Халық санағынан қалай онлайн өтуге болады?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қыркүйгенінен бастап халық санағы басталды. Елдің әр азаматы санақтан онлайн да өте алады. Baribar.kz тілшісі бұл процестің қалай өтетінін түсіндіреді.

1. Санақтың ресми сайтына кіріңіз

Sanaq.gov.kz мамандандырылған web-сайтына кіріңіз. Сайтқа телефон нөмірін, e-mail-ды тіркейсіз. Бұған қоса, Egov.kz және мемлекеттік органдар сайтынан, Aitu қосымшасы арқылы кіруге болады. Онда Sanaqman виртуал көмекші респонденттерге және олардың отбасы мүшесіне сауалнама толтыру бойынша түсініктеме бере алады.

2. Онлайн санақтан өту қанша қадамнан тұрады?

Онлайн санақтан өту 5 қадамнан тұрады:

  1. Амандасу
  2. Азаматтың мекенжайы
  3. Үй шаруашылығы мүшелерін көрсету
  4. Сауалнама жүргізу
  5. Финиш

3. Мекенжайды қалай толтырады?

Біз Egov.kz сайтынан кірдік. Әрі қарай мекенжай толтыруға арналған терезе ашылады. Әуелі тұратын облысты немесе қаланы, әрі қарай ауданды таңдау қажет. Содан кейін төменде даңғыл, шағынаудан, көше, алаң, тұйық көше жазатын жол шығады. Солардың бірінің тек бастапқы екі әрпін жазамыз. Жүйе ауданымыздағы мекенжай нұсқаларын шығарады, өзіміздікін таңдаймыз.

Одан кейін корпус пен пәтер нөмірі таңдалады.

Ескере кететіні, респондент қонақүйде немесе белгілі бір мекемеде уақытша тұрып жатса, оны "мекеме, ұйым" немесе "қонақүй" деген жол тұсына белгілеу керек.

4. Үй шаруашылығы мүшелері деген кімдер?

Үй шаруашылығы – халық санағында қолданылатын кеңейтілген экономикалық түсінік. Ал көбіне бұл – сол үйде бірге тұратын, табысы мен мүлкін толықтай немесе ішінара бөлісетін, азық-түлік және тағы басқаны бірге тұтынатын отбасы мүшелері.

Бұл бөлімде респондент деректері автоматты түрде толтырылып тұрады. "Респондент" қосу батырмасы арқылы отбасының басқа да мүшелерін толтыруға болады. Үйде уақытша тұрып жатқан (кемі 12 ай) азаматтарды да осы бөлімде белгілеу қажет.

Үйде тұратын барлық адамды көрсеткеніңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Өйткені келесі қадамға өткен соң бұл деректерді түзету мүмкін болмайды.

5. Сауалнама бөлімінде қандай ақпарат сұралады?

Енді 2-Ж санақ парағын, бұдан әрі тұратындар және (немесе) келушілер тізіміне енгізілген респонденттерге 3-И немесе 4-В жеке санақ парақтарын толтыру қажет.

2-Ж санақ парағында тұрып жатқан үй-жай туралы ақпарат беру керек.

3-И немесе 4-В жеке санақ парақтарында респондент өзі туралы ақпарат береді.

Толтырылмаған санақ парақтары қызғылт сары түспен, толтырылғаны жасыл түспен боялады.

Парақтардағы жалпы сауалнама сұрағы – 91. Бірақ оның бәріне жауап беру міндетті емес. Өйткені олардың кейбірі шетелде бір жыл және одан көп уақыт тұрған, үй иесі, әйелдер және тағы басқа сияқты арнайы категорияға арналған.

Сауалнама біткен соң "Хабарламаны жүктеу" ескертпесі шығады. Халық санағын өткені туралы хабарламаны 2021 жылдың 10 қарашасына дейін сақтау қажет.

6. Респонденттер қандай қиындыққа кезігуі мүмкін?

  1. Респонденттер сайттағы сұрақтардың бір-біріне ұқсас екенін айтады.

Мысалы, респондент қандай тілдерді білетіні туралы 13-сұраққа қазақша меңгергенін белгіледі дейік. Келесі сауал – "Мемлекеттік тілді білесіз бе?". Алдыңғы сұраққа "иә" деп, кейінгі сұраққа мемлекеттік тілді білмейтіні туралы жазса, жүйе мұны қате деп шығарады. Оның себебі мынау – жүйе сұрақтарға бірінен соң біріне жауап берілетіндей етіп жасалған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қоғамдық кеңесі мүшесі Павел Коктышев бір-біріне ұқсас сұрақтардың өзара байланысты екенін, арнайы солай қойылғанын айтады.

Респондент сұрақтардың бірінен соң біріне  жауап бермесе, жүйе қатені бірден байқайды. Менің ойымша, бұл сапалы деректерді жинау үшін өте маңызды. Бұл деректі өңдеумен айналысатын мамандар міндетін едәуір жеңілдетеді және бизнес пен кәсіби қоғамдастыққа жаңа сервистерді дамытуға, үлкен зерттеулер енгізуге қызмет ететін жоғары сапалы дерек алуға мүмкіндік береді, - дейді Павел Коктышев.

  1. Азаматтар көбіне тұрғылықты мекенжайын жазарда қиындық туатынын жеткізді.

Респондент тұратын көшесінің алғашқы әрпін жазуы керек. Сосын жүйе автоматты түрде соған ұқсас нұсқалар шығарады.

Керек мекенжай бірден шықпаса, көше атауын қазақша және орысша бірнеше түрде жазып көруіңіз қажет. Мысалы, респондентке Нұр-Сұлтандағы "Жеңіс" көшесін жазу керек. Ол "Женис" деп жазса, жүйе керек мекенжайды шығара алмайды. Өйткені көше атауы қазақша әріппен жазылған. Сондақтын тұрғылықты мекенжай толтырарда көше атауы мекенжай регистрінде қалай жазылғанын қарап алғаныңыз жөн.

7. Санақтан онлайн өткен азамат кейін үй-үйді аралайтын санаушылар сұрағына жауап беруі керек пе?

Сайтты респонденттің орналасқан жеріне қарамастан 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін 24 сағат бойы толтыруға болады. Ал 1 қазаннан 30 қазанға дейін электрон планшет ұстаған интервьюерлер үй-үйді аралап санақ жүргізеді.

Санақтан онлайн өткен азаматтың телефонына немесе электрон поштасына халық санағынан онлайн өткені туралы хабарлама келеді. Болмаса, сауалнама біткен соң "Хабарламаны жүктеу" ескертпесі шығады. Экранда сол хабарламаны санақ біткенше сақтау керек екені ескертіледі.

Үйге санақ жүргізуші интервью келгенде сол хабарламаны көрсету қажет. Сонда ол сізге сұрақ қоймай, келесі мекенжайға кете береді.