Қазақстанда 2 миллионнан астам азамат санаққа онлайн қатысты

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 13 қыркүйек сағат 09.00-дегі жағдай бойынша 2 041 876 респондент санаққа онлайн қатысты.  Олардың 1 756 002-сі сұрақтарға Sanaq.gov.kz сайтында, 203 672 Egov.kz порталында, 82 202 адам Аitu қолданбасында жауап берген.

12 күннің қорытындысы бойынша Алматы облысы алда тұр. Онда 204 805 тұрғын санақтан өткені туралы хабарлама алған. Алматыда 194 697 адам санаққа онлайн қатысты. Үздік үштікті 173 847 адаммен Қызылорда облысы түйіндеді.

Ал әзірше соңғы екі орында 46 191 және 35 542 адаммен Маңғыстау, Атырау облыстары тұр.

Негізі халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр.  Онда азаматтардың 21,1%-і сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы екінші орында. Онда тұрғындардың 17%-і санақтан онлайн өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айтып, санақтан онлайн өтуге үндейді. Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы жұмыс істейді. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады, — делінген хабарламада.

Барлық сауал бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Тағы оқыңыз: Халық санағынан қалай онлайн өтуге болады?