«Тәліптердің сөзі басқа, ісі басқа»

4 жыл әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алдым. Карантинге байланысты оқудың соңғы семестрін қашықтан оқыдық. Дәрістің бәрі онлайн болған соң Ауғанстанға қайттым. Үш ай бұрын магистратураға тапсыру үшін Қазақстанға қайта келдім. Ол кезде Ауғанстанды тәліптер басып алмаған кез болатын.

Тәліптер Ауғанстан билігін құлатқаннан бері елдің жағдайы нашарлады. Әсіресе, әйелдер қауымына қиын болды. Олар енді бұрынғыдай еркін сыртқа шыға алмайды. Тәліптер бұқаралық ақпарат құралдарында «Әйелдердің жұмыс істеуіне, оқуына рұқсат береміз» деп айтты, бірақ іс жүзінде олай емес. Кабулдағы таныстарыммен жиі хабарласып тұрамын. Мәселен, кеше ғана бір педагог құрбымды университетке әйел болғаны үшін кіргізбегенін, ал журналист құрбыма жұмыс істеуіне рұқсат бермегенін естідім.

Университет, банк сияқты мекемелер ашылды, бірақ толық жұмыс істемейді. Тәліптер адамдарға үлкен сомада қаражат алуға да тыйым салып отыр. Әуежай жабық. Ешкімге шетелге шығуға болмайды. Тәліптер саясатын нақты орнықтырып алғаннан кейін шекараны ашатынын, шетелге баруға рұқсат беретінін айтты.

Тәліптерге батыл қарсы шығушылар бар. Соның бірі — Ахмад Шах Масуд. Ол Ауғанстанның кей облысында халықты тәліптерге қарсы шығуға шақырып, шетелден қолдау сұрап, қарсы көтеріліс ұйымдастырып жатыр. Дегенмен тәліптер митингіге шығуға болмайтынын айтып, адамдарды қорқытып, басып жатыр.

Тек әйелдер емес, ер адамдар да далаға шығуға сескенеді. Бұрын түнде емін-еркін ойнап күліп жүрген жастар, қазір үйде отыруға тырысады. Себебі тәліптер түнге қарай қару асынып, көше-көшені аралап тексеріп жүреді. Журналистердің сөз бостандығын шектеген. Олар туралы жағымсыз ақпарат жазған журналисті ұрып-соққан.

Тәліптер үкімет құрамында «Талибан» ұйымына кірмейтін адамдар да болады деп мәлімдеген еді, бірақ жаңа үкімет мүшесінің бәрі тәліп екенін білдік. Түсінгеніміз — тәліптердің сөзі басқа, ісі басқа.

Ауғанстан, ауған азаматы, ауғанстандық студент
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қарындасым оқуға бара алмай отыр»

Отбасым Кабулда тұрады. Ауғанстанды тәліптер басып алмас бұрын мен оқу бойынша Қазақстанға, әкем кәсібімен Өзбекстанға кетіп қалған едік. Кабулда анам, інім және қарындасым қалды. Анам жұмыс істемейді, бірақ бұрын көшеге емін-еркін шығып, басқалармен араласып жүретін. Қазір шұғыл, қажет жағдайда ғана сыртқа ініммен бірге шығады. Азық-түлік алуға дүкенге көбіне інім барып жүр.

Қарындасым медицина университетінде 3-курста оқиды. Ауғанстандағы жоғары оқу орындарында сабақ наурызда басталады. Күзде олар емтихан тапсыруы керек, бірақ бұрынғы Үкімет құлаған соң оқу тоқтап қалған. Қазір университет ашылса да, қарындасыма оқуға мүмкіндік бермей отыр. Уақыт өтіп жатыр, ал қарындасым үйде.

Әкем бұрын Ауғанстан министрлігінде беделді қызмет атқарды. Қазір кәсіппен айналысады. Қазір Өзбекстанда дедім ғой, енді елге мүлдем оралмайтын болды. Себебі әкем бұрынғы Үкіметтің бір мүшесі болғандықтан тәліптер үшін ол «қас жау» сияқты. Оны өлтіруі мүмкін.

Отбасымыздың асыраушылары сыртта қалып қалған соң барынша олармен байланыста болуға тырысамыз. Әкем отбасыма ақша жіберіп тұрады. Мен де осыған дейін шәкіртақымды Кабулдағы таныстарым арқылы ініме беріп жіберетінмін.

Ауғанстан, ауған азаматы, ауғанстандық студент
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазақстандағы ауған студенттер көмекке мұқтажбыз»

Қазақстанда оқып жатқан ауған көп. Алматының өзінде 200-300 студент бар шығар. Қазір болашағымыз бұлыңғыр. Біздің мақсатымыз Қазақстаннан білім алып, тәжірибе алмасып, кейін елге қайтып Ауғанстанда өз саламыз бойынша қызмет ету еді. Үкіметке тәліптер келгелі не істерімізді білмейміз.

Қазір магистратураға өтініш жібердім, бірақ оқуға түсу-түспеуім белгісіз. Егер оқуға түспей қалсам, қайда барамын, не істеймін? Студенттер елге қайтсақ, тәліптер бізді «дінсіз болып кеткендер» деп айыптап, өлтіріп жібере ме деп қорқамыз. Себебі бұған дейін шетелден оқып келген студенттер тәліптердің қолынан қаза тапты.

Қазір біз көмекке мұқтажбыз. Қазақстандағы Ауғанстан елшілігімен байланыса алмаймыз. Себебі қазір онда кім отырғанын білмейміз. Жағдай ушыққаннан бастап Қазақстаннан көмек сұрадық. Мысалы, бір айдан соң визамның мерзімі бітеді. Қуанышымызға орай, Қазақстан визамызды бір жылға ұзартуға рұқсат беретінін айтты. Тек ол үшін 89 мың теңге төлеуіміз қажет.

Қазақстанның бұл жақсылығына алғысымыз шексіз. Дегенмен біздің жағдайымыз әлі де қиын. Ауғанстандық кей студенттің тіпті сол 89 мың теңгені төлеуге шамасы жоқ. Ауғанстандағы жағдайды білесіздер. Ондағы отбасымызға біз көмектеспесек, олардың бізге қолдау беретін мүмкіндігі болмай тұр.

Негізі бізге көмектің қай түрін берсе де, қуанамыз. Біз Қазақстан министрлігіне отбасымызды алып келу туралы өтініш жазып көрдік, бірақ қазір Қазақстан Ауғанстаннан босқындарды кіргізу туралы нақты шешім қабылдамағанын жеткізді. Десе де біз көмектің кез келген түріне ашықпыз. Оқуға грант берсе, жатақханада тұрып, оқуымызды жалғастырғымыз келеді. Болмаса, пәтер, жұмыс тауып берсе, еңбек етіп жан бағуға дайынбыз.

Қазақстанда төрт жыл оқыдым. Адамдардың өзіме деген теріс көзқарасын байқаған емес. Айтарым — Қазақстанда жүрген ауған студенттері білімді, жақсы азаматтар. Олардың тәліптермен еш қатысы жоқ. Керісінше, біздің де жүрегіміз қарс айырылып отыр.

Ауғанстан, ауған азаматы, ауғанстандық студент
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ауғанстан болашағы

1996-2001 жылы тәліптер билеген кезде мен кішкентай едім. Ол уақыттағы жағдай есімде қалмапты, бірақ әкем ел экономикасы құлдырап, ақша біткенін айтты. Адамдарда тіпті тамақ алуға қаражат болмай, аш қалған. Ал қазіргі жаңа тәліптердің мақсатын, саясатын білмейміз. Егер бұқаралық ақпарат құралдарына жария етіп айтып жатқандай шынымен әйел құқығын шектемей, халыққа мүмкіндік берсе, ел жағдайы қалыпқа келеді. Тек сөзбен айтылып, іс жүсінде қорқыту жалғасса, Ауғанстанның болашағы бұлыңғыр деп ойлаймын. Ондай болса, мен елге мүлдем оралмайтын шығармын.