Басты бетЖаңалықтарМақсат Жақау:...

Мақсат Жақау: Әлеуметтік желі бізді өсіретін де, өшіретін де жағдайға жетті

– Әлеуметтік желіңізде Алматы қаласындағы Фурманов көшесін «Алашорда»,- деп атауға бастама көтеріп, ұсыныпсыз. Жалпы Фурманов деген кім өзі?! Ол көшенің бүгінге дейінатауы қазақшаланбай тұруына не себеп?

– Жалпы бүгінгі ұрпаққа керегі емес «Путь к большевизму» кітабының авторы, революционер Фурманов Дмитрий Андреевичті 25 жылдық ширек уақытында тәуелсіздігімен мақтанып жүрген біз үшін — маңдайымызға біткен сүйелдей «Фурманова!» деп Алматының қақ ортасындағы үкіметтік даңғылды әлі атап жүрміз. Бұл қай бабамыз? Ұлтымызға не бітірген кісі өзі дегенің орынды?! Сондықтан осы сауалдың жауабын іздеу, оны анықтап, ұсыныс білдіру біз үшін заңдылық. Халқымызда «Дат, тақсыр, тіл кеспек болса да, бас кеспек жоқ» деп бастаған, мейлі бұл пікір біреуге жағар біреуге жақпас, бірақ бұл пікір айтыла беруі керек, айтылмаса сөздің атасы өледі!

Сүйегі мен тарихи маңызы шіріп кеткен Чапаевтың 25-і атқыштар дивизиясының комиссары Дмитрий Андреевичтің құрметіне осымен 60 жылдай мұртын балта шаппай тұрған даңғылды өзгерту уақыт талабы. Түрлі ұсыныстар бар, рас Елбасының атына қойылады деген бар, қойылмасын демеймін, бәрібір тәуелсіз елдің тұңғыш президенті, Түркияның тұңғыш жұмырбашы Мұстафа Кемаль Ататүріктей дәрежесі бар. Бірақ, менікі, ақыры белгілі бір себептермен қойылмай тұр екен, ендеше кешегі 20 ғасырдың үлкен саяси маңызы жоғары «Алашорда» деп қояйық, немесе жақында Алматыға жаңадан келген әкім Бауыржан Байбек мырзамен кездескенде, «биыл ЮНЕСКО бекіткендей «Әлихан Бөкейхан жылы» кешегі 20 ғасырдың ұлт көсеміне атын берейік, бермесеңдер — Шаляпин, Мирзоян, Темирязовтар тұр емес па?» соларға ауыстырайық деген ұсыныстарымды білдірдім.

Бұл тәуелсіз елдің идеологиялық мәселесі. Егер осы тұрғымен келсек, бізге тарихи һәм саяси маңызы жоқ, жат идеологиялық дүниелерден тез арада бас тартуымыз керек. Бізге ұлттың рухын оятатын, ұрпақтың жадынында ұйыған қандай ізі тұратын ақпарат, өнеге, күш керек. Әрине, бұған қадам басу үшін алдымен ниет керек, ал ниетті оятатын тамшылай беретін ой-пікір. Бүгін болмаса, ертең — ұрпақ бәрібір өзіне керегін таңдайды.

– Соңғы кезде қоғамда «тоқал алуды заңдастыру керек» деген сөз жиі талқылануда. Біздің билік тоқал алу мәселесін заңдастырса тірі жетімдер көбейіп кетпей ме? Бұл заң іске асса демографияға қаншалықты үлес қосады?

– Біріншіден, қазақта тірі жетім деген ұғым жоқ. Әкесі мен анасы бар болса, мейлі олар бөлек тұрсын ол «тірі жетім» аталмайды.  Осы сауалдың жауабынан соң, әсіресе әйелдер қауымын өзіме қарсы қойып аламын, бірақ, бұл мәселе тұтас барлығына қатысты дүние емес екенін айтқым келеді. Бұнда әрбір индивидттің жеке өмірінің тағдырларына қарай тұспалдаған абзал. Мәселен, екі немесе одан көп әйел алуды заңдастыру дегеніміз – әйелдердің құқықтық-материалдық мүмкіндіктерге ие болуы. Өйткені, «тоқал» алуды заңдастырмау азаматтық жауапкершілігі анықталмаған азаматтық некенің нысанымен ғана шектеледі.

Екінші мәселе, сол әйелден туылған балалары болса, олардың да толық отбасыда өмір сүруіне, баланың толық қолжетімді дүниелеріне жол ашылады. мұрагерлікті айтпағанның өзінде, бала әкесінің заңды баласы әрі отбасылық психологиялық қыспақтан ада болады.

Үшіншіден, ешқандай діни де, азаматтық-тұрмыстық қарым-қатынастық тәртіптерге қайшы келмей саналы заңды қадамдармен өмір сүруге қол жеткізу басты мақсат. Сондықтан, қажеттілік туындаған жағдайда қоғамдағы отбасылық проблемалардың алдын алу үшін, қоғамдық отбасы институттарын шайқалтпау үшін де «Тоқалдықты немесе бірнеше әйел алу туралы Заңды» енгізу қажет деп санаймын. Бірақ бұның да тиісті-қажетті отбасылық туындаған кезде ғана, бәйбішесінің толық келісімімен күшіне енуі «Неке туралы келісім-шарттың» негізінде жүзеге асуы керек.

– Жақында бір жігіт өзінің әлеуметтік желісіне «жезөкшелерді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, олардың жеке кәсіппен айналысуына мүмкімкіндік жасау қажет» деп жариялаған болатын. Мемлекетіміз алдағы уақытта осы заңды бекітер болса қыздарымызды өзіміз жезөкшелікпен айналысуға итермелегеніміз емес пе?

– Меніңше, алдымен сол жігіт қайраткер болып қоғамның, мына ортаның көзқарасын, түсінік өресін, руханиятын бағамдауы тиіс. Бізде кейбір батыстың дүниелерін сол күйі көшіріп алуға келмейтін нәрселер бар. Әр елдің салты басқа, керісінше, сол жезөкшелікті алдын алумен басымыз қату керек. Ғылымда криминалистика — қылмыстың болғанын зерттесе, криминология – қылмыстың алдын алуын зерттейді.  Ең қайырлысы соңғысы. Мысалы, сол жезөкшелікті кімдер қолдайды, кімдер үстінен бизнестерін, жезөкшелік нарығын жүргізіп отыр? деген сұрақтардан бастауымыз керек. Кейбір бейресми мәліметтерге сүйенсек, жақын шетелден келетіндермен қоса, ішімізден жетімдер үйлерінің 30% түлектерінен құралады. Осы ретте, егер 14 жасқа дейін жетімдер үйінің тәрбиеленушісі министрлікке қараса, кейін жергілікті әкімдіктің құзырына қарайды. Осы жерде мәселе туындайды, көп жағдайда, кәмелет жасқа толғандардың тағдыры қалай болуда? Тәуелсіздік алғалы олардың тек 8% ғана баспанамен қамтылған, қалғаны қайда? Олардың қаншасы ЖОО-на түсіп, маман болып кетті? Қаншасы әскерге барды, жұмыспен қамтылды, әлеуметтенді? Осы қоғамның көлеңкелі жағы қатаң бақылауға алыну керек, олар еліміздің азаматтары, толық қанды өмір сүруге хақылы. Қылмыстық әлемге, жезөкшелікке, қайыршылыққа, діни секталарға кетуді алдын алу жолдарын орнату керек. Сол себепті, жезөкшелік пен жетімдер мәселесіне кешенді әрекеттер қажет.

– Қарап отырсақ билік басында отырған шенеуніктеріміздің 67% — ы зейнет жасына келгендер екен. Меніңше зейнет жасындағы шенеуніктердің орнын жастарға алмастыру керек сияқты…

– Елбасының өзі кешегі ҰҚК төрағасын орнынан ауыстырып жатқанда, әркім зейнет жасына келген соң, орнын босатуы тиіс деді ғой, оның үстіне биылдан бастап «Еңбек кодексіне» жаңа өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Мысалы, онда жұмысберуші біржақты зейнет жасындағы жұмысшымен еңбек келісімшартын бұза алады. Жалпы, бұл үрдіс дұрыс, табиғи тұрғыда әрқашан жаңа қан организмге қалай керек болса, дәл солай кез-келген билік орнына жаңа кадрлардардың толқыны орын басып отыру тиіс. Қазақтың мынадай керемет ескі сөзі бар, «Үлкеннің жолын кеспе көрінбей қаласың, кішінің жолын кеспе көмілмей қаласың». Үлкеннің тәжірибесінен сусындап, өнегелі тәрбие алған жас қылшылдап тұрса, сәтін күтпей жауапкершілік алатын мүмкіндігін беруі тиіс, онысымен қадірлі, құрметке ие болады. Саясат театрында сол себепті өз уақытында келіп, өз уақытында кетуі тиіс. Егер ол болмаса, қандай құрметпен лайықты жауап болар еді?! Барынша, қоғамдағы көзге ілінген жас көшбасшыларды, ақылы мен ісі жарасқан жастарды жауапты орындарға тарту керек. Тартқанның өзінде де туғаны жоқ тура бидің қылығымен жүрсе, қой асығы демеңіз қолыңа жақса сақа ғой деп бекер айтпаған шығар. Ерте араласса көпті сүргеннен гөрі, көпті көргені болады деп, мейлі Парламент не Маслихат  болсын, Үкімет болсын, Әкімдік болсын, ірі мекемелерге болсын мықты жастарды араластыра беру керек. Ешкім профессионал болып дүниеге келмейді, оны солай жасайды. Сондықтан, кез-келген билік бөлінісінде 50% -дан астамы жас болса, бұдан болашақ ұтылмайды.

– Қазір қоғам саналы, білімді екені рас. Бірақ соңғы кездері жастар кітап оқуды қойып, әлеуметтік желілерге байланып қалғандай….

– Әлеуметтік желіге байлану-байланбау әркімге байланысты. Ал байланған екен, тек керек дүниеңді ала білу керек. Қазір әлеуметтік желі белгілі бір кең аумақты қамтитын орта, алаңға айналды. Онда сантүрлі эмоция, мағыналы, мағынасыз пікірлер мен ақпараттар орнаған. Өзіндік қарым-қатынас орнататын мәдениеті бар, жекелей байланыс мүмкіндіктері бар коммуникативтік орын. Бүнгіндері оған тұтастай қоғам сыйып кетті. Азаматтық қоғамның нышандары, элементтері қалыптасуда, өз рухтас топтар, нарықтық мүдделер жасақталуда. Сіздің кез-келген ой-пікіріңіз түрлі ой-өрістік, дүниетанымдық, қоғамдық не тұрмыстық деңгейде талқыланады. Керек десеңіз, әлеуметтік желі бізді өсіретін де, өшіретін де жағдайға жетті. Оның ішінде әсіресе Фейсбук желісі өте белсенді. Жалпы осы Фейсбук қоғамдық пікірді де қалыптастыратын ортаны ауыстырды. Барынша, БАҚ-та талқыланатын мәселені осында талқылау әлдеқайда нәтижелі болып алды.

ДереккөзArhar.kz