Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Рәсімді бас әскери прокурор, әділет генерал-лейтенанты Дастан Сартаев пен Арман Қуанышұлының анасы Ділда Қапезова ашты.
Арман Қапезовтің ерлік іс-әрекеті ешқашан ұмытылмайды және жас ұрпақ оны әрдайым есте ұстауы керек. Арман Қуанышұлы адамдарды топтастыра білетін және әріптестер арасында құрмет пен беделге ие болатын. Ол өзінің мықты ішкі мәдениетімен, ерекше ақылымен және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін. Арманның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі қалады, – деді Дастан Сартаев.
Сонымен бірге іс-шараға Бас прокуратураның кадрларды дамыту департаментінің бастығы Мұрат Тілеубердиев, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, әскери және аумақтық прокурорлар, сондай-ақ Арман Қапезовтің туыстары мен жақындары қатысты.
Олар мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының №28349 әскери бөлімінде оқ-дәрілердің жарылуынан Оңтүстік аймағының әскери прокуроры Арман Қапезов қаза тапқан болатын. Оның төрт баласы қалды.
Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Арман Қапезов мемлекет басшысының жарлығымен І-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды (қайтыс болғаннан кейін).