Бача-бази деген не және ол қалай пайда болды?

Бача-бази — орта ғасырдан бері келе жатқан жасөспірім ұлдар арасындағы секс-құлдық түрі. Парсы тілінен сөзбе-сөз аударғанда бача «ұл», бази «ойнау», яғни «ұлдармен ойнау» деген мағынаны білдіреді. Бача-бази әуесқойлары жасөспірім ұлдарға қыздың киімін кигізіп, әрлеп, әшекей тағып, тіпті жасанды төс жасап, еркектердің алдында билеуге мәжбүрлейді.

Бача-бази 19-ғасырдың соңында Бұхара, Самарқан, Ташкент, Ауғанстан және Пәкістанда танымал болды. Кейін молдалар мұның исламға қайшы екенін айтып, тыйым салған. Дегенмен Ауғанстанда бұл тенденция әлі күнге дейін кездеседі.

Бача-бази, Ауғанстан
Фото: Аdcmemorial.org

Кей адам бача-базиді кәсіп көзіне айналдырған. Олар бачаға кедей, көпбалалы отбасынан шыққан 10-11 жастағы балаларды таңдайды. Кейбірін ата-анасынан азын-аулық тиынға сатып алса, енді бірін көшеден ұрлап әкетеді. Ауғанстанда тұрмысы төмен көпбалалы отбасы көп болғандықтан ондай балаларды табу қиын емес.

Бача-базимен айналысатын баланы тапқан соң оған жарты немесе бір жылдай би билеуді, аспапта ойнауды үйретеді. Бачаның биі қарапайым, бірақ барынша майысу, нәзік болу талап етіледі. Себебі оның өнерін тамашалауға келетін еркектер оған қарап, ләззат алуы керек. Бачаның өнері ақылы, бірақ ақшаның көп бөлігіне қожайыны ие болады.

Бачаның биін тамашалайтындар — бақуатты еркектер. Олар жасөспірімнің биін көріп, ұнатқан жағдайда оны қожайынынан бір түнге немесе біржола сатып алуға тырысады. Әдетте жиналған еркектер арасындағы бача үшін саудаласудың соңы үлкен жанжалға дейін ұласып жатады. Себебі олардың түсінігінде адамда бача көп болса, ол соншалықты бақуатты дегенді білдіреді.

Ең көп ақша ұсынған адам баланы сатып алады. Сол күннен бастап бача жаңа қожайынына қызмет етеді. Ең қорқыныштысы — бала тек билеп емес, сонымен бірге жыныстық қызмет көрсетуге де мәжбүр.

бача-бази, Ауғанстан
Фото: Stihi.ru

Бача-базимен айналысатын баланың көбі отбасынан алшақтай бастайды. Ұрланған жасөспірімді ата-анасы тауып алса да, қайтаруға сескенеді. Балалар да қашуға, қарсылық танытуға қорқады. Себебі олардың қожайыны — өлтіруден тайынбайтын, органдармен байланысы бар адамдар.

2010 жылы ауған журналисі Наджибулла Кураиши осы тақырыпта  BBC арнасына деректі фильм түсіріп, Хафиз есімді бача-базимен айналысқан баланың өлімін зерттейді. Нәтижесінде Хафизді бұл кәсіппен айналысқысы келмей, қашып кеткені үшін клиенті әрі полицей азамат өлтіргенін біледі. Полицейді қылмысы үшін түрмеге қамаған, бірақ бірнеше айдан соң бостандыққа шыққан.

Дегенмен балалардың арасында бача-бази ісін әлеуметтік көтерілу сатысы ретінде көретіндер де бар. Олар қожайынының арқасында жарқын болашаққа жететіне сенеді.

18-19 жасқа толған жігіттер бача-бази қызметінен босатылады. Бұдан кейін олар қалауынша өмір сүруіне болады. Кейбіріне бұрынғы қожайындары жұмыс табуға, отбасын құруға көмектеседі. Бірақ тек билеуді білетін бачаның көбі жаңа өмір бастауға қиналады. Психологиясы бұзылған жігіттер басқа кішкентай балаларға би үйретіп, бача-базиді кәсіпке айналдырады.

бача-бази, Ауғанстан
Фото: Mustafazadehrashid.wordpress.com

Ауғанстанда бача-бази неге танымал?

Ауғанстанда бача-базидің кеңінен таралуына бірден-бір себеп — елдегі қатаң жүйе. Ауған ерлеріне туысы болып есептелмейтін бөтен әйелдермен сөйлесуге тыйым салынған. Сәйкесінше, еркектер бачаның биін тамашалап, онымен көңіл көтеруді уақытша демалыс деп есептейді. Тіпті осыған байланысты ауған халқында «әйелдер бала үшін, еркектер ермек үшін» деген мақал-мәтел қалыптасқан. Бұл нәрсе — елдегі әйелдердің де, жасөпірімдердің де гендер құқығы тапталып жатқанын көрсетеді.

Бача-базидің таралуына елдегі ұзақ жылға созылған соғыс та әсер етті. Көп отбасы әкесіз қалып, балалар мен жасөспірімдер отбасын асырау жауапкершілігін өз мойнына алып, бача-базимен айналысуға мәжбүр болды. Оған қоса соғыстағы әскерилер әйелдерінен жырақта болғандықтан құмарларын қандыру үшін жасөспірімдерді пайдаланып отырған.

Бір қызығы — бачамен жыныстық қарым-қатынаста болатын еркектер жасөспірімге ешқандай сезімі жоқ екенін айтады. Сол себепті олар бұл әрекетін гомосексуализм деп есептемейді.

Child Soldiers International ұйымы басшысы Чару Хоггтың айтуына қарағанда,  шын мәнінде бұл — балаларды секс-құл ретінде пайдалану. Өкінішке қарай, тұрғындар мұны қылмыс емес, дәстүр деп қабылдайды.

Алматыда білім алып, қазір осында жүрген Файсал Гүлзаттың сөзінше, Ауғанстанда бача-бази азайған, дегенмен түбегейлі жойылған жоқ.

Жеке өзім бача-базиді «заңсыз әрекет» деп есептеймін. Сол себепті бача өнер көрсететін мерекелік шараларға қатыспаймын. Ондай жерден аулақ жүруге тырысамын. Бача-базимен айналысатын балалар сол қызметі арқылы күн көреді, ақша табады, бірақ олардың болашағы бұлыңғыр, — дейді Файсал Гүлзат.

бача-бази, Ауғанстан
Фото: Mustafazadehrashid.wordpress.com

Бача-бази медиа мен әдебиетте

Көп ауған жазушысы, құқық қорғаушысы мен кинорежиссеры секс-құлдыққа тап болған балалардың тағдыры туралы өз шығармаларында айтып, бача-бази мәселесін көтеруге тырысады. Мәселен, ауған журналисі Наджибулла Кураиши Thе dancing Boys og Afghanistan атты деректі фильм түсіреді. Оны 2010 жылдың наурызында Ұлыбританияда, сәуірінде АҚШ-та көрсетеді. The Huffington Post-тің журналисі Николас Грэм фильмге ғажап әрі қорқынышты деген баға береді. 2011 жылы автор Amnesty International UK Media Awards-та «Ең үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды.

2013 жылы АҚШ теңіз корпусының бұрынғы талдаушысы Крис Мондлок ұзақ уақыт бойы Ауғанстандағы бітімгершілік миссиясының құрамында тұрады. Ол бача-базиді көзімен көріп, 2013 жылдың 28 қазанында Foreign Policy журналына мақала жариялайды.

2016 жылы Vlast.kz интернет басылымының сол кездегі бас редакторы Зарина Ахматова Кабулға барып, Ауғанстан туралы «Стены затяжной войны» атты зерттеу мақаласын жазады. Оның материалында бача-бази туралы да айтылады.

Ауған жазушысы Халед Хоссейнидің 2003 жылы жазған The Kite Runner (Бегущий за ветром) алғашқы романында тәліп-шенеуніктің қол астында секс-құл болып жұмыс істейтін жасөспірім бала туралы баяндалады. Роман бірнеше халықаралық марапатқа:  Exclusive Books Boeke Prize, Nielsen Golden Book Award ие болады.

2007 жылы дәл осы роман желісінде «Бегущий за ветром» фильмі түсіріледі. Режиссеры — Марк Форстер.

2016 жылы режиссер Чабнаме Зариабтың Au bruit des clochettes (При звуке колокольчиков) фильмі экранға шығады. Мұнда жасөспірім ұлдарды секс-құл ретінде пайдаланатын Ауғанстан мен Пәкістандағы бача-бази көрсетіледі. Бас кейіпкер 18 жастағы Саман өз орнын басатын Бижан есімді жеткіншекке би үйретуге мәжбүр болады.

Заң не дейді?

1996-2001 жылдары биліктегі тәліптер бача-базиға рұқсат бермеді. Олар мұны «гомосексуализм» деп есептеді әрі шариғат бойынша музыка тыңдауға болмайтынын айтты. Дегенмен «Талибан» ұйымы жасөспірім балаларды өз мақсаттарында қолданатыны туралы ақпарат та тараған. Олар тіпті соғыс жүріп жатқан шекара, блок-постарға сымбатты жасөспірімдерді қойып, оларды қарсыластарын тұзаққа түсіру мақсатында пайдаланған көрінеді.

«Талибан» ұйымы биліктен кеткен соң елде бача-бази қайта тарай бастады. Заң бойынша оған тыйым салынса да, ауған халқы үшін бача-бази қалыпты нәрсеге айналды. Байлар, шенеуніктер балаларды сатып алып, биші әрі секс-құл ретінде пайдаланса, қарапайым тұрғындар базарлардан, көшелердегі дүңгіршектерден бачалардың биі түсірілген видео-дискілерді емін-еркін сатып алып, көріп жүрді.

2010 жылы ауған журналисі Наджибулла Кураиши бача-бази туралы түсірген деректі фильмінде 5 минут ішінде 20 шақты бача-бази бейнеленген дискі сатып алады. Сатушылар полицейлердің оларға тиіспейтінін, емін-еркін сататынын айтады.

2017 жылы Ауғанстанның қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізіліп, бача-базиге тыйым салынады. Бача-базидің қожайындарына 3 жылға дейін, ал бұл кәсіпке қатысы бар шенеуніктерге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда кінәлілерді жазалау процесі өте сирек.

2021 жылы «Талибан» ұйымы үкіметті құлатып, қайта билікке келгеннен кейін бача-базиға қатаң тыйым салды. Олар Ауғанстан жерінде бача-базимен айналысқан адамды өлім жазасына кесетінін мәлімдеді.