сүру дағдысына, қоршаған ортамен қарым-қатынасына, тіпті жұмысына әсер етеді. Мысалы, қазір кәсіп бастауға үйрететін түрлі курс бар. Оған 100-150 адам қатысып жатады. Тренерлер барлығына бірдей дәріс өтеді, ақша табудың көзін үйретеді, бірақ бұл тренингіге қатысқанның барлығы бірдей байып кетпейді. Неге? Себебі адам іштей дайын емес болуы мүмкін немесе шеше алмай жатқан мәселесі болуы ықтимал. Сіз айнаға қарап «Сұлумын әрі жетістікке жеткен адаммын» деп аффирмация айтып, бірақ санаңыз осы сөзге сенбесе, бұл растау әдеттері әсерін бермейді. Ал трансформация ойындары осындай қиындықтары, тежеуші сезімдерді табуға, онымен күресуге, шешуге және алға мақсат қойып, орындауға септігін тигізеді.

Мәселен бір адам «Бай болсам, мені тонап кетеді немесе ақшаны игере алмаймын» деп ойлайды. Мұндай кезде адам бейсаналы түрде өзін байлықтан шектейді.

— Бұл ойын неге танымал болып кетті?

Адам психология жағдайын ретке келтіруі үшін ойын ойнамай, өз саласын жетік меңгерген психологқа баруына болады, бірақ біздің қоғамда әлі күнге дейін психологқа баруды жат санайтындар бар. Мұның дұрыс екенін білген күннің өзінде біреуге ішкі жағдайын ашып айтуға қысылуы мүмкін. Кейбіріне бойындағы кемшілігін өзге адамнан емес, ойындағы карта, фишкадан білген жеңілірек. Мұндай адамдарға трансформация ойнаған тиімді. Біріншіден, ол көңіл-күйді көтереді. Екіншіден, ойынның трансына түсіп, өз проблемасымен бетпе-бет келеді.

Ойынды топпен немесе жалғыз ойнауға болады. Басқалардың көзінше пролемасын айта алмайтын адам, жеке ойын түрін таңдағаны абзал.

трансформация ойыны, сана
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Трансформация ойынының түрі көп. Мысалы, бала сүйе алмау мәселесі, қарым-қатынас, кәсіп тақырыптарында да бар. Ойнау әдістері мен құралдары әртүрлі: карта, үстел ойыны және тағы басқа. Дегенмен бұл ойынның бәріне ортақ негізі — адамның жеке басын зерттеуі, өз санасын ұғынуы.

Монополияны да, мафияны да трансформация ойыны деуге болады, бірақ ол көбіне логиканы дамытуға, көңіл көтеруге арналған.

— Бұл ойындағы сіздің міндетіңіз қандай?

— Менің міндетім — ойынның мақсатын, белгісін ойыншыға жеткізу. Былайша айтқанша, мені ойын мен ойыншының арасындағы «делдал» деп айтуға болады. Кей адам ойында оған айтылған кеңесті түсінбеуі мүмкін немесе түсінгісі келмей, қабылдамай жатады. Менің міндетім әрі мақсатым — сол ақпаратты ойыншыға жеткізу.

— Трансформация ойынының тародан, бақсылықтан айырмашылығы қандай?

— Мен Asante деп аталатын трансформация ойынын ойнатамын. Бұл ойын карта арқылы болғандықтан бірнеше адамнан «Тароға ұқсайды екен», «Балгерлік емес пе?» деген сөзді естідім. Жоқ, бұл балгерлік те, таро да емес. Біріншіден, таро картасында суреттер бейнеленеді. Таро картасымен жұмыс істейтіндер сол бейнеге қарап, фантазияларын қосып, өз пікірімен жеткізеді. Ал трансформация ойынында олай емес. Бәрі айдан анық жазылып тұрады. Оны бұрып, басқаша жеткізу мүмкін емес. Екіншіден, мен өткенді айтып, болашақты болжамаймын. Біреуге қашан тұрмысқа шығатынын немесе кәсібінен қанша ақша табатынын айтпаймын. Мен адамдардың дәл қазіргі жағдайы туралы сөйлесемін. Балгерге емес, психологқа жақын шығармын.

трансформация ойыны, сана
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ойыннан соң ойыншылардан өзгеріс байқайсыз ба? Нәтижемен жұмыс істейсіз бе?

— Бәрінде бірден өзгеріс болады деп айта алмаймын, бірақ жүзінен, отырысынан нәтижені байқауға болады. Бірде бір жігіт келді. Мінезі тұйық, өзіне сенімсіз еді. Ойын барысында сондай сауатты, ақылды, алға қойған мақсаты көп жігіт екенін білдім, бірақ өз-өзіне сенбейді. Ол трансформация ойнау арқылы сенімсіздігімен күресе білді. Екі кәсібін ашты, халықаралық деңгейде саудасын жүргізіп отыр.

— Бұл ойын кей адамға кесірін тигізуі мүмкін бе?

— Кей адам ойнауға, ашылуға әлі дайын емес болады. Кейбірі өзінің ішіндегі мәселемен бетпе-бет келуге қорқады.

Бір жолы бір қыз құрбысының туған күніне сый ретінде 5-6 құрбысын ойынға ертіп келіпті. Олардың арасында бір қыздың дайын емес екені бірден көрінді. Басынан негатив көрсетіп, ойынды ақымақтыққа теңеді. Бір қызығы, ойын ол қызға «Жақсылықты көре біл» деген сияқты белгілер берді. Дегенмен қыз оны көргісі де, естігісі де келмеді. Екі айналымнан кейін қыздың ойыннан шығуын өтіндім. Себебі ол адам ашылуға дайын емес. Сонымен бірге басқа қыздардың да ниетін, ынтасын бұзады.

трансфармация ойыны
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Не себепті трансформация ойынының жүргізушісі болуды шештіңіз?

— Бұрын ірі компанияда қаржы-аналитігі қызметін атқардым. Бір күні «Менің өмірім осылай ғана өте ме», «Осы бір компанияда жұмыс істеп, зейнетке шығамын ба», «Өмірдегі бар мақсатым осы ма?» деген сауалдар мазалай бастады. Содан кейін өмірдегі өз миссиямды, тағдырымды іздей бастадым. Өзімді шектейтін, тежейтін жұмысты тастап, өзімді тануға көштім. 8 жыл түрлі психология тренингілеріне қатыстым, түрлі кітап оқыдым, тіпті Сингапурге дейін барып қайттым. Өзіммен жұмыс істеудің арқасында өмірдегі мақсатым адамдарға көмек беру, жаңа дүниеге үйрету екенін ұғындым.

8 жыл бұрын өз-өзімді тануға ден қойғанымда басқаларға ақымақ сияқты көрінетінмін. Тапқан ақшаны ауаға шашып жүрген адам деп есептейтін. Сол үшін жақындарыма, туыстарыма ештеңе айтпайтынмын, бірақ қазір адамдар өзін-өзі дамытуды қалыпты жағдайға айналдырып келеді. Бұл — қуанышты жағдай.

4 жылдан бері SMM саласындамын. Білген-түйгенімді блог ретінде жазып жүрмін. Пандемияда жасөпірімдерге SMM-ді үйретіп жүрдім. Бір күні трансформация ойыны туралы естіп, ойнап көргенімде дұрыс бағытта келе жатқанымды тағы да нақтылай түстім. Ойынға қызығушылығым артып, осы бағытпен айналысып көргім келді. Себебі бұл да — адамға көмек беру әдісі.

трансфамация ойыны
Фото: Бақдәулет Әбуалы

— Трансформация ойынының жүргізушісі болу үшін нені білу керек?

— Бұрын психология мамандығын бітірген, дипломы бар адам ғана жүргізе алады деп ойладым, бірақ ең керегі — адамға көмек беру ниеті және өзіңді толық тану, дамыту, жұмыс істей білу.

— Әңгімеңізге рақмет!