Солтүстік Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталуға жақын

Өңір басшысы астық жинау науқаны аяқталуға жақын екенін айтты.

Бүгінде 2,8 миллион гектар немесе жалпы алқаптың 94 пайызы жиналды. 3 миллион тоннадан астам бидай басылды. Орташа түсім − 10,8 центнер. Барлығы 3 миллион 300 мың тонна астық жиналады деп күтіледі. Майлы дақылдар алқабының 40 проценті жиналды, − деді Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында.

Облыс басшысы өңірде жем-шөп дайындау жоспарға сай жүргізіліп жатқанын, әрі 848 мың тонна және 338 мың тонна сабан дайындалғанын атап өтті.

Бүгінде халықтың жем-шөппен қамтамасыз етілуі 98,2 процентті құрайды.

Облыста 167 мың тонна картоп пен 47 мың тоннадан астам көкөніс жиналды. Астық қабылдау кәсіпорындарына 417 мың тонна бидай жеткізілді. Азық-түлік корпорациясының форвардтың әдісі бойынша 348 мың тонна бидай сатып алуға келісім жасалды. Қазір астық элеваторларға жеткізіліп, корпорацияға тапсырылуда. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік корпорациясына 57 мың тонна бидай жеткізілді, − деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар Құмар Ақсақалов диқандар келесі жылғы егіс науқанына дайындықты бастап кеткенін жеткізді.

Қажетті агрохимиялық әдістер толық көлемде жүргізілді. 140 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Жыл соңына дейін тағы 20 мың тонна тыңайтқыш себілетін болады. Көктемгі егіске 482 мың тонна тұқым қажет. Бұл бағытта дайындық жүргізіліп жатыр, − деді өңір басшысы.